Қоғам

Басқармаға жаңа басшыны таныстырды

Басқармаға жаңа басшыны таныстырды


Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ облыстық жер қатынастары басқармасы ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Бұл қызметке бұрын Өскемен қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары болған Виктория Барсукова тағайындалды.

Виктория Александровна Барсукова Өскемен қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Өскемен жол-құрылыс институтын инженер-қала құрылысшысы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Лениногор полиметалл комбинаты» АҚ-да техник-құрылысшы болып бастаған. 1997 жылдан 2000 жылға дейін Өскемен қалалық жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі комитеті жер инспекциясының бас маманы болып жұмыс істеді. Одан соң 2005 жылға дейін Өскемен қалалық жер ресурстарын басқару бойынша комитеттің басшысы болды. 2005 жылдан 2007 жылға дейін Өскемен қалалық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті. 2007 жылдан 2010 жылға дейін квазимемлекеттік және жекеменшік секторларда қызмет атқарды. 2010 жылдан бері Өскемен қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары болды.

Виктория Барсукованы басқарма ұжымына таныстырған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мемлекеттік органдар басшыларын тағайындау кезінде гендерлік теңдік ұстанымы сақталып отырғанын атап көрсетті. Виктория Барсукова – облыстық басқармаға басшы болып тағайындалған төртінші нәзік жанды. Бүгінде қаржы, білім, сонымен қатар еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларын әйел адамдар басқарып келеді.
– Виктория Александровнаның осы саладағы тәжірибесі өте мол. Сол себептен мен оның бұл қызметті абыроймен атқаратынына сенемін және жаңа қызметінде табыс тілеймін! – деді облыс әкімі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button