Бас имам вакцина салдырды

Ораза кезінде коронавирусқа қарсы екпе салдыруға бола ма? – деген сауал көпшілікті ойландырып тастағаны рас. Дүйім жұрттың сауалына дін өкілдері ғылыми негізге сүйене отырып жауап беріп жатты. Тіпті, 8 сәуір күні Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырып, вакцина алуға бастамашылық көрсетті.
Алғашқы лекте вакцина салдырған бас имам екпенің оразаны бұзбайтынын мәлім етті. Дінде дәрумендер мен қоректік қасиеті бар инъекцияларды қоспағанда емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат етілгенін айтты.
Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Турдиев облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамымен 13 сәуір күні кездесіп, өлкеміздегі пандемия жағдайын тілге тиек етті. Кездесу барысында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен мешіт өкілдері өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Меморандум КВИ профилактикасын жетілдіру бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізу және күшейту үшін мешіттің мүмкіндіктері мен ресурстарын барынша пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ халықты вакцинациялау бойынша қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу мақсатында коммуникацияны жақсарту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, – деді Қанат Турдиев.
Қанат Тұрдиевтың айтуынша қазіргі таңда 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану деңгейі 1713,2 адамға жеткен. Сонымен қатар облыстың бас санитары қаулыда көрсетілген діни нысандар оның ішінде мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогаларға қойылған талаптарға тоқталды.
Қос тарап меморандумға қол қоя отырып, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды, халықты вакцинациялау туралы түсіндіру жұмыстарын ықпалдаса атқаруға уағдаласты.
Өз кезегінде бас имам мешітте халыққа коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу үшін арнайы вакцинация бөлмесін ашуды ұсынды. Игілікті бастама қолдау тапса, екпе салу жұмысына жеңілдік әкелері сөзсіз.
Алтай Ғали-Асқар