Бас жүлде батыр атындағы мектепке бұйырды
Бұрындары балаларға берілетін батаның үлкені «Айналайын, мұғалім бол!» болатын. Себебі ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы адам деп есептелетін. Мұғалім деген кім? Ол- психолог, ол – ғалым, ол – тәрбиеші. Жуықта аудандық мәдениет үйінде «Өнегелі өмірдің бастауы -ұстаздар» атты байқау өтті.
Ғибратты шараға аудандағы 51 мектеп түгел қатысты. Шара барысында білім ордаларының ұжымдары өздерінің кәсіби біліктілігін, білім беру саласындағы жеткен жетістіктерін, мекеме басқарудағы ерекшеліктерін көрсетіп, баяндауды, басқаларға үлгі етуді мақсат еткен екен. Шынын айту керек, байқауға қатысушылардың шама-шарқынша тиянақты дайындалыпты.
Әрбір мектептің қызметін бағалау барысында білім ошағын басқару стратегиясының қалай жүзеге асуы, жаңартылған білім беруде мектептің даму мониторингі, сапасы мен нәтижесі, «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары, сондай-ақ мектептің материалдық-техникалық жағдайын нығайту мақсатында әрі «Туған мектеп» жобасының іске асуы, педагогикалық кадрлардың кәсіби деңгейі, балаларды әлеуметтік қорғау мен тағы басқа бағыттар ерекше ескерілді.
Байқаудың бірінші күні жиырма екі мектеп қатысты. Сайысқа барынша дайындалған білім ошақтарының ішінен Кішкенетау орта мектебі оза шауып бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды Жанай және Қайыңды орта мектептері иеленді. Білім мекемелері оқушыларға білім берудегі өздерінің жетістіктерін, мектепті басқару әдістері, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды қалай жүзеге асырып жатқандығын айтарлықтай аша білді. Келесі күнгі шараға ауданның толық кешенді отыздан аса орта мектебі қатысып, байқаудың мәнді өтуіне барын салды. Байқау өте қызықты әрі тартысты болды.
Ұйымдастырылған шарадан мектептердің ауыз толтырып айта кетерлік нақты істерін көрдік. Сонымен қатар педагог кадрлардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігі де байқалды. Аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасов бастаған қазылар алқасы байқаудың екінші күнгі бас жүлдесін Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепке берді.
Бұл мектеп, шынымен де, қазіргі заманның білім беру саласына қойылып отырған талаптарына толық жауап береді және оны жүйелі түрде іске асырып келеді.
Ал бірінші орынды Абылай хан және І.Жансүгіров атындағы мектептер иеленсе, екінші орынды Абай атындағы, Науалы, Қарабұлақ орта мектептері жеңіп алды. Сонымен қатар «Ізденімпаз мектеп» аталымы бойынша Алтынсарин орта мектебі, «Зерттеуші мектеп» аталымы бойынша Көкөзек мектебі, «Жаңашыл мектеп» аталымы бойынша Көктерек білім ұясы жеңімпаз атанды.
Ауданымызда өткен білім мекемелері арасындағы осынау сайыс әр мектеп ұжымының деңгейін көрсетіп берді. Мұндай байқау өңір мектептерінің өсіп-өркендеуіне, тәжірбие жинауына көп көмегі болары анық.
Бейсенғазы Ұлықбек