Барлық техника егін орағына жұмылдырылды
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы – облысымыздағы ең астықты өңір. Бұл жердің астықты алқаптары топырағының бонитеті жоғары болғандықтан, егіннің түсімі де жаман болмайтыны шындық. Мәселен, биыл аудан бойынша егілген барлық егістік көлемі 190 823 гектарды құрады.
Соның ішінде дәнді дақылдар 63 517, майлы дақылдар 73 076 (оның ішінде күнбағыс 70 827 га, мақсары 1231 га, соя 1018 га), картоп 2258, көкөністер 1758, бақша 1366 және мал азықтық дақылдар 48 848 гектарды құрады. Әрине, осыншама астықты дер кезінде ысырапсыз жинап алу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл жағынан алғанда астықты өңір диқандары жыл сайын жауапты науқанды жинақы өткізіп келеді. Бұған бүгінгі күнге сай жаңа технологиялар пайдаланылуда. Техника саны да баршылық.
– Егін ору науқаны қызу жүріп жатқан кезде қазір 342 бірлік комбайн (СК-5 «Нива Эффект» – 274 бірлік, «Енисей», «Есіл» – 43 бірлік, «Вектор» – 10 бірлік, CLASS – 2 бірлік, АКРС585 – 10 бірлік, Nowholand – 3 бірлік) бар, жүк машиналары («Камаз», «Газ-53») 612 бірлік, тіркемелері (2ПТС-4, 2ПТС-6, 2ПТС-9, 2ПТС-12) бар техника 1132 бірлік, астық тогы 18 бірлік, астық тазалайтын машиналар (ЗАВ-20, ЗАВ-40) 31 бірлік, Пектус 14 бірлік, САД-10 – 2 бірлік, МУЗ-16 – 2 бірлік, ОВС-20 – 40 бірлік, әртүрлі астық кептіргіштер 10 бірлік. Осы техникалардың барлығы 2022 жылғы егін ору науқанына жұмылдырылған, – дейді Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.
Аудандағы Көкөзек, Көлденең, Салқынбел, Науалы, Үржар, Ақжар, Қартұма, Қарабұта секілді ауылдық округтер жауапты науқанға тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатуда.
Сонымен, аудан бойынша 38 899 гектар жердің дәнді дақылдары жиналды. Бұл өз кезегінде 61,2 пайызды құрап отыр. Орылып, қамбаға құйылған алтын астықтың әзірге орташа түсімі әр гектардан 13,0 центнерді құрады. Бүгінгі күнге дейін жиналған өнім көлемі 50,5 мың тонна болды.
Сол сияқты, күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 2340 тонна дизель отыны бөлініп, бір литрі Үржар ауылында 215 теңгеден және Мақаншы ауылында 216 теңгеден шаруа қожалықтарына босатылуда. Қажетті материалдық-техникалық құралдардың және басқа да материалдық ресурстардың болуы ауданның агроқұрылымдарына өнімді жинау бойынша жұмыстарды оңтайлы мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізіп келе жатқан Үржар ауданы егін орағын еңсеріп қалды.
– Егін орағы науқаны – біздің аудан үшін жауапты кезең. Күннің райы қолайлы болып, жауын-шашынның болмауы біз үшін тым маңызды. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, ел байлығын ысырапсыз жинап алуға тырысудамыз, дейді диқандар.
Үржар ауданы.