Бас қаланың бас жоспары қалай жасалды?

Қазақстан – ТМД елдері отарларының ішінде астанасын ауыстырған жалғыз мемлекет. Өзгелер шатқаяқтап кеткен экономиканы тұрғыза алмай жатқанда, жаңа астана тұрғызу ерлік еді. Ашығын айту керек, ол тұста біздің экономика да шала-жансар болатын. Алпауыт инвесторлардың қазақ мұнайына деген сұранысы, Елбасының саяси жігері сол уақытша қиындықтарға көз жұма қарауға түрткі болды.
Еңбек миграциясы
Көп өтпей-ақ Ақмоладағы құрылыс ауылдардағы жаппай жұмыссыздық мәселесін шешуші құбылысқа айналды. Жаңа астананың құрылысына адамы қатыспаған ауыл Қазақстан көлемінде кемде-кем шығар. Ел арасында «Бәленшенің баласы Ақмоладағы құрылыста жұмыс істеп, әкесіне көлік әперіпті» деген сияқты әңгімелер «жұрттың баласы» сериясымен жиі айтылатын. Бұл кез қазіргі Астананың іргесі қаланған жылдар болатын.
Астана құрылысы елдегі сәулет өнеріне тәуелсіздік сыйлады. Сәнінен сұсы басым, жоспарлы экономиканың табы есіп тұратын советтік архитектура архаизмге айналуы тиіс-тұғын. Солай болды да. Еліміздегі өзге қалалар да бұрынғыдай Қызыл алаңға емес, Есіл жағасына қарап бой түзей бастады. Кейін бұл үрдісті Түркіменстан мен Тәжікстан іліп әкеткен. Астана сәулетінің еркіндігіне, құлашының кеңдігіне кеше ғана одақтас болған елдердің бас қалалары қызыға қарайтын болды. Жаңа дәуірді көне астаналар «таңбалы құрылыстармен» қарсы алып жатқан. Себебі, Мәскеу, Минск сияқты қалалардың іргесін кеңейтуге мүмкіндігі жоқ-тын. Еркін стильді ғимараттар кеңестік жүйеден қалған құрылыстардың арасына сыналап енді. Кең көсілуге аясы әлдеқашан тарылып біткен бас жоспар мүмкіндік бермейтін. Ал Ақмоланы қалай кеңейтсең де, өз еркің.
Есіл үшін егес
Жаңа астананың бас жоспарын қалаған – жапон сәулетшісі Кисё Курокава. Әуелі отандық сәулетшілер арасында конкурс жарияланып, үздіктері Президенттің назарына ұсынылған. Оның бәрі Елбасының талғамынан өтпегендіктен, халықаралық деңгейде байқау жарияланады. Сәулет тарихына метаболизм ұғымын енгізген Кисё Курокаваның жобасы сол конкурста үздік деп танылған-ды. Құрылыс табиғи өзгерістермен үндестікте даму керек деп есептейтін сәулетші қазақстандық архитекторлардың жұмысын етіп сынапты.
-Біздің сәулетшілер қаланың бас жоспарына таза эстетикалық, композициялық тұрғыдан келді. Есілдің арнасы олар үшін композициялық өзек еді. Өзеннің екі ернеуіне сәнді ғимараттар мінгесе бой түзеуі керек деп есептедік. Екі жағалауды Есілдің бойынан салынатын айқыш-ұйқыш көпірлер жалғап жататын. Курокава ол жоспарға түбегейлі қарсы болды.
«Не істемексіңдер? Есіл шағын өзен болғанымен, осы өңірдің қантамыры. Оған құрылысты төндіріп салсаңдар, 2-3 жылдың ішінде өзен өлі суға айналады», – деген сөздер айтты. Елбасы Курокаваның пікіріне құлақ асты, – дейді Астананың негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның құрметті сәулетшісі Аманжол Чиканаев.

Астананы жобалауға Кисё Курокава екі жылын жұмсайды. 2001 жылы ол ұсынған бас жоспарды Мемлекет басшысы бекітіп берді. Аманжол Чиканаев К.Курокаваның жобасында нақты сызбалардан гөрі философиялық ізденістер басым болғанын айтады.
-Ол Астананың сәулеті нақты жоспарға байланып қалғанын қаламады. Уақыт пен табиғаттың өзгеруіне қарай, қала да құбылып отыру керек деп есептеді. Есілдің жағасынан 300 метрге дейін құрылыс салуға болмайтын. Ол аумақ тек жасыл желекпен, көмкерілуі тиіс болды. Кейін Есілдің екі қапталына да ел қона бастады, өйткені инвесторлардың тілін табу керек еді. Бұл кезде Кисё Курокава Қазақстанға келуін сиреткен болатын, – деп еске алады А.Чиканаев.
Сол тұстан бері Астананың аумағына 45 мың гектар ағаш егіліпті. Қаланы жаздың ыстық желі мен қыстың үскірігінен қорғау үшін «жасыл белдеулер» бой көтерді. Мұндай микроклимат Астанада флора мен фаунаның қалыптасуына түрткі болды. Осы өзгерістердің түпкі бастауында Кисё Курокаваның «симбиозды сәулет» ұстанымы жатыр.
Курокава да қателесіпті
Астананы өзінің соңғы ірі жобасы деп санаған жапон сәулетшісі қаланың даму динамикасын дәл болжай алмады. Сондықтан ол жасаған бас жоспарға көптеген өзгерістер енді. Бас жоспарда қаланың дамуына, халқының санына байланысты болжамды көрсеткіштер болуы керек-тұғын. Жапониядай дамыған елден келген К.Курокава Ақмоланың сүреңсіз көшелерін көре отырып, оның 20 жылға жетпей-ақ миллионер қалаға айналатынына сенбепті. Шұрқ-тесік көшелерде кеңестік көліктердің ыңыранып бара жатқан көрінісі, жарықтың ойнамалы буындай қайта-қайта өшіп-жануы оның амбицияға толы жоспарына біраз тежеу болған сыңайлы. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Ақмолада 270 мың тұрғын болған. Бұл қарқынмен халық саны 2030 жылда ғана миллионға жетеді деп ойлады жапондық сәулетші. Жол қиылыстары, көшенің кеңдігі, энергетикалық жүктеме, ауызсу қоры, жылыту жүйесі, барлық инфрақұрылым осы болжамға төселуі керек еді. Бір жыл өтпей жатып, бұл есептің қате екендігі айқындала бастады.
Лек-легімен ағылып жатқан мемлекеттік қызметкерлерге баспана табудың өзі мұңға айналды. Сондықтан негізгі күш ең қажет деген нысандар салуға жұмсалды. Өйтпеске қаржының қаттығы мұрсат бермес те еді. Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев өте ұтымды шешім шығарды. Көпқабатты үйлердің бірінші қабаты түгелдей кәсіпкерлерге берілді.
-Астанада Ақмоладан қалған үш мейрамхана бар болатын. Жергілікті халыққа сол жететін. Ал елдің түкпір-түкпірінен ағыла бастаған жастарға бос уақытын өткізетін орындар көптеп қажет болды. Президенттің талабынан кейін бірінші қабаттардың барлығы дүкен мен дәмханаларға, нотариус пен кеңселерге айналды. Сауда жүріп, елдің қалтасына ақша түсе бастады. Сөйтіп, көлік ағыны көбейді. Көшелер тарлық ете бастады. Курокаваның қателескенін осы кезде тағы байқадық, – дейді Аманжол Чиканаев.
Кисё Курокава Астана халқы 2010 жылы 400 мыңға жетеді деп есептепті. Ал 2002 жылы қала тұрғындарының саны 500 мыңнан асып кеткен. Бүгінде тіпті миллионнан асады. Осыдан 16 жыл бұрын Кисё Курокава жасаған бас жоспардан бүгінде тек философиялық мазмұн ғана қалған. Қазіргі болжамдар бойынша 2030 жылға қарай қала халқының саны бір миллион 250 мың адам болуы тиіс. Ол кезде қаланың ауқымы 710 шаршы шақырым болмақ. Салыстыру үшін алсақ, 11 млн. халқы бар Мәскеудің қазіргі ауқымы 1200 шаршы шақырым. Яғни, Астананың дамуы әлі ондаған жылдарға созылмақ.
Есімжан Нақтыбайұлы