Қолжетімді бас дәрігер
Бұдан былай өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері тұрғындардың сауалдарына WhatsApp желісінде жауап береді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гүлмира Сағидуллина бас дәрігерлерді өңір жұртшылығымен диалог құруда тиімді құралдарды пайдалануға шақырды.
-Пациенттерде өз сауалдарын бас дәрігерге тікелей жолдауға мүмкіндік болуы тиіс. Қазіргі уақытта тез, жедел түрде қажетті ақпаратты алуға көптеген қолжетімді және қарапайым құралдар бар. Мәселен, осы ретте WhatsApp-ты пайдаланыңыздар, жылдам, шынайы ақпарат алу медициналық қызметті пайдаланушы үшін аса маңызды екендігін естен шығармаңыздар, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Қазір облыстың ондаған медициналық ұйымдарының бас дәрігерлері WhatsApp нөмірі арқылы «Қолжетімді бас дәрігер» функциясын іске қосып үлгерді. Аталмыш функция бойынша толығырақ ақпарат және постерлер әр медициналық ұйымның ресми сайттарында және бас дәрігерлердің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында жүктелген.
Айта керу керек, бұл тәжірибені Гүлмира Габдулқызы облыстық мамандандырылған хирургия және онкология орталығын басқарған кезде өз жұмысында қолданған еді. Пациентке бағытталған қызмет деген осы болады.
Сонымен қатар басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің жұмысындағы тағы бір маңызды жайт туралы сөз қозғады.
-Өз қызметкерлеріңіздің коммуникативті білімдерін жетілдіру бағытында оқыту жұмыстарын қолға алуларыңыз өте маңызды. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде біздің тұрғындармен, пациенттеріңізбен сапалы екі жақты қарым-қатынас орнатуға жағымды әсері болатыны сөзсіз, — деп нақтылады Гүлмира Сағидуллина.
Айна Ескенқызы