Қоғам

Бармақтай бұршақ жұртты әбігерге түсірді

Бармақтай бұршақ жұртты әбігерге түсірді

Өскеменде көлемі бармақтай бұршақ жауды. Бұрын-соңды болмаған мұндай табиғи құбылыс қала тұрғындарын әбігерге түсірді. Бірнеше ондаған көлік зиян шекті.
– Біздің кезекші бөлімге бірнеше шақырту келіп түсті. Біздің мамандар қазір бәрін қарауда. Көліктерге аса үлкен шығын келген жоқ, әйнектері сынбаған. Тек мәшинелердің төбесі мен капотында көптеген ұсақ-ұсақ майысқан белгілер анықталды, – дейді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Бір қызығы, «Қазгидромет» орталығы қаланың «мұзды жаңбыр» астында қалғанын ресми мәлімдемеген. Себебі, олардың метеостанциясы Меновное кентінде орналасқан. Ал ол жақта сол күні бұршақтың белгісі де байқалмаған.
Алайда табиғаттың тосын мінез танытқанына, Өскеменде жолаушылар тасымалдайтын трамвайдың теміржолдан тайқып шығу оқиғасы дәлел болады. Куәгерлердің айтуынша, Абай даңғылымен зулап келе жатқан қоғамдық көлік қатты соққан бұршақтың салдарынан жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Көп ұзамай қозғалыс қалпына келтірілді.
Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, қалың бұршақ Зырян және Глубокое аудандарының кейбір елді мекендерінде бау-бақшаларды жапырып, тұрғындарға зиян шектірген көрінеді.
Сонымен қатар синоптиктердің болжамынша, өңірімізге келген антициклон алдағы уақытта тағы да тосынсый ұсынуы мүмкін.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button