Қоғам

Барлық ұлттың тілегі бір

Барлық ұлттың тілегі бір

Лебіз

Жуықта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» мәселесінің кеңінен талқыланғаны белгілі. Сессия жұмысына қатысып қайтқан бірқатар жерлестеріміздің ой-пікірін ұсынып отырмыз.

Ольга Сағындықова, Шығыс өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің әскери қызметкері, Семей:

– Мен Сессияда сөз сөйлеп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев зор қолдау көрсеткен «Невада-Семей» ұйымына биыл 25 жыл толатынын, Семей полигоны жабылғаннан кейін 365 мың шаршы шақырым жер ел игілігіне қайтарылып, ел мен жер сауығып келе жатқанын жеткіздім. Қазір Қазақстан Елбасының басшылығымен әлемдік ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысына айналды.
Мен өзім қазақ отбасының келінімін. Өмірлік жарым Марат екеуіміз бес бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. Ата-анам Ресейдің Иваново қаласында тұрады. Қазақ топырағын басқан, дәм-тұзын татқан олар мен барғанда ең алдымен «Марат балам қайда? Домбыраң қайда?» деп сұрайды. Қазақтың әнін менімен бірге шырқайды. Елбасының әнді жақсы көретінін, жақсы айтатынын бәріміз білеміз. Ассамблея сессиясында мен мемлекет басшысы алдында ән айтып бердім. Астанадан қанаттанып қайттық.

Николай Зайцев, облыстық сәулет – этнографиялық және табиғи – ландшафтық мұражай-қорығының директоры, «Бірлік» медалінің иегері:

– Ең бастысы, көпұлтты Қазақстанда береке-бірлік, ынтымақ бар. Осыны түсінуіміз керек. Халқымыз ынтымағымыздың арқасында биік белестерге, зор жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Қазақстан халқы болашаққа да бірлесіп ұмтылыс жасауда. Осындай бір шаңырақтың астында бейбіт өмір кешіп отырғандығымыз Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ арқасы деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына еліміздің түкпір-түкпірінен этномәдени бірлестіктерінің төрағалары келді. Залға жиналған халыққа қарап-ақ, осындай бақытты, бірлігі жарасқан елде тұратынымыз көрініп тұрды. Орайы келгенде айта кетейін, біздің еліміздің дамуы үшін өте зор мүмкіндіктер бар.
Сессия барысында біздің облыста ұлтаралық мәселеге қатысты атқарылып жатқан оң істеріміз үлгі етіп айтылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталдым. Осының бәрі мені тың істерге жігерлендіріп отыр.

Татьяна Кагерманова, «Вайнах» ұлттық-мәдени бірлестігінің төрайымы:

– Қазақстан Ассамблеясының XXI сессиясына барып қайттық. Ассамблея мүшелері сондай бір патриоттық сезімде отырды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қолымызды алып, гүл шоқтарын ұсынды. Бұл да бір қуанышты сәт болды. Қатысушылардың баяндамаларын тыңдадық. Қазақстанда тұрып жатқан 17 миллион халықтың әрқайсысы өз ұлт өкілдерінің ерекшеліктерін көрсетеді. Еліміздегі барлық ұлттың жүрегі бір, тілегі бір. Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында мемлекетімізде тұрып жатқан ұлттар өз тілдерін, өз мәдениетін, әдет-ғұрпын сақтап келеді. Біз өз салт-дәстүрімізді дамытып қана жатқан жоқпыз, сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетінен хабардар болып, рухани танымымызды кеңейтіп келеміз. Қазақ тілін үйреніп жатырмыз. Достық үйіндегі ұлт өкілдері бір-біріміздің мереке-мейрамдарымызды бірігіп тойлап жатамыз. Мемлекеттің күші – халықтың бірлігінде. Осыны есімізде ұстауымыз керек.

Әзірлеген – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button