Қоғам

Бас дәрігерлер сүзгіден өтеді

Бас дәрігерлер сүзгіден өтеді


Аймақтағы ауруханалар мереке және демалыс күндері де науқастарға толық медициналық қызмет көрсететін болады. Осы істі жолға қою үшін алдағы Наурыз мейрамында облыс әкімдігі тарапынан рейдтер жүргізілуі мүмкін.

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ салаға жауапты орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасына осындай тапсырма берді. Мереке күндері науқастардың қараусыз қалғанын облыс әкімі өз көзімен көрген.

-Жаңа жыл қарсаңындағы демалыстарда бес күн бойы қараусыз қалған науқастардың үстінен түстік. Бас дәрігерден себебін сұрағанымызда, қызметкерлерінің бәрі демалыста екенін айтып ақталды. Дәл осындай жағдай сегізінші наурыз күні де қайталанды. Мекемеден кезекші дәрігерден басқа бірде-бір маманды таппадық. Ал егер науқас мейрам алдында отадан шыққан болса, оған жеке күтім қажет емес пе? Мұндай салғырттық арқылы медицина мамандары Гиппократ алдындағы антынан аттап қана қоймай, Конституцияның 29-бабын да бұзып отыр, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Аталмыш бапта Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар делінген. Бұдан бөлек, мереке және демалыс күндері де науқастарды толықтай медициналық қызметпен қамту туралы министрліктің бұйрығы қолданысқа енген.

Дәрігерлердің жауапкершілігі сөз болған облыс әкімдігінің мәжілісінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық қамтылу деңгейі де талқыға түсті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинова медициналық мекемелердегі қондырғылардың 42 пайызын заманауи түрлерімен ауыстыру қажеттігін айтады. Ана өлімі, бала өлімі, онкологиялық аурулар, қан айналым дерті бойынша біздің облыс республикалық орта көрсеткіштен жоғары тұр. Мұндай жағымсыз тенденция соңғы бес жылдан бері үздіксіз жалғасуда. Мысалы, нәрестенің шетінеуі республикалық көрсеткіште мың балаға 8,6 деңгейінде болса, бізде бұл сан 9,34-ке тең. Басқарма басшысы бұл жердегі басты мәселе медицина мамандарының біліктілігіне тіреліп тұрғанын атады. Сала мамандарын үш кезеңдік жүйеде кешенді түрде оқыту бағдарламасы биыл да жалғасып, 715 қызметкер Семей медициналық университетінің базасында облыстың білікті мамандары мен профессорларынан дәріс алады. Екінші кезең бойынша тағы 150 маман аталмыш университет қабырғасында еліміздің үздік дәрігерлері мен ғалымдарынан шеберлік-сағаттарын қабылдайды. Ал үшінші кезең бойынша басшылық қызметтегі 63 маман шетелде біліктілігін арттырмақ. Оның 51-і жұмыстан босатыла отырып, алдын ала ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Бұл мақсатқа 1,23 млрд. теңге жұмсалмақ.
Облыс басшысы дәрігерлердің біліктілігімен қоса қызметтік тәртібін нығайту керектігін баса айтты. Ол үшін биылдан бастап ауруханалардың бас дәрігерлерін аттестациялау жүйесі енгізілмек. Осылайша, жер-жердегі аурухана басшылары сүзгіден өтпек.

– Мен шетелден оқып келген мамандармен кездестім. Бәрі бір ауыздан біздегі қондырғылардың халықаралық стандарттардан кем түспейтінін айтып отыр. Демек, мәселе – мамандардың біліктілігінде. Мейрам кезінде науқасты қараусыз қалдыру сияқты жайттар дәрігерлердің моральдық тұрғыда тоқырауға ұшырап жатқанын көрсетеді. Ана мен бала өлімі, онкология және қан айналымы ауруларының саны бойынша республика көлемінде алдыңғы орыннан түспей отыруымыздың бір себебі осы мораль мәселесінде жатуы мүмкін, – деді облыс әкімі.

Жерге салған қаржы желге ұшқан

Жиында өңірдегі гидротехникалық нысандардың қар еру маусымына дайындығы да талқыланды. Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 2014 жылдан бері алты бірдей су шаруашылық нысан қайта жабдықталған. Ал апаттық жағдайдағы жеті нысанды жөндеу үшін қосымша 6,9 млрд. теңге және бөлінген. Осының арқасында бөгендердің маңайындағы елді мекендерді су басу қаупі сейіліп отыр. Қардың суын жазғы аптапта пайдаға жарату үшін бүгінде жеті бірдей қоймада су жинақтау жұмыстары жүруде. Ал кемеріне жеткен бөгендерден суды шлюздер арқылы сыртқа жіберу жұмыстары ұйымдастырылмақ. Барлық гидротехникалық нысандарға тәулік бойы күзет қою да жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы гидротехникалық нысандардың аграрлық мақсатта тиімді пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков айналымдағы 80 мың гектар суармалы жердің 90 пайызы су жаю тәсілімен игерілетінін айтады. Мысалы, Тарбағатай ауданындағы Базар өзені арқылы суарылатын төрт мың гектардан астам алқаптың 900 гектары ғана игерілуде. Ал аталмыш аумақтың суландыру жүйесін жаңғыртуға 2014 жылдан бері ұдайы қаржы бөлініп келген. Соған қарамастан игерілетін 900 гектар жердің түгелге жуығы жайып суарылады.

Облыс бойынша жаңбырлату технологиясымен 7,8 мың гектар, тамшылатып суару технологиясымен 700 гектар алқап қамтылған. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ суармалы алқаптарды қалпына келтіру үшін бөлініп жатқан қыруар қаражаттың қайтарымы болуы үшін жермен жұмыс істей білетін адамдарға мүмкіндік беру керектігін ескертті.

– Бүкіл облыс бойынша тек «Приречное» ЖШС суармалы жердің игілігін дұрыс пайдалануда. Аудандар Бесқарағайдың тәжірибесінен үлгі алсын. Жерді су жайып суару технологиясын бабаларымыз осыдан 10 ғасыр бұрын білген. Оның тиімділігі аз. Мемлекет миллиардтап ақша бөлгеннен кейін су қоймалары мен суландыру жүйесін тиімді пайдалану қажет. Ол үшін жермен жұмыс істей білетін қожалықтарға шағын несие көздерінен, «Даму» қоры арқылы қаржылай қолдау жасау керек. Екі айдың ішінде барлық аудан әкімдері осы мәселе бойынша бағдарлама жасап, оны облыс әкімдігінде қорғайтын болсын, – деді аймақ басшысы.

Жиында Қонысбай Төлеубеков көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы да баяндады. Биыл облыс бойынша 1,3 млн. гектар алқапқа тұқым себілмек. Оның 605 мың гектарына дәнді дақылдар, 298 мыңына көпжылдық шөп, 358,4 мыңына күнбағыс, 21,3 мыңына картоп, 12,3 мыңына көкөніс егу жоспарланған. Егін себуге қажет техниканың 90 пайызы сақадай сай. Жалпы биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға 2,36 млрд. теңге бөлініпті. Атап айтқанда, тұқым шаруашығын дамытуға 503,9 млн. теңге, минералды тыңайтқыштың құнын арзандатуға 1,1 млрд. теңге, гербицидтер құнын арзандатуға 600 млн. теңге, су беру шығынын субсидиялауға 156,3 млн. теңге қарастырылған. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ егіс құрылымын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікжан Жақаевқа әсіресе, күнбағыс алқаптарының көлемін назарда ұстауды тапсырды.

Түлектердің төрттен бірі Ресейге кетіп жатыр

Білім саласындағы түлектерді аттестациялауға қатысты реформалық өзгерістердің облыста қалай жүзеге асатынын басқарма басшысы Айжан Садықова баяндады. Араға 13 жыл салып бірыңғай тестілеу мен мектеп бітіру емтихандары қайтадан ажыратылып отыр. Яғни, мектеп түлегінің аттестатын алу үшін оқушылар бес түрлі емтихан тапсыруы тиіс. Оның біріншісі ана тілінен жазбаша эссе жазуға бағытталған. Екінші кезеңде түлектер алгебра және талдау негіздері бойынша жазбаша бақылау тапсырады. Үшінші кезеңде Қазақстан тарихынан ауызша емтиханнан өтсе, төртінші кезеңде қазақ тілді мектептерде орыс тілінен, орыс тілді мектептерде қазақ тілінен тестілеу жүргізіледі.

Бесінші кезеңде оқушы өзі таңдаған пәні бойынша тест тапсырады. Таңдау пәні ретінде физика, химия, биология, география, геометрия, жалпы тарих, әдебиет, шет тілі, информатика ұсынылады. Қазіргі болжам бойынша биыл 9077 түлек мектеп бітірмек. Соның 8966-сы қорытынды аттестациялауға қатысса, 111 түлек денсаулығына байланысты бітіру емтихандарынан босатылған. Түлектердің 68,4 пайызы мемлекеттік тілде емтихан тапсыруға ниет танытыпты. Биыл «Алтын белгі» мектеп директорларының бұйрығымен берілмек. Әйтсе де, бұл тізімді министрлік тікелей қадағалайтын болады. Облыс бойынша 536 түлек «Алтын белгіге» үміткер ретінде тіркеліпті.

– Таңдау пәндерінің ішінде биология (35,9 пайыз), физика (26,5 пайыз) және география (16,2 пайыз) көш бастап тұр. Бұл түлектердің техникалық мамандықтарға бет бұрғанын көрсетеді, – дейді Айжан Садықова.

Басқарма басшысы жыл сайын түлектердің төрттен бірі Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтынын мәселе етіп көтерді. Риддер, Өскемен, Семей қалалары мен Шемонайха, Зырян аудандары бұл мәселені әзірге өздігінен шеше алар емес. Сол себепті де облыс тарапынан Үкіметке жергілікті бюджеттен бөлінетін грант санын көбейту, кейбір мамандықтар бойынша ҰБТ нәтижесінсіз оқуға қабылдау сынды тетіктерді жолға қою бойынша ұсыныстар көтерілген.
Облыс басшысы бұл тенденция елеулі шығын әкелетінін атады.

– Түлектерге ие болмау дегеніміз 11 жыл бойы басқа мемлекеттің шығынын өтеумен тең. Менің білуімше, Ресейдің Томск қаласына кететін түлектердің көбі атом өнеркәсібіне қатысты мамандықтар үшін қоныс аударады. Ал ол қалада бірде бір атомдық кәсіпорын жоқ. Біздің облыста ондай кәсіпорындар болғанымен, оқыту желісі тар. Сондықтан Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға атомдық өнеркәсіп кафедрасын құруды тапсырдым. Бұл саланың мамандарын даярлауға қажет база бізде жеткілікті, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button