ТОП

Барқытбел баурайы дүбірге бөленді

Иә, үш күн бойы Ақсуат төрінде ұйымдастырылған «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалі ел назарын өзіне аудартты. Бұл елдіктің тойы, ұлттық төл өнердің тойы болып көпшілік қауымның есінде қалды.

Қазақ күресі әлемге насихатталды

– Биылғы  «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалі жаңа бір сипатта, айрықша деңгейде өтті. Себебі, жаңадан Абай облысы құрылып, елдің еңсесі көтерілді. Ұлттың өнері ұлы болмай, өркениеті ұлы бола алмас. Бұл Ақсуат өңірі – әулиелі жер. Ырғызбай Досханаұлы емшіліктің, әулиеліктің жолын салған мекен. Қазақ күресін дүние жүзіне  ұлттық  бренд есебінде көрсетуге талпыныстың айқын үлгісін алақандай ауыл болса да, Ақсуат көрсетіп отыр. Шекара шебінде жатқан елдің әлемдік турнир өткізуі сирек құбылыс. Осы іргелі істің басы-қасында жүрген азаматтарға ел риза, еңбектері жана берсін дегім келеді, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Биыл кезекті мәрте жалауан желбіреткен Ырғызбай Досханаұлы атындағы Гран-При бәсекесі төл спортымызды тек республика деңгейінде ғана емес, әлемдік аренаға әспеттей түсті. Олай дейтініміз, Қазақстаннан бөлек, әлемнің 14 мемлекетінен қатысқан балуандар қазақ күресін кәсіби деңгейде меңгере түскендігін бозкілем төрінде айқындап берді. Ал Ырғызбай Досханаұлы атындағы Гран-При турнирі идеясының авторы –  Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті  Бәделхан Сабуров.

Гүржістан, Польша, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Сербия, Филиппин, Қырғызстан, Моңғолия, Молдавия, Иран, Нидерланды, Эстония, Әзербайжан, Қазақстан мемлекеттерінің оғландары жүлделі орындар үшін бозкілемде атой салды.

Кіл мықтының ішінен іріктеліп, жүлдегерлер анықталды. 70 келідегі белдесуде Моңғолия балуаны Ехтайван Еинхбол, қазақстандық Рауан Алтынбек қола медаль иеленсе, тәжік балуаны Каримзат Навруз күмісті қанжығалады. Гүржістан балуаны Нико Шикоидзе алтынға қол жеткізді.

90 келіде бозкілемге шыққан Молдавия балуаны Марчитон Михаил моңғол спортшысын бес секундта таза түсіріп, үшінші орынға табан тіреді. Екінші қола медаль польшалықтан айласын асырған Қырғызстан балуаны Жамалбек Асылбекұлына бұйырды. Күміс жүлдені Грузия балуаны Паата Гвинашвили еншілесе, қарсылас шақ келтірмеген қазақстандық Әсет Ахметжанов чемпион атанып, ел мерейін тасытты. Өгіз балуан атағы өз елімізде қалды.

90 келіден жоғары салмақта белдескен спортшылар да жарыстың көрігін қыздырды. Кім түйе балуан атанар деген көрермен демін ішіне тартып, әр сәтті қалт жібермей қарап отырды. Иран балуаны Саджади Фархамидриза және қазақстандық Мақсат Исақабылов қола жүлде, Польшадан  келген Коспер Журовский күміс, Грузия елінің намысын қорғаған Георгий Кавкарадзе алтын иеленіп, Түйе балуан атанды. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.

 140 шақырымдық бәйгеде рекорд жаңарды

Келесі күні Барқытбел баурайы тай жарысы, аламан, топ бәйге, 140 шақырымдық сәйгүліктер сайысымен айшықталды. Атсүйер қауым таңғы сағат 4-те Көкпекті ауылы маңынан жіберілген  140 шақырымдық бәйгенің алдын тағатсыздана тосты. Бұрынғысында 100-ден астам ат қатысып келген жарысқа биыл 20 ат қана үкіленіп қосылған. Мұның өзі ұзақ жолға нағыз қазақтың қазанаттары ғана шыдайтынын уақыт дәйектеп бергендей.

Тақымы тастай шабандоздар қарасорпа тер басқан жүйріктерімен түс ауа Екпін ауылындағы атшабарға ілінді.

«Ұлы дала қазанаты» жарысының ұйымдастырушысы Бәделхан Камалханұлының айтуынша, Катонқарағай ауданының «Тарпаң» атты арғымағы  7 сағат, 12 минутта мәре сызығын қиып өткен.  «Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» «Тарпаңымыз» 2019 жылы Зайсан ауданында өткен 130 шақырымдық бәйгеде алдына қара салдырмаған еді. Жануар бұл жолы да жүрісінен жаңылмады. Нағыз қазақ жылқысы екенін дәлелдеді. «Осыдан үш жыл бұрын 7 сағат, 37 минутта өткен болатын. Рекорд 25 минутқа жаңарды. Бұйырса, паттенттеліп, Гиннес рекорд кітабына тіркеліп жатса, қазақтың қазанаты тұңғыш рет 140 шақырымға шапты деп әлемге жар салатын күн де алыс емес», – дейді «Ұлы дала қазанаты» жарысының ұйымдастырушысы Бәделхан Камалханұлы.

140 шақырымдық бәйгенің жүлде қорын Көкпекті ауданының азаматтары тағайындады. Сонымен, бағы мен бабы келіскен сәйгүліктер мәрені топтан озып, қиып өтіп жатты. 140 шақырымдық бәйгенің нәтижесі төмендегідей болды:

1-орын «Тарпаң», Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы; 2-орын «Байшұбар», Алматы қаласы; 3-орын «Жауынгер», Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылы; 4-орын «Маңмаңгер», Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылы; 5-орын «Қаршыға» Ақсуат ауданы, Екпін ауылы; 6-орын «Сынок», Абай облысы, Көкпекті ауданы.

Шапқан сайын екіленіп, шаршы топтан қара үзетін, шашасына шаң жұқпаған кешегі Елік жирен, Ерке жирендердің ізбасарлары атсүйер қауымның делебесін қоздырды. Көрермен бәйгенің барлық түрін сағаттап, тапжылмастан тамашалады.

Жүлде қоры да қомақты болды. Тай бәйгесінде 1-орынға 500 мың, 2-орынға бұқа, 3-орынға қошқар, 4-орынға 1 қой, 5-орынға 30 мың теңге;

Топ бәйгеде 1-орынға «Шевроле нексия»  автокөлігі, 2-орынға 1 айғыр, 3-орынға 500 мың теңге, 4-орынға 1 бұқа, 5-орынға  250 мың теңге, 6-орынға 1 бұқа, 7-орынға 100 мың теңге;

Аламанға 1-орынға «Нива»  автокөлігі, 2-орынға 1 айғыр, 3-орынға 500 мың теңге, 4-орынға 1 бұқа, 5-орынға 1-бұқа, 6-орынға 1 бұқа, 7-орынға 100 мың теңге тігілді. Жүлдеге Ақсуат ауданының азаматтары, Ақсуат ауданының әкімдігі демеушілік көрсетті.

Тай жарыста Алматы облысы, Үштөбе қаласының «Никасы» шашасына шаң жұқтырмастан бірінші келді. Ал   Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылының «Қараталы» мәрені екінші қиса, Күршім ауданынан үкілеп қосылған «Айтұмар» атты тай үздік үштіктен көрінді. Топ бәйгеде Семей қаласынан әкелінген “Бұйражал” атты арғымақ бабында екендігін паш етіп, бірінші орынды қанжығалап кетті. Ізін ала Талдықорғанның  «Самұрығы» екінші, Алматыдан келген сәйгүлік те алыстан босқа келмегендігіне көз жеткіздіріп, үшінші өтті.

Аламанда «Шайкүрең» дес бермеді. Көпшілік алматылық жүйрікке бас шайқап, қол соқты. Ақсуаттың  «Кәрігері» мен «Алтынайы» екінші, үшінші орындарға табан тіреді.

 Ринат Зайытов – «Асыл домбыра» иегері

«Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалінің аясында Ақсуаттың орталық стадионында «Асыл домбыра – 2022» ақындар айтысы өтті. Ақындар сахна төрінен небір ой маржанын, тауып айтылған талассыз сөз барымтасын көрсетті. Қоғамның  қуанышын, мұңын, кемшілігі мен жетістігін, барлығын жырға қосты.

Қызылорда облысының ақыны Мұхтар Ниязов әзілмен шымшып, түйреп өтіп отырса, қарсыласы Алматы қаласының атынан келген Қазірет Бердіхан қоғамдағы жемқорлық, әділетсіздік секілді кереғар құбылыстарды тізбелеп өтті. «Келгісі келмегендер жолды көріп, кеткісі келмей отыр енді келіп» деген сыңайда Ақсуаттың кеңпейілдігін өлеңге арқау етті. Осы жолғы айтыстың бір ерекшелігі, бұрынғыдай алдын ала жұптамай, көрермендердің өзіне жеребе таңдатты.

Жеребе арқылы таңдалған Алматы қаласының атынан шыққан Ринат Зайытов пен Шымкенттен келген Біржан Байтуов сахнада сұрапыл айтыс жасады. «Аузымдағы өлеңнің өлмегені, мені ешкім жеңбегені» деп Ринат ақын өзінің әрдайым ақиқаттың алдаспаны екендігін паш етті. Біржан Байтуов болса, «Хакімнің атындағы облысқа, әкімнің бәрін жиып алып келдің» деп түйіндеп Дулат Тастекеевтің ұлттық өнерге деген жанашырлығын келелі ой, кестелі сөзбен жеткізді. «Бұқалығыңды аңғарттың, Бұқарлығыңды көргем жоқ» деп Ринатпен шаппа-шап кетті. Дегенмен, Ринат қоғамдағы ащы да болса шындықты шырылдатып айта алуымен бір бас жоғары тұрды.

Екі күнге созылған айтыс көрерменнің құлақ құрышын қандырды, ұлттық өнерге сусап жүргендердің шөлін бір басты. Стадионға жиналған халықта есеп болмады. Ұйып отырып тыңдады, «теп-тегіс жұмыр келген» ұтымды ұйқастарға көрсетілген қошеттен құлақ тұнды.

Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша шабыттандыру сыйлығына (әрқайсысына 300 000 теңгеден) Жансая Мусина (Орал), Қазірет Бердіхан (Алматы), Біржан Байтуов (Шымкент), Айбек Жеңісқазин (Семей), Арғынбек Қалбаев (Маңғыстау), Бауыржан Шермединұлы (БҚО), Ерлан Дәулет (Қызылорда), Шынарбек Тұрсынұлы (Ақтөбе облысы) ие болды.

Арнайы жүлде (әрқайсысына 500 000 теңгеден) – Рүстем Қайыртайға (Абай облысы), Рауан Қайдаровқа (Нұр-Сұлтан), Бексұлтан Орынбасаровқа (Қызылорда облысы) бұйырды.    Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы) біржылдық 2 миллион 400 мың теңгенің стипендиясын олжалады. Екі 3-орын (әрқайсысы 700 000 теңгеден) Ержан Әміровке (Нұр-Сұлтан) пен  Нұрбол Жауынбаевқа (Ақтөбе облысы) берілді.

«Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалі аясында өткен айтыстың 2-орын (2 000 000 теңге) иегері болып Қанат Мырзахан (Тараз қаласы) танылды.    Бас жүлде «Асыл домбыра» және автокөлікті Ринат Зайытов (Алматы қаласы) жеңіп алды. ASSYLTAS қоғамдық қо­ры (құрылтайшысы Дулат  Тастекеев) айтыстағы барлық қомақты жүлделерді тағайындап, демеушілік жасады.

Кешкілік «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалі эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертпен қорытындыланды. Кеш қонақтары ретінде Тоқтар Серіков, Роза Әлқожа, Нұрболат Абдуллин, Бағлан Абдураимов және тағы басқа елге танымал өнер адамдарды сахна төрінде ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button