Барлық күш қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталады

Алдағы уақытта тұрғындар аймақ полицейлерінің қызметін мүлде жаңа қырынан байқайтын болады. Халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы жасалып, қарапайым адамдардың қауіпсіздігіне барынша көңіл бөлінеді. Сонымен бірге, полицейлердің формасы да ауысып, сала толықтай цифрлық жүйеге көшеді.
Бұл жөнінде облыс орталығындағы «Ертіс концерт» мекемесінің ғимаратында өткен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевтың халықпен кездесуі барысында айтылды. Есепті жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев, облыстағы өзге де күштік құрылымдардың басшылары, қалалар мен аудандардан арнайы келген делегациялар, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Генерал өз баяндамасында Елбасының биылғы Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша салада атқарылып жатқан жұмыстарға жете тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударған болатын.
– Халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы әзірленуде, біз полиция қызметінің сервистік моделіне көшеміз, бұл қарапайым адамдардың қауіпсіздік саласындағы барлық мәселелеріне барынша көңіл аударуды, қылмыскерлер мен құқық бұзушылардың құқыққа қайшы әрекеттеріне тап болғандардың барлығына сапалы заңгерлік көмек көрсетуді білдіреді. Біз қоғам тарапынан полицияға сенім білдіру деңгейін арттыруымыз керек, – деді Жанарбек Бақтыбаев.
Осыған байланысты полицейлердің жұмысы сыртқы киімінен бастап, моральдық аспектілеріне дейін қайта қарастырылмақ. Өзгерістер бірінші кезекте қалалар мен аудандардағы халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін жол-патрульдік полициясының жұмысына қатысты болмақ. Естеріңізде болса, былтыр ел Үкіметінің келісімі бойынша аталған сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында кезең-кезеңмен жол-патрульдік полицияның барлық қызметкерлерін сержанттан офицерге ауыстыру туралы шешім қабылданған болатын. Бұл жаңашылдық облыс әкімінің қаржылай қолдауының арқасында біздің өңірде былтырдың өзінде шешімін тапқан. Қазір мыңға тарта қызметкер офицерлік құрамға ауысқан. Бұл 80 пайыздық межені құрайды. Жыл соңына дейін бұл қызмет толық жасақталмақ.
Полицияға деген сенімді арттыру қажет
Ағымдағы жылғы 16 қазанда Үкіметтің қаулысымен облыстардағы ішкі істер департаменттері полиция департаменті болып ауыстырылды. Ішкі істер саласын ары қарай жаңғырту әзірленіп жатқан Жол картасының аясында жүргізілмек.
– Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің және аумақтық департаменттерінің басшылығымен бағдарламалық құжаттарды іске асыру жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Полицияны өзіне тән емес функцияларды атқарудан босату, бірқатар қызметтерді біріктіру, сондай-ақ штат санын 10%-ға қысқарту арқылы қызметкерлердің штат санын оңтайландыру жоспарлануда. Қысқартуға бірінші кезекте басқарушылық аппарат жатады, біз білікті қызметкерлер мен өз ісінің мамандарын сақтап қалуға тиіспіз. Бұл – бірінші кезекте халықпен тікелей байланыс жасайтын қызметтердің жұмысына қатысты, – деп атап көрсетті Жанарбек Бақтыбаев.
Полиция генерал-майоры жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында шығысқазақстандық полицияның материалдық-техникалық жарақтануы республика бойынша үздіктердің бірі екенін де атап өтті. Қазіргі уақытта облыстық полиция арнайы техникамен, киім-кешек және көлік құралдарымен толық жарақталған. Соңғы бір жарым жылда ғана жергілікті бюджет есебінен жеке құрамды тасымалдау үшін 270 автомашина, 10 автобус сатып алынған.
Бұдан бөлек, аймақ полицейлерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында өткен жылы облыс орталығында қылмыстық атқару жүйесінің бұрынғы еңбекпен түзеу мекемесінің базасында жаңа оқу-жаттығу орталығы ашылған болатын. Орталық Ішкі істер министрінің қатысуымен және облыс басшысының тікелей қолдау білдіруімен ашылған болатын. Атап өтерлігі, мұндай орталық республика бойынша тек біздің департаментте ғана бар. Заман талабына сай материалдық-техникалық базасы бар орталық ашылғалы бұл жерде екі мыңнан аса полицей оқу-жаттығудан өтіп, кәсіби деңгейін жетілдірген.
Бұл ретте өңірдің бас полицейі полицияға артылған жауапкершілікті түсініп, үнемі тиісті деңгейде қаржылай қолдау білдіріп келе жатқан облыс әкімі Даниал Ахметовке өзінің және полицейлердің атынан ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ облыста 1 желтоқсанға дейін барлық полиция бөлімдерінде фронт-кеңселер ашылады. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға көмектеспек.
Мемлекет басшысының полицияның халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу деңгейін жоғарылатуға қатысты берген тапсырмасын орындау аясында қазіргі уақытта ІІМ жүйесінде «Азаматтарға арналған қабылдау» былайша айтқанда, фронт-кеңселер құрылуда.
Енді әрбір қалалық және аудандық полиция бөлімдеріне келушілерді білікті кеңес берушілер қарсы алып, оларды толғандырған сауалдарға нақты жауап береді, мәселесін шешудің, арызды дұрыс жазудың жолдарын көрсетеді. Тиісті орындаушыларға бағыттайды. Егер келген азаматтардың сұрақтары полицияның құзырына жатпайтын болса, онда кеңес берушілер ол мәселемен қай мекемеге баруды, қандай құжаттар керектігін айтып жөн сілтейді, мекенжайын көрсетіп, байланыс телефонын да береді. Бір сөзбен айтқанда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға көмектеседі.
– Қазіргі таңда фронт-кеңселер облыстық департаментте, Өскемен және Семей полиция басқармаларында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Шемонайха, Зайсан, Катонқарағай, Глубокое, Жарма аудандық полиция бөлімдері мен Риддер қаласында ашылған. Ал барлық қалған аумақтық полиция бөлімдерінде фронт-кеңселер 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін толық ашылатын болады, – деді облыстың бас полицейі Жанарбек Бақтыбаев.
Естеріңізде болса, халыққа қолайлы жағдай туғызу мақсатында Өскемен қаласында биылғы қазан айында көші-қон қызметін көрсету орталығы да ашылған болатын.
Аймақта аса ауыр қылмыстар 35%-ға азайған
Жанарбек Бақтыбаев облыстың криминогендік жағдайы туралы да және ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері туралы да егжей-тегжейлі айтып берді. Өңірдегі полиция департаменті басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанда аса ауыр қылмыс саны 35%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ ауыр қылмыстар, яғни, қарақшылық шабуыл 26%-ға, тонау 19%-ға, бұзақылық 20%-ға азайған.
– Облыс аумағындағы криминогендік жағдай жалпы алғанда тұрақты, соңғы үш жыл ішінде қылмыс саны төмендеуде. Ағымдағы жылы оның саны 20 мың қылмысты құрады, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев.
Жасалған қылмыстар саны жөнінен Шығыс Қазақстан Алматы қаласы, Алматы облысы және Астана қаласынан кейінгі төртінші орында тұр.
– Әрине, күшіміздің басым бөлігі екі үлкен қала – Өскемен мен Семейдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Жанарбек Бақтыбаев. – Өңірдің қалаларында 10 айдың ішінде облыс бойынша барлық қылмыстардың 68%-ы тіркелген. Аталған қылмыстар аймақтағы криминогендік жағдайдың қандай екенін анықтайды.
«Бейнекамералардың санын көбейту қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету деңгейін арттыруға септігін тигізеді», – деген Жанарбек Бақтыбаев жиында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бейнебақылау камераларының санын кеңейту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыстың жедел басқару орталықтары мен ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне қосылған екі жүз бейнебақылау камераларының көмегімен жыл сайын 20 мың әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталып, екі жүз мыңдай қылмыстық құқықбұзушылықтар ашылып келеді.
– Өскемен қаласына алда қосымша төрт мың бейнекамераны қолданысқа енгізгенде, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету деңгейі едәуір өседі, – деді Жанарбек Бақтыбаев.
Полиция департаментінің бастығы өз баяндамасында ішкі істер органдарына қатысты көкейкесті мәселелер жөнінде, яғни тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігін құрайтын есірткі қолдану және есірткі бизнесімен күрес, ұрлық пен алаяқтыққа қарсы күрес туралы, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде толық айтып өтті.

Мәселен, өткен он айда 180 есірткіге қатысты қылмыс анықталса, оның 137-сі есірткі сату фактісі. Мұнымен бірге есірткілік заттарды қолдануға байланысты 350 қылмыстық іс ашылған. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілетін есірткі айналымының екі арнасы анықталып, екі қылмыстық топтың жолы кесілген. Бірінен 200 келі марихуана және 5 келі гашиш табылса, екіншісінен 47 келі марихуана тәркіленген. Заңсыз айналымнан барлығы 425 келі болатын түрлі есірткілік заттар алынған.
Ал жол қауіпсіздігіне келер болсақ, полиция департаменті бастығының келтірген деректері бойынша, өткен есепті мерзімде 920 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 120 адам көз жұмған. 1170 адам түрлі жарақаттар алған. Жол апаттарының саны мен жарақат алғандар сәйкесінше, 9 және 11 пайызға төмендесе, өкінішке қарай, жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны 13%-ға артқан.
Биылғы он айда жол қауіпсіздігі бойынша 195 мың бұзушылық тіркеліп, оның ішінде жылдамдықты арттырған 33 мың жүргізуші анықталған, 2700 мас жүргізуші ұсталған. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 4 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Есепті кезеңде 270 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұлдар бойынша облыс бюджетіне 1 млрд. 300 млн теңге қаржы түскен.
Есептік кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, онда облыстық полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев бір сағат көлемінде залда отырғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалдардың басым дені учаскелік полиция инспекторларының қызметіне, ауылды жерлердегі мал ұрлығының алдын алуға, көшедегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болды.
Дәурен Аллабергенұлы