Қоғам

Барлығы 296 тұрғын үй жөнделіп бітті

Барлығы 296 тұрғын үй жөнделіп бітті


Облыста қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша 2018 жылы және одан арғы жылдары жөнделетін көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі анықталып жатыр. Алдын-ала жасалып жатқан тізімге сәйкес келер жылы жөнделетін нысандарға Өскемен қаласынан 14 тұрғын үй, Семей шаһарынан 6 үй енгізіліп отыр. Қазіргі күні облыста 23 тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.

Сметалық құжаттарға сәйкес келер жылы облыс орталығында жөнделетін 14 үйге 250 млн. 63 мың теңге, Семей қаласындағы 6 үйге 102 млн. теңге қаражат жұмсалмақ.

«Облыстық тұрғын үй пайдалану басқармасы» ЖШС мамандарының айтуынша, 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстанда 2011-2016 жылдар арасында республикалық бюджеттен бөлінген тікелей трансферттер есебінен 268 тұрғын үй нысаны қайта жаңғыртылды. Тозығы жеткен бұл үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттің 2 млрд. 451 млн. теңгесі жұмсалған. Жөндеу жұмыстарына кеткен қаражатты пәтер иелері ай сайынғы коммуналдық төлемдермен бірге қайтарып жатыр. Тұрғындардың өздері қайтарып жатқан сол қаражаттар есебінен 220 млн. теңгеге 28 тұрғын үй жаңартылған. Осы уақытқа дейін аудан орталықтары мен қалаларда барлығы 296 үй қайта жаңғыртылып, жөндеуден өткен.

Бой көтеріп жатқан жаңа үйлер есебінен облыс орталығында, қалаларда бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер саны жыл санап артып барады. Олардың ішіндегі өткен ғасырдың ортасында салынған ескі үйлердің кетеуі кетіп, барған сайын тозып барады. Жертөлесі сасып, үй ішілік жылу жүйелерінің әбден тозғандығынан келген жылуды далаға кетіріп, төбесінен су ағып тұрған ескі үйлердің біразы жөндеуден өткенімен, жөндеу күтіп тұрғаны одан да көп. Бүгінгі күні тұрғын үй пайдалану басқармасына облыс бойынша 142 үйді жөндеуден өткізуге өтінім түскен.

Семейліктер жөндеуге кеткен қаржыны қайтармай жатыр

Тұрғын үйлерді қайта жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөнделіп жатқан нысандардың жөндеу жұмыстарына тиімділігі жоғары заманауи құрылыс материалдары пайдаланылып жатыр.

Тұрғын үйлердің шатырлары профлистпен алмастырылып, төбе жабындылары жылу сақтау қабілеті жоғары материалдармен жабылуда. Үйлердің қасбеттері сайдингпен қапталып, жылу құбырлары мен қасбеттер жылуды далаға жібермей сақтап тұратын ерекше бояулармен сырланып, подъездерге жалпыүйлік есептеу құралдары, пластик терезелер орнатылып жатыр.

Алайда, аймақтың қалалары мен аудан орталықтарында жөнделіп біткен 296 тұрғын үйдің 50-і шала жөнделген болып шыққан. Сапасыз жөнделген үйлердің көпшілігі Өскемен қаласында, Семейде де сегіз үй дұрыс жөнделмеген.

-Әсіресе, бағдарлама алғаш басталған 2011-2012 жылдары қайта жаңғыртылған тұрғын үйлердің сапасыз жөнделгені анықталып отыр. Ол кезде жөндеу жұмыстарымен ерінбегеннің бәрі айналысты деуге болады. Қазіргі мердігер кәсіпорындарға қатаң талаптар қойылып, таңдалып отыр. Тұрғын үй иелерінің арыз-шағымдарына байланысты сапасыз атқарылған жұмыстарын мердігерлер қалпына келтіріп жатыр. Кейбіреулерімен мәселе сот арқылы шешілуде. Жөндеудегі сапасыздықтардың көпшілігі шатырлардың, төбе жабындыларының дұрыс салынбағанына қатысты. Пәтер иелері кооперативтері шатырдағы қарды дер кезінде тазалап отыру керек. Жөнделіп біткен тұрғын үйлердің төбесінен қайтадан су ағып жатуына қардың уақтылы тазаланбауы да себепші. Кейбір ПИК тұрғын үйлердің күтіміне жеткілікті көңіл бөлмейді, -дейді облыстық тұрғын үй пайдалану басқармасының өкілі Елена Нагайцева.

Үйлерін жөндеуден өткізген пәтер иелерінің несиеге атқарылған қаржыны мерзімінде қайтармай жатуы да үлкен мәселе тудырып отыр. Семей қаласы тұрғындарының қаржыны қайтару көлемі 28 пайызды ғана құрап отыр. Сол себепті Семей қаласында өткен жылдар ішінде 35 тұрғын үй ғана жөнделген. Өскеменде 181 үй жөнделген. Өскемендіктер жөндеуге мемлекеттен жұмсалған несие қарызын 70 пайыз көлемінде қайтарып жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button