Қоғам

Бас қаланы бірге тұрғызып жатырмыз

Бас қаланы бірге тұрғызып жатырмыз


Ел жүрегі Астананың ажарын арттырып жатқан құрылыстар мен сәулет нысандарына пайдаланылып отырған материалдардың көпшілігі – шығысқазақстандық кәсіпорындардың өнімдері. Бүгінгі күні облыстағы «Кэмонт», «Өскемен арматура зауыты», «Имсталькон» сияқты 20-дан астам шағын кәсіпорын өз өнімдерін Астана қаласының құрылыстарына жеткізіп жатыр.

Алтайдан Атырауға дейінгі аймақты сапалы цементімен қамтамасыз етіп келе жатқан Бұқтырма цемент компаниясының өнімдері Астана құрылыстарының алғашқы кірпіші қалана бастағаннан бері пайдаланылып келеді. Биылғы жылдың өзінде Бұқтырмадағы бұл өндірістен Астанаға әртүрлі маркілі 118 мың тонна жоғары сапалы цемент жөнелтілді.

Ағымдағы жылы Бұқтырма цемент компаниясы Астанадағы құрылыс кәсіпорындарына 300 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отыр. Бетон өндіруші астаналық «Астанастройконструкция» серіктестігі біздің цементті сатып алуға орай компаниямен ұзақ мерзімді келісімге отырған.

Бұқтырма цементінің үлкен сұранысқа ие болып отыруының басты себебі әрине, сапасының жоғарылығында. Сыртқы ортаның түрлі әсерлеріне, қатаң табиғат жағдайына шыдас бере алатындай етіліп өндіріліп жатқан цементтің жаңа маркілері халықаралық стандарт талаптарына сай. Шаһардағы құрылыс алаңдарына бетон өнімдерін жеткізіп отырған «Астанастройконструкция» серіктестігі өз материалдарын Шығыстағы осындай сапалы шикізаттан жасап шығаруда. Бұқтырма цемент компаниясы басшыларының айтуынша, мұнда енді төменгі температура жағдайында да қолдануға, пайдалануға болатындай аязға төзімді цемент маркілері шығарылмақ.

Бетонға айналатын, құрылыс материалы болып қаланатын цемент мәңгі, мінсіз қызмет етуі үшін сынақ зертханасының бірнеше сатылы зерттеу, тексерулерінен өтеді. Бұқтырма цемент зауытының өндірістік технологиясымен бірге зертханасы да сараптау жүргізіп, сынақтан өткізетін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тұтынушылардың үлкен сұранысын тудырып жатқан «400», «500» маркілі цемент түрлері, өзге де маркілер физикалық-механикалық сынақ зертханасынан бастап вагонға тиелгенге дейінгі кезеңде барлық тексерулерден өткізіледі.

Бұқтырма цемент зауыты болашақта астаналық құрылыс компанияларын тек шикізатпен емес, жаңа мамандық иелерімен – өнеркәсіптік механиктермен де қамти алатын болады. Осы кәсіпорынға келген инвестор, германиялық «Хайдельберг цемент» компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатқан дуальді оқыту жүйесі бойынша кәсіптік білім алып жатқан Өскемендегі құрылыс колледжі студенттері осы зауытта оқу-өндірістік тәжірибеден өткізіліп жатыр.

– Өнеркәсіптік-механик мамандығы бұрын елімізде ешқайда даярланбайтын. Мұндай мамандар цемент зауытының өзіне де аса қажет. Қазіргі жаңа экономикалық құрылым, индустриялық-инновациялық даму кезеңінде осы кәсіптік -техникалық мамандық түріне деген сұраныс жылдан-жылға артып барады. Олар тек Астанаға ғана емес, бүкіл еліміздің өңірлеріне қажет. Елімізде бұл мамандық ең алғаш рет біздің облыста даярланып жатыр. Біз астаналықтардың ең таңдаулы тағамына айналып отырған өзіміздің брендіміз – «Алтай» балымен де мақтанамыз. «Пасека» шаруа қожалығының экспортқа шығарылып жатқан сапалы балы Астанада да күнделікті сатылып жатыр. Шаруашылықтың онда арнайы сауда орындары бар. Астана жұрты дастарқанынан табылып жатқан сүт, ет өнімдеріміз де аз емес, – дейді облыс кәсіпкерлері палатасының бөлім басшысы Роза Бисекенова.

Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button