Барқытбелдің баурайындағы жұрт батырын ұлықтады
Жолбарыс жонды Тарбағатай баурайындағы елдің ұранына айналып, көзден таса, көңілден ұмыт бола бастаған ер Дәулетбай рухы қайта жаңғырды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай артына өшпес із қалдырған өз заманының батыры, сөз ұстаушысы әрі әділ биі Дәулетбай баһадүрге ескерткіш орнату жайы біраз жылдан бері сөз болып жүрген болатын. Ауданның атқа мінер азаматтары мен Тарбағатай аудандық әкімдігі «Дәулетбай» қоғамдық қорының қолдауымен қызыл граниттен жасалған ескерткіш Алматы қаласынан, Талдықорған – Үшарал, Аягөз – Ақсуат, Ақжар бағыты арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 11 түрлі ұлт өкілдерінен құралған мүшелерімен бірге ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында салтанатты шерумен аудан орталығы – Ақсуаттағы орталық алаңға жеткізіліп, аудан жұртшылығының назарына ұсынылды. Салтанатты шеру ары қарай Ақжар ауылына аттанды. Шараның екінші күні Ақжар ауылында батыр бабамыздың жорық жолдары, өмірі туралы сөз етуді мұрат еткен респубикалық ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Шара барысында еліміздің түкпір- түкпірінен жиналған қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, тарихшылар, зерттеушілер батыр жайындағы тұшымды ойларын ортаға салды. Саясаттанушы Ерлан Сайыров ер Дәулетбай бабамыз туралы Қытай мұрағаттарындағы деректерге сүйене отырып, оның аса ірі дипломат, асқан батыр болғанын, заманында елдің ішкі-сыртқы саясатына араласқанын, батыр мұрасының әлі де зерттеуді талап ететінін айтты. Тарбағатай ауданының тумасы, белгілі журналист. Ермұрат Бапи ер Дәулетбайдың ерлік істерінің ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол екенін атап өтті. Соңғы жылдары батыр өмірін зерттеп жүрген белгілі журналист Жұмағазы Игісін Дәулетбай батырға Өскемен қаласының бір көшесін, Тарбағатай ауданындағы Маңырақ ауылын батырдың есімімен атауды ұсынды. Ғылыми конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болған жазушы Нұрдәулет Ақышев нар тұлғалы бабамыздың есімі ұрпақтар жадында мәңгілік қалу үшін Дәулетбайдың рухани мұрасын толықтыру, шет ел мұрағаттарында жатқан құнды жәдігерлерді алдыру, аудан орталығында мұражай ұйымдастыру мәселесін алға тартты.
Ақжарда Ер Дәулетбай баһадүрдің ескерткіші ашылды
Күн санап ажарланып келе жатқан Ақжар ауылының орталығындағы алаңға орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына халық көп жиналды.
Есерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев алдағы уақытта батырды мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның есімін Маңырақ ауылына беру ісі шешімін табатынын айтты. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің кеңесшісі Т.Түсіпбекұлы, бабамыздың ұрпағы З.Тоқтарғазыұлы, Б.Қайсанов, Б.Камалханұлы секылды азаматтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, айтыскер ақын Серік Құсанбаев жырдан шашу шашты. Қазақ елінің ең ауыр кезеңдерінде алты алаштың мызғымас беріктігі үшін жанын пида еткен көзсіз ерлік иесі Дәулетбай батырдың Қабанбай батыр аманат етіп тапсырған ақ туы осы жерде табысталып, халық көптен күткен баба ескерткіші ашылды. Дәл осы күні батырға арнап ас беріліп, қатым түсірілді. Түс ауа ауыл сыртындағы «Бәйге төбеде» аламан бәйге басталып, жиылған жұртшылық тұлпарлардың тұяқ дүбіріне құлақ түрді.
Ақжарлықтар айтысты сағынып қалыпты
Ақжар ауылында Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, сондай-ақ, «Ту ұстап ел қорғаған ер Дәулетбай» ескерткішінің ашылуына орай аламан айтыс өтті.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өңірде өткен айтысқа бір кездері атағы ат үркіткен Абаш Кәкенов, солақай сері Серік Құсанбаев, арынды ақын Ринат Зайытов, тәтті әуенімен ел есінде қалып қойған Құралай Камалиева, соңғы жылдары ел көзіне ерекше екпінімен түсіп жүрген баянөлгейлік Ерлан Дәулетұлы, өскемендік Дарын Нұрсапаров, ақсуаттық Дәурен Сембай, зайсандық Ардабек Ақбаба, айтыстың қарақасқасы атанған Серікқан Жақияновтың ұлы Алпыс Жақиянов, тарбағатайлық Ержан Әділбеков, Нұржанат Сыдықов, Айдын Әбішев сынды 12 ақын қатысты. Айтыс тізгінін Астанадан арнайы шақыртқан Дәулеткерей Кәпұлы ұстады.
Көптен бері айтыс көрмеген ауылдағы ағайындар ақындарды қошеметтеуден кенде қылмады. Айтары бар ақындар шыққанда айғайға айғай қосып, көтермелеп отырды. «Іздегенге сұраған» дегендей айтар сөзден ақындар да тартынған жоқ. Ақсуаттың атынан шыққан Дәурен Сембаймен айтысқан Ринат Зайытов Ақжарда салынған қарттар үйіне дейін тіліне тиек етті. Расында да, басқа-басқа емес, қазақтың қайнаған ортасы саналатын Ақжар ауылында қарттар үйі бар дегенді естігенде келген қонақтардың біразы жағаларын ұстады. Бұлардан кейінгі тартысты айтыс Серік Құсанбаев пен Ерлан Дәулетұлының арасында болды. Арқасы қызған ақындарды қазылар алқасы арқан керіп әрең тоқтатты. Елдік пен ерлікті жырлаған қос ақын мәреге бірге жетті. Аталған екі жұптың төрт ақыны ақтық сынға өтті.
Екінші айналымда Серік Құсанбаев пен Ринат Зайытов айтысты. Айтар ойын астарламай жеткізетін қос ақын ағалық абырой мен інілік ілтипатты сақтап, сыйласа отырып әзіл-қалжыңмен біраз жерге жетті. Нәтижесінде бас жүлдені көптен бері айтыстан көрінбей кеткен Ринат Зайытов иеленді. Бірінші орынды Ерлан Дәулетұлы, екінші орынды әріптесіміз, облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Серік Құсанбаев, үшінші орынды Дәурен Сембай еншіледі. Ақжардың жұрты айтысты сағынғаны сонша, түннің біраз уақытына дейін созылған айтыстың ақтық сөзі айтылғанша тырп етпей тыңдады.
Қадырбек Кәкімұлы,
Мұратхан Кенжеханұлы.
Тарбағатай ауданы