Қоғам

Барқытбелді бруцеллез буып тұр

Барқытбелді бруцеллез буып тұр


Тарбағатай ауданында соңғы жылдары ветеринария қызметінің тоқырай бастағаны байқалады. Аудандағы осы салаға жауапты мекеме басшысы ветеринария бөлімінің басшысы Серік Қонысбаевпен ой бөлісіп көрген едік.

Тарбағатай еліміз бойынша ірі қара мал санынан алдыңғы қатардағы аудан саналады. 150 мың бас ірі қара тіркелсе, соның 85 мыңы аналық. Мыңғырған малға ие болу күн сайын қиындап барады. Басты проблема – бруцеллез. Тарбағатай бұл көрсеткіш бойынша да облыста «алдыңғы» қатарда тұр. Тоғыз ауылдық округте сарыпқа байланысты шектеулер қойылған

Оның себептерін тізсек, саусақ жетпеуі мүмкін. Малдан қан алу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Басым бөлігі өрісте қалып қойып, дер кезінде қан алынбағандықтан, ауру уақтылы анықталмайды. Ауданда бруцеллез ауруы тараған жерлерде арнайы мал сою орны болуы керек. Бұл мемлекет тарапынан міндеттелмеген, жеке кәсіпкерлерге жүктелген. Ал олар «өзін-өзі ақтамайтын» іске қаржы салуға құлықсыз. Қазір аудан көлемінде оқшауланған 22 мал сою алаңы бар. Әрине, бұл өте аз.

-Ауданда арнайы вакциналарды сақтайтын тоңазыштыштар бар. Сыйымдылығына байланысты арнайы 38 термошемодан дайын тұр. Бізде көлік мәселесі күрделі. Мәселен, Ақжар мен Ақсуат өңірлеріндегі екі мекемеде 26 қызметтік көлік бар. Қойнауы малға толы таулы ауылдарға қатынау үшін бұл аз, – дейді бас ветеринар.

Шалғай ауылдарда интернеттің жоқтығы да қолды байлап отырған көрінеді.

-Көптеген ауылдық округтерде интернет жүйесі өте нашар. Соның салдарынан көптеген ауылдық округтерден тиісті анықтамалар дер кезінде алынбайды. Қызылкесік ауылдық округінде интернет жүйесінің нашарлығынан жұрт 80 шақырымдағы аудан орталығына сабылып жүр, – дейді Серік Қонысбаев.
Аудандағы ветеринария саласындағы ең басты проблема – маман тапшылығы. Тарбағатай бойынша салаға қызмет көрсетіп отырған 254 маман болса, соның 87-сі жоғары, қалғаны орта және арнайы білім алған. Мал басына шаққанда, Барқытбелге кем дегенде 750 ветеринар маман қажет. Облыстағы білім ордалары осыншама маман даярлауға қауқарлы ма деген сауал туындайды. Қазір ветеринар дипломын алғанымен, түрлі салаға тер төгіп жүрген жастар жетерлік. Яғни, маман жоқ емес, бар. Гәп мынада.

– «Бүгінгі таңда мал дәрігерінің жалақысы күн көрісіне жетпейді. Жаңадан оқу бітірген жас мамандар ауылдық жердегі мал дәрігерінің аянышты жағдайларын көрген соң, келуге құлқы қалмайды. Үкімет мал дәрігерлеріне оң көзбен қарап, жағдайын жасамаса, бара-бара ауылдар мал дәрігерінсіз қалуы мүмкін, – дейді тәжірибелі маман.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button