Қоғам

Барқытбелдің жәрмеңкесі бай екен

Барқытбелдің жәрмеңкесі бай екен


Өскемендіктер сенбі күні демалуды ұмытқалы қашан. Оған басты «айыпкер» – ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі. Ала таңнан сауда көрігін қыздыратын думанды ортаға ала дорбалы ағайынның бәрі асық.

Әлбетте асығады. Алда ұзын сонар қыс келеді. Азық-түлікпен қамдану керек.

Біріншіден, жәрмеңкедегі ішіп-жем бағасы базардағыдан төмен. Екіншіден, қала тұрғындары экологиялық таза өнімге қол жеткізе алады. Өзге артықшылықтары да жоқ емес.

Бұл жол арзан азық-түлікпен жарылқаушы – Тарбағатай ауданының шаруалары. Жәрмеңке сөрлері әлдеқалай көзге тойымды, әлдеқалай бай көрінді. Жомарт күздің жемісі болар дедік.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бір тонна жылқы еті, бір тонна сиыр еті, екі тонна қой еті сатылымға шығарылған. Мал етінің орташа бағасы 1450-1500. Сиыр еті – өтімділігі ең жоғары өнім болды.

Бұдан бөлек Барқытбелдің жеміс-жидегі мен көкөнісінде қисап жоқ. Бәрі да үлбіреп, бабында тұр. Сүт өнімдерін де тұтынушылар таласа-тармаса алып жатты.

– Біраз қой етін алдым. Соғымға дейін көже қатық қыламыз ғой. Айран-сүтті үнемі аламын. Қолда мал тұрған жоқ дегендей… Ал балалардың ақ тағам ішкені дұрыс қой. Жалпы күз – жәрмеңкенің ең қызықты шағы. Көкөністің пісіп, малдың тойынған уағы. Тарбағатайлықтар осы тұстан ұтты, – дейді қала тұрғыны Мақсат Уайдин.

Аудандар сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, қалалықтардың көңілін көтеруден танбай келеді. Бұл жолы да концерттік бағдарлама қойылды. Әсем әндер әуеледі.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button