Бас сызбада аймақтың даму бағыттары көрініс табады
Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасының негізгі ережелерінің жобасын талқылау және келісу мақсатымен Өңірлік даму министрлігі мен «Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалының өкілдерінен құралған арнайы топ облыс орталығында аталмыш мәселеге орай тиісті сала мамандарымен кеңес өткізді.
Селекторлық режимде өткен кеңесті облыс Әкімінің орынбасары Ерлан Текешов жүргізіп отырды. Өңірлік даму министрлігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің директоры Салауат Дембай еліміздің аумағын ұтымды ұйымдастырудың жүйесі мен ұзақ мерзімді аумақтық дамудың көрінісін қамтыған бас сызбаны қабылдаудың аса маңыздылығына тоқталса, «Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев ел аумағын ұйымдастырудың бас сызбасы 2010 жылдан бастап 2013 жылдар аралығында «Қазақстан – 2030» стратегиясына, болжамды сызбаға, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, 2030 жылға дейінгі жобалаудың есептік мерзіміне сәйкес әзірленіп жатқанын атады.
Тұрлыбек Мұсабаевтың келтірген деректеріне сүйенер болсақ, 2010 жылы бас сызбаны әзірлеудің тұжырымдамасы әзірленіп, мақұлданған. 2011 жылы материалдарды жинау, өндіргіш күштерді дамыту, халықты қоныстандыру, әлеуметтік, инженерлік-көліктік және рекреациондық инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарын талдау және бағалау бойынша жұмыстар жүргізілген.
2012 жылдан бастап Қазақстанның аумақтарын ұйымдастырудың барлық бағыттары бойынша жобалық ұсыныстар мен жобалық шешімдерді әзірлеу жүргізілуде, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және жергілікті әкімдіктермен келісімдер жасалуда. Атап айтарлығы, биыл бұл жұмыстар аяқталып, Үкімет қаулысымен бекітілмек.
Бас сызбаны әзірлеудің бірінші кезеңі 25-30 жылға жоспарланған. Екінші кезеңде (есептік мерзімі 15-20 жыл) мемлекеттің аумақтық дамуының негізгі қағидаттары мен бағыттары анықталмақ.
Жиында қойылған сауалдар да аз болмады. Мәселен, Зайсан аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Салауат Алпысбаев ауданда табылған мұнай мен газдың, сланецтің кен орындары, «Омбы – Майқапшағай» халықаралық маңыздағы жолы жаңа бас сызбада лайықты көрсетілсе десе, облыс Әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы В.Лопаткин топ мүшелері тек өңірлерден мәлімет алумен шектелмей, сол өңірлерге пайдасы болар игілікті дүниелерді де ойластырса деген ойын білдірді. Сәулетшілер одағы облыстық филиалының өкілі Николай Реутов тарихи-мәдени ескерткіштер де назардан тыс қалмаса екен деген тілегін айтты.
Облыс Әкімінің орынбасары Ерлан Текешов бас сызбаны әзірлеумен шұғылданып жатқан топпен бірлесе жұмыс істеуге облыс әкімдігі әрқашан әзір екендігін айтып, жиында көтерілген мәселелер ескерілсе деген тілегін білдірді.