Қоғам

Барлық мәселелер заң аясында шешіледі

Барлық мәселелер заң аясында шешіледі

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Светлана Ферхо және Светлана Романовская «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында бір топ азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Шығыс Қазақстан тұрғындарын медициналық көмектің сапасы, балалар бақшасымен қамту, жер телімдерін рәсімдеу және еңбекпен қамту сынды мәселелері алаңдатады екен. Халық қалаулылары атап өткендей, жылдан-жылға көбеймесе азаймай отырған аталмыш мәселелердің дені бір сарынды әрі өте маңызды және олардың бәрін шешуге болады. Бірақ көп жағдайда жергілікті билік өкілдері бұл бағыттарда жеткіліксіз жұмыс істейді, сол себепті тұрғындар осындай қабылдауларға келуге мәжбүр. Мәселен, зыряндық тұрғын Валерий Бердаков мүлікті заңдастырудың алғашқы легінен кешігіп, омартасы орналасқан жер телімін рәсімдей алмай қалған. Қазір мүлікті заңдастырудың екінші кезеңі басталды, алайда, оның құжаттарын екінші қайтара қабылдамай жатыр. Бұл мәселені депутаттар жергілікті жерде, Зырян ауданында түбегейлі қарастыруды ұйғарды.
Өскемен қаласының тұрғыны Жадыра Оймақпаева күйеуі қайтыс болған соң жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отыр екен. Жұмысы жоқ, жатақханадағы бөлмені жалдап тұрады. Депутаттар қабылдауына ол өз проблемалары туралы айтуға келген.
– Маған жұмысқа орналасу керек, бірақ мен олай істей алмаймын, өйткені, кенже ұлымды балабақша тізіміне тұрғыздым, ал үлкенімді әлі мектепке берген жоқпын. Бұрын еш жерде жұмыс істемегенмін, себебі, күйеуім қарсы болды, сондықтан үйде отырдым. Ал енді маған бала-шағаны асырау қажет, – дейді Жадыра Оймақпаева.
Анық болғандай, оның үлкен баласы балабақшаға бармаған екен. Оған мектепалды дайындақтан өту керек. Кішкентай ұлы тамызда екіге толады. Жадыра қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығының тегін курстары арқасында аспаз мамандығын алуда, дей тұрғанмен, еңбекпен қамтылатынына оған ешкім кепілдік беріп отырған жоқ. Осы отбасының проблемасын депутаттар өздерінің жеке бақылауларына алатын болды.
Валерий Круглов азаматтарды қабылдауға жеке мәселесі бойынша, Быструха ауылын сумен қамту мәселесі жөнінде айтуға келіпті.
– Су құбырын тартқан кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады, суға жаритын болдық-ау десті, – дейді ол. – Құбырды төсегенде бірнеше құдықтарды бұзып тастады, сосын құбырларды үйге дейін тартқанда ақша сұрады. Алғашында үйлерге су келіп тұрды. Ал қазір мүлдем беруді тоқтатты. Біз ауылдық әкімдікке бірнеше рет барып, мәселені айттық. Олар әу баста жобаның дұрыс жасалмағанын алға тартады. Сорғының қуаты жеткіліксіз болып шыққан, сол себепті жүктемеге шыдамай күйіп кетіпті. Енді басқасын орнату үшін қосымша қаражат қажет.
Келесі бір мәселе Өскемендегі бұрынғы жедел медициналық жәрдем ауруханасының ұжымына қатысты, ол мекеме қазір №2 қалалық аурухана деп аталады. Медициналық мекеменің ардагер дәрігерлерінің айтуынша, соңғы кездері аталмыш аурухананы қайта құрылымдау, яғни, жабу туралы алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Жұмысшылар штаттың қысқаруынан қорқады.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Попов аурухананы қысқарту немесе жабу туралы мәселе тұрмағанын жеткізді. Мекеме оңтайландырылады, яғни, хирургия бөлімі бірінші қалалық ауруханаға көшіріледі. Ол бір қызметтің бір жерде шоғырлануы үшін қажет.
– Сіздерге бір қадам алдыда жұмыс істеу керек, жалған ақпараттарды болдырмау үшін. Сіздерге алдын ала мекеме ұжымы алдында жағдайды түсіндіру керек еді, әйтпесе, мәселенің ушығып кетуі де ғажап емес, – деп ескертті осы ретте басқарма басшысының орынбасарын Светлана Ферхо.
Қоғамдық қабылдауда көтерілген осы және өзге де мәселелерді шешуді депутаттар өз міндеттеріне алды.
Бұдан соң Светлана Ферхо мен Светлана Романовская облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен, судьялармен, медиаторлармен, үкіметтік емес ұйымдар, тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамдарының өкілдерімен, сондай-ақ, әйелдер қауымымен екі маңызды кездесу өткізді. Соңғы басқосуға зейнеткерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, кәсіпкерлер жиналды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button