Қоғам

Барлық техниканы жұмылдыру қажет

Барлық техниканы жұмылдыру қажет

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен аймақта қалыптасқан метеожағдайға қатысты шұғыл жиын өтті. Оған барлық құзырлы мекеме мен коммуналдық кәсіпорындардың, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Осымен бірнеше күн бойы толастамай жауған қар облыс орталығы Өскемен қаласының тұрғындары үшін нағыз күтпеген жағдай болған-ды. Тұрғындар ғана емес, шаһардың коммуналдық қызметі де мұндайға дайын болмай шықты. Күні-түні жауған ақ ұлпа қаладағы қозғалысты матап тастады. Трамвай қатынасы тоқтап, көшелерде ұзын-сонар көлік кептелістері пайда болды. Дәл осындай ахуал бүгінде облыстың өзге қалалары мен аудандарында да қалыптасқан. Екі қалааралық (оның бірі – республикалық, бірі – облыстық) жол жабылып, біраз елді мекенмен байланыс үзілген.

Қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ сын сағатында опық жегізген коммуналдық қызмет жұмысын қатты сынға алды.

– Әсіресе, облыс орталығының жағдайы ұят. Үш күн бойы трамвай жүрмей тұру деген не сұмдық? Қала әкімі қазіргі уақытта шаһар көшелерінде 66 қар тазалайтын техника, 125 адам жұмыс істеп жүр дейді. Бұл – аз. Мұндай қиын кезде іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ауыр техникалары бар кәсіпорынның бірде-бірі назардан тыс қалмауы тиіс. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, бәрінің техникасын іске қосыңыздар, – деген облыс әкімі мұндай жұмыс өңірдің өзге қалалары мен аудандарында да жүргізілуі керектігін қадап ескертті.

Жиында белгілі болғандай, бүгінде «Өскемен-тәртіп» кәсіпорнының балансында 111 ауыр техника бар екен. Олар қыс маусымына сақадай-сай дайын. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қала әкімі Ерлан Аймұқашевтан қолда осыншама техника бар бола тұра, неге оның тең жартысы ғана көшелерді тазалау шараларына жұмылдырылғанын сұрады.

– Бүгіннен бастап барлық тракторлар мен бульдозерлер, шнекороторлар жолға шықсын. Қажет болса, облыстық коммуналдық қызметтердің техникасын да алыңыздар. Қала тез арада қалпына келуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының қызметін сын тезіне алды. Жиында сөз сөйлеген аталмыш мекеме басшылығының өкілі облыс әкімінің «қарамақтарыңызда қанша техника бар?» деген қарапайым сұрағына жауап бере алмады.

Жалпы, «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының балансында қазір 23 шнекоротор мен 34 грейдер бар екен. Алайда, сол шнекороторлар мен грейдерлердің бірсыпырасы істен шығып қалыпты. Оған қоса, жолдарды күтіп ұстауға қатысты тендерлер тек қараша айында ғана өткізілгені белгілі болды.
Облыс әкімі құзырлы мекемелердің басшыларына бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, облыста аймақ басшысының орынбасары Дүйсенғазы Мусин төрағалық ететін арнайы штаб құрылмақ. Бұл штаб облыстағы метеожағдайды тәулік бойы назарда ұстап, төтенше жағдайлар туындағанда, шұғыл әрекет ету керек. Әсіресе, аймақ басшысы Осинов, Байбура асуларының, сондай-ақ, Өскемен-Самар тас жолындағы қауіпті учаскелердің жағдайын жіті қадағалауда ұстап отыру қажеттігін айтып, коммуналдық қызметтер мен құқық қорғау органдары басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button