Қоғам

Бас жүлдені омбылық хоккейшілер иеленді

Өскемендегі Спорт сарайында 1997-1998 жылдары туған жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден Борис Александров атындағы IV халықаралық турнир мәресіне жетті.Бас жүлдені омбылық хоккейшілер иеленді

Бұл турнирде Новосібірдің «Сібір», Барнаулдың «Алтай», Омбының «Омские ястребы» командаларымен қатар, Қазақстанның атынан «Ертіс» (Павлодар), «Юность» (Қарағанды) және «Торпедо» (Өскемен) хоккейшілері сынға түсті.

Бес күнге созылған турнир қорытындысында бас жүлдеге Омбыдан келген «Омские ястребы» командасы ие болды. Шешуші кездесуде Ресейден келген жас хоккейшілер 7:0 есебімен өскемендік «Торпедо» командасын ойсырата жеңді. Жеңімпаздарға турнирдің кубогі, сонымен қатар, алтын медальдар мен дипломдар табыс етілді. Екінші орынға тұрақтаған «Торпедо» командасының хоккейшілері де, соңғы кездесудегі нәтижесін назарға алмасақ, тәп-тәуір ойын өрнегін көрсеткенін айта кету керек. Өскемендіктер мүмкін болған 15 ұпайдың 12-сіне қол жеткізіп, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Ал үшінші жүлделі орынға Новосібірдің «Сібір» командасы көтерілді.

Сондай-ақ, бірнеше аталым бойынша үздік шыққан ойыншыларға да арнайы сыйлықтар табысталған-ды. Бір қуантарлығы, олардың ішінде біздің жерлесіміз Алтынбек Қуанышев те бар.

Ұйымдастырушы комитеттің шешімі бойынша тағы бір кубок Борис Александровтың отбасы мүшелеріне тарту етілді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button