Бас жүлде Аяулымға бұйырды

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да сұлулық байқауы өтті. Бұл күні хас сұлулар сынға түскен осынау сайысты тамашалауға жиналған халықтың қарасы мол болды. Тіпті байқауды орындарынан тік тұрып көрген көрермендер де бар арасында.
Бір қуантарлығы сол, биыл бұл байқау өзгеше форматта өтті. Оған аталмыш университет қабырғасында білім алып жатқан қыздар қатысып, өнерлерін көрсетті. Байқау «Таныстыру», «Интеллектуалдық сұрақтарға жауап беру», «Сән шеруі», «Ас әзірлеу» сынды бірнеше бөлімнен тұрды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы сайыстың өтуіне «Казцинк» кәсіпорны демеушілік көрсеткен.
– Жастардың өнері таңдай қақтырды. Өйткені олардың бәрі шетінен өнерлі әрі сұлу, – дейді ұйымдастырушылар.
Байқау барысында бұрымдылар ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгергендерін көрсетіп, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
– Бұл байқауда мен достықтың шегі жоқ екенін, оның ұлтқа, дінге немесе ділге бөлінбейтінін түсіндім. Аз уақыттың ішінде мен көп адамдармен достасып үлгердім. Олардың әрқайсысы дарынды, жан-жақты білімді, – дейді Дана Әмірова.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Аяулым Қуанышеваға бұйырды. Өнері мен сұлулығы үйлескен аруға ешкімнің таласы болмаса керек. Ал бірінші орынды Алтынай Советбекова жеңіп алса, екінші орынды Дана Әмірова иеленді. Үшінші орынға Дана Ахметзәкиева лайық деп танылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.
– Байқауға қатысқан кезде бастысы жеңіс емес, тәжірибе екенін ұқтым. Өйткені мұнда төрешілік ететін қазылар алқасы қатысушылардың дайындығын бірден байқайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, болашақта өзіме қатысты айтылған сынды түзейтін боламын, – дейді Алтынай Советбекова.
Ажар Сағатбекова