Қоғам

Бас жүлдені жеңіп алды

Берікхан ТАЙЖІГІТ

      Жоғарғы Егінсу ауылынан түлеп ұшқан жерлесіміз Мұратхан Диас таяуда жерлестерін бір қуантты.

Ол Алматыда  қала күніне байланысты өткен Жәнібек Кәрменов атындағы  дәстүрлі әншілердің республикалық тұңғыш байқауына қатысып, бас жүлде – автокөлікке ие болды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Мұратхан Диастың бұл жеңісі Үржар әншілер мектебінің қалыптасқандығының бір айғағы десе болады. Қазылардың бірауыз шешімімен гран-приді жеңіп алған Мұратхан Диасты Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов құттықтап, оған қиыншылығы мен қызығы мол өнер әлемінде тек сәттілік тіледі.

Мұратхан Диас болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаз. Ол мектеп қабырғасында жүріп, Үржар ауылындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы музыка мектебін Қанымхан Ахмадиевадан бітірді. Кейін эстрада-цирк колледжін Талғат Әбуғазының, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын Рамазан Стамғазиевтың класында тәмамдаған.

–Менің осынау жеңісіме қуанып жатқан барша жерлестеріме алғыс айтамын, – дейді ол. – Бұл ең алдымен ата-анам Руслан мен Майраның, марқұм атам Мұратхан Мұстафиннің және әжем Сәлиманың, сосын музыка саласының мамандары-ұстаздарымның арқасы деуіме болады.

Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов: «Қазақтың ұлттық өнерін дамытып, жаңғыртып келе жатқан жерлесімізді шын жүректен жеңімпаз болуымен құттықтаймын. Диас бауырымызға зор денсаулық, отбасына амандық және шығармашылық табыстар тілеймін!», – деді.

Берікхан Тайжігіт, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button