Барлық күш кәсіпкерлікке бағытталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында: «Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру», – деген болатын.
Иә, енді, Президентіміз айтқандай, әділдік идеясы мемлекеттік саясатымызда ең басты идея болады. Біз оған сенеміз және осы жолда барлық күш-жігерімізбен еңбек етуіміз керек. Елімізде әлеуметтік салада, кәсіпкерлік саласында, экономика мен саясатта көптеген жүйелі проблемалар жиналып қалды, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі белең алып кетті. Бұл мемлекетіміздің жасампаз мүмкіндігін шектеп жатыр. Сондықтан қай жерде, қай салада болмасын, Президент айтқандай, біздің барлық ұлттық идеологиямыз әділдік идеясына негізделеді.
Осы әділдікті орнату үшін, бизнесті дамыту үшін біздің облыста биылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы проблемаларды, әкімшілік кедергілерді шешуге арналған «Бизнесті қорғау экожүйесі» жобасы іске кірісті. Өткен екі-үш айдың ішінде ғана кәсіпкерлердің қаншама мәселесі көтеріліп, шешімін тапты.
Биылғы қарашада облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғымен салыстырғанда 9,3 пайызға өсіп, 67 494-ке жетіп отыр. Жаңадан кәсіп көзін ашып жатқан жерлестеріміз көбейіп келеді. Президентіміз сайлауалды бағдарламасында алдағы жеті жылда мемлекеттің барлық күш-жігері кәсіпкерлікті ынталандыруға және қорғауға бағытталатынын халыққа жеткізген болатын. Бәсекеге қабілетті бизнестің дамуына кедергі келтіретін нәрсенің бәрі жойылады. Ел экономикасына 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тарту, дайын өнім шығару үшін бизнеске қолжетімді шикізат жеткізуді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санының 4,7 миллион адамға дейін өсуі қамтамасыз етіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында ел жастары өзін дамытуы үшін оларға тең әлеуметтік-экономикалық мүмкіндік жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын жеңілдетілген кредит беру процесі іске қосылады. Студенттердің стипендиясы екі есе өседі. Студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі шешіледі. Бізге, жас ұрпаққа, Жаңа Қазақстанды, жаңа дәуірді бірге құруға осындай шынайы да маңызды жоспарлар құрылып, үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Одан ешқайсымыз шет қалмауымыз керек.
Әлия Мұқашева,
өңірлік кәсіпкерлер палатасының
бизнес-омбудсмені