Қоғам

Барлық үйлер бір айда жөнделіп бітеді

Барлық үйлер бір айда жөнделіп бітеді


Зырян ауданындағы су кірген үйлер бір айдың ішінде түгел жөнделеді. Ауданға кезекті іссапармен барған облыс əкімі Даниал Ахметов құрылыс компанияларына осындай міндет жүктеді.

Соңғы деректер бойынша Зырян ауданында 414 үйге су кірген. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, соның ішінде 43 үй тұруға жарамсыз күйге түскен.

-Үйі апаттық жағдайға түскен тұрғындарды баспанамен қамту мəселесі бір аптаның ішінде шешіледі. Кейбіріне жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйден пəтер береміз, кейбіріне қолданыстағы тұрғын үйлерден қарастырамыз. Орта есеппен алғанда, 250 үйді жөндеу қажет. Оған қажетті қаржының алғашқы траншы бүгін аударылады, – деді облыс əкімі.

Жалпы су кірген үйлерді жөндеуге 16 құрылыс компаниясы тартылмақ. Оның тоғызы жергілікті мердігерлер. Аудан əкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, жөндеуді қажет ететін үйлердің саны 232-ге жеткен.

– Апат шығынын есептейтін комиссия өз жұмысын осы аптаның соңында аяқтайтынын ескерсек, бұл сан əлі өсуі мүмкін, – деді Нұржан Тоқсейітов. Облыс əкімі Даниал Ахметов осы үйлерді жөндеуге тартылған мердігерлерге бір айдың ішінде барлық үйлерді жөндеп шығуды тапсырды.

– Халықты баспанасыз сабылтып қоюға болмайды. Жөндеу тағайындалған үйлердің бəрі 18 мамырда қолданысқа берілуі тиіс. Жұмыс барысы мен жөндеу сапасын өзім апта сайын келіп, тексеріп тұрамын. Келесі аптада 16 компанияның əрқайсына кесте беріледі. Əр үйді сол кесте бойынша өткізулеріңіз қажет, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, ол компания өкілдеріне жөндеу жұмыстарына үй иелерін қатыстырмауды қатаң тапсырды.

– Глубокое жəне Аягөз аудандарында байқалған тəжірибені ескеріп, жөндеу жұмыстарына үй иелерін қатыстырмау керек деп шештік. Өтініш айтса да, араластырмаңыздар. Ертең жұмыстың сапасы сіздерден сұралады. Өйткені, келісімшартты сіздермен жасадық. Аягөзде жөндеу жұмыстарын шегере тұруды өтініп, кейін үйіне кіре алмай жүргенін айтып шағымданған тұрғындар болды. Біреу үйіне емен есік орнатып, еденіне паркет төсегісі келуі мүмкін. Сіздерден мейлінше үнемді əрі сапалы жұмыс талап етіледі. Сондықтан жөнделетін үйлердің бəріне смета дайындалып жатыр. Жөндеуге қажет қаржының 150 млн теңгесі бүгін аударылады, – деді Даниал Ахметов.

Аталмыш жұмыстардың барысын қадағалау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев пен аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовке тапсырылды. М. Мұсатаев Малеев ауылы мен Зубовка кенті сияқты апаттан көп зардап шеккен елді мекендерге бірнеше мердігер бекітілгенін айтады. Олардың кейбіріне 50 үйді жөндеп өткізу жүктелген екен. Ал аудан орталығында судан ең көп зардап шеккен Тропинский атты шолақ көшенің тұрғындары жылай-жылай жалыққандарын айтады.

– Үйіміз апаттық жағдайда деп танылды. Бірақ баспана ауыстырайық деген ниетіміз жоқ. Үйренген жер ғой. Көршілерімізді де қимаймыз. Ақша бөлсе, өзіміз-ақ жөндеп аламыз. Облыс әкімі Даниал Ахметов пен аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовке рақмет. Олардың осыншалық көңіл бөлуінің арқасында өзге де әкімдік қызметкерлері қасымыздан бір елі алыстамай, керек деген затымызды тауып беріп жатыр. Құтқарушылар да қолдан келген көмегін аямады. Осының өзі апаттың зардабын жеңілдетіп жібергендей болды, – дейді Катерина Степанищева.

Барлық үйлер бір айда жөнделіп бітеді

Біреудің уайымынан пайда тапқысы келетіндер бар

Баспанасыз қалғандарға жаңа үй сатып беретінін естіген кейбір «табысқұмар» тұрғындар үй бағасын қолдан көтеруге әрекеттеніп жатқан көрінеді.

-Біздің көше екі апта бойы су астында қалған болатын. Су толық қайтқанына бес күн болды. Баспанамды комиссия апаттық жағдайда деп таныды. Өз бетімізбен сатылатын үйлерді іздестіргенбіз. Өзіміздікінен сəл кіші бір үйді таңдап, 1,5 млн теңгеге алатын болып келіскенбіз. Ертеңінде келісілген соманың бір бөлігін беріп қою үшін барсам, айнып қалыпты. Бəрібір мемлекет төлейді емес пе, сондықтан бағасын қымбаттаттық, алғыңыз келсе 2 млн теңге төлеңіз деп шарт қойды. Арамыздан біреудің қайғысынан табыс көргісі келетіндер де шығып жатыр, – дейді жоғарыдағы көшенің тұрғыны Татьяна Скударнова.

Аймақ басшысы апаттың салдарын жоюға қаржылай көмектесіп жатқан бизнес өкілдеріне де ел атынан алғыс білдірді. Мысалы, «Қазцинк» ЖШС Зырян ауданына көмек ретінде 32 млн теңге бөлген. Жергілікті құрылыс компаниялары су кірген үйлердің бір бөлігін өз қаржыларына жөндеп беруге міндет алған екен.

-Биыл Зырян қаласын абаттандыруға 300 млн теңге бөлеміз. Барлық орталық көшелерге асфальт төселеді. Аудан әкімі бұл жұмыстарды шілде айына дейін аяқтап үлгерсе, қосымша қаржы бөлуіміз мүмкін. Еуропа даму және қайта құру банкін Зырянның көшелерін жарықтандыру жобасына инвестор ретінде тартып отырмыз. Зырян мен Аягөзде инсульт орталығы ашылады. Жалпы ондай орталық халқының саны 250 мың адамнан асатын қалаларда ғана құрылуы керек. Бірақ біз елдің мұқтаждығын ойлап, осындай шешімге келдік. Екі нысанға ғимараттарды лайықтап, қондырығылар орнату үшін 1,5 млрд теңге бөлеміз. Ондағы жабдықтар әлемдік талаптарға сай болуы тиіс. Мұндай игі істер Зырянда кейінгі 30 жылда болмағанына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button