Барлық ауданда тұрақтандыру қоры құрылады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ күнделікті тұтынылатын тұрмыстық тауарлардың және кейбір азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақты ұстап тұру мәселесіне арналған селекторлық кеңес өткізді.
Апта басындағы теңге бағамының төмендеуіне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, тәулігіне екі мәрте облыс басшысына жағдайды мәлімдеп тұруға тапсырма алған-ды. Осы кеңесте аймақ басшысы тиісті орынбасарлары мен жауапты мекеме жетекшілерінен берілген тапсырмалардың орындалу барысын сұрады.
Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың айтуынша, Өскеменде азық-түлікке бағаның күрт көтерілу фактісі тіркелмеген. Ірі сауда орындарының, «Дина» толайым базарының жетекшілерімен ірі толайым сатушылар үшін жалға алу ақысын төмендету туралы келісімге қол жеткізілген. Облыс Әкімі кеңеске қатысқан «Дина» толайым базарының басшысын базар аумағындағы бағаның қозғалысын қатаң бақылауға алуға шақырды.
– Жағдайды пайдаланып, басқаның есебінен байып кетудің абырой әпермейтіндігін түсінулеріңіз қажет. Кәсіпкерлердің азық-түлікті қандай бағамен сатып алып, енді қандай бағамен сатып жатқандығын қадағалаңыз. Бағаны көтерген алыпсатарларға орын бермеңіздер, – деді аймақ басшысы.
– Қазіргі уақытта қант орталығының жұмысы тоқтап тұрғандықтан, қантқа сұраныс жоғарылап тұр. Базардағы аталған өнімнің жетіспеушілігі Белоруссиядан тасымалдау арқылы қамтамасыз етілуде. Қытайдан импортталатын жеміс-көкөністер бағасының қымбаттауы байқалды. Сонымен бірге «Сарыағаш» минералды суы мен Алматы маргарин зауытының өнімдері 15-20 пайызға көтеріліп кетті. Аталған фактілер бойынша арнайы жұмыс тобы шұғылданып жатыр. Әлеуметтік нанның бағасы бұрынғысынша, бөлкесі – 45 теңгеден сатылуда. 12 наубайхана тұрақты жұмыс істеп тұр. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мамандарының баяндауынша, жалпы Өскемен қаласы бойынша тарифтерді көтеру фактілері болған жоқ. Алайда, дәрі-дәрмектің бағасын көтеру әрекеттері байқалып отыр. Кейбір фармацевтикалық компаниялар тіпті, алдағы баға көтерілімі туралы ресми мәлімдеп те үлгерді. Сондай-ақ, ірі сауда орталықтарының тұрмыстық техникалардың бағасын 15-20 пайызға көтергені анықталды, – деді Нұрлыбек Шерубаев.
– Қытайдан келетін импорттық тауарларға келсек, оның бағадан көтеріп отырған өзіміздің кәсіпкерлер. Көрші мемлекетте бағаның өсуі болған жоқ қой. Неліктен олардың тауарларын қазақстандық кәсіпкерлер 20 пайызға қымбаттатып сатуы керек? – деді облыс Әкімі.
Облыстың ірі қалаларында тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын қосымша сауда нүктелері ашылып, жұмыс істеуде. Сонымен бірге дәл осындай сауда орындары аудандарда да ашылуда.
– Біз Өскемендегі 48 сауда нүктесін тұрақтандыру қорының өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Ешқандай дүрбелең жоқ. Әзірге республикалық тұрақтандыру қоры арқылы бидаймен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Қалалықтарды әлеуметтік нанмен қамтып тұруға ұн қоры бізде жеткілікті, -деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, нан пісірушілер осы жағдайды пайдаланып, тұрақтандыру қорынан берілген ұн арқылы өздерінің басқа да қордаланған мәселелерін шешіп алуы мүмкін.
– Өскемен қаласының тұрғындары тәулігіне бірінші сұрыпты нанды жеті тоннаға дейін тұтынатынын білеміз. Тәулігіне 10 тонна десек, айына 300 тонна ұн қажет болады. Ал нан пісірушілер соңғы жағдайларды пайдаланып, 960 тоннаға тапсырыс беріп отыр. Бұлай етуге болмайды,-деді басқарма басшысы.
Аймақ басшысы бұл ұсыныстың орынды айтылғанын атап, қаладағы нан пісірушілер айына 300 тонна ұнға есеп жасаулары, жағдайды өз мақсаттарына пайдаланбаулары керектігін баса ескертті.
Облыс Әкімі қалалар мен аудандар әкімдеріне онлайн режімі арқылы байланысқа шығып, жергілікті жерлердегі ахуал туралы сұрады. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов шаһардағы бағаның жайы қалыпты екендігін баяндады.
Облыс Әкімі уақыт оздырмай тұрақтандыру қоры барлық аудандарда құрылып, жұмыс істеуі керектігін тапсырды. Мәселен, Глубокое ауданы өзгелерге үлгі болып, елден бұрын тұрақтандыру қорын құрып, нәтижелі жұмысты бастап кеткен. «Ертіс» ӘКК ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Арман Бекбосыновтың айтуынша, қазірдің өзінде ауданда өндірілмейтін өнімдерге сұраныстар жиілеген. Бұл мәселені тасымалдау арқылы шешуге болады. Алайда, өңірдегі ауа райының аязды болуына орай қиындықтар туындап тұрған көрінеді. Облыс Әкімі облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына мәселені шешуге тапсырма берді.
Өңір басшысының ұсынысымен алдағы демалыс күндерінде аудандарда жәрмеңкелер өткізу басталып, онда тұрақтандыру қоры мен жергілікті кәсіпкерлердің өндірген өнімдері сатылатын болады. Мұндағы өнімдер тек бұрынғы баға деңгейінде ғана сатылуы тиіс.
Облыс бойынша бағаны ұстап тұруда оңды жағдайлар Қытаймен шекаралас аудандарда байқалып отыр. Байланысқа шыққан Зайсан, Үржар аудандары басшыларының мәлімдеуінше, импорттық азық-түліктерге бағаның күрт өсуі тіркелмеген. Аягөз ауданының әкімі Нұрбол Нұрғалиевтің берген мәліметінше, Алматы қаласынан жеткізілетін шай түрлеріне және бакалея өнімдеріне бағаның өсу қаупі бар. Облыс басшысы өзінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевқа оңтүстік астанадағы әріптестерімен бұл мәселені шешуді тапсырды.
Аймақтағы екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау пунктеріндегі жағдайды бақылау бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі екінші деңгейлі 29 банкте және айырбастау орындарында валюта курсын негізсіз көтеру жағдайлары тіркелмегендігін атады. Долларды сатып алу мен сатудың айырмашылығы екі теңге болса, евро – үш теңге болып қалыптасып отыр.
– Егер кімде-кім несиелерін доллармен алғаны үшін қайта есептетуге үміттенсе, бұл әрекет заңсыз болып табылады. Барлық жерде есептесу ұлттық валюта арқылы жүргізіледі. Құрылыс бойынша да жобалық-сметалық құжаттарды қайта жасауда ешқандай қосымша қаражат бөлінбейді. Кәсіпкерлерге айтарым: олар жерлестерінің арқасында байып қалуды ойламай, өз Отанының патриоты бола білулері керек. Бағаны негізсіз көтергендердің барлығы да жауапкершілікке тартылатын болады. Бағаны көтеруге ешқандай да негіз жоқ,-деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ барлық кәсіпкерлерді жағдайға түсіністікпен қарауға, аудандарда құрылып жатқан тұрақтандыру қорларына қолдау білдіруге шақырды. Тиісті қадағалаушы және бақылаушы органдар талапты бұрынғыдан да қатаңдатқаны абзал. Облыстық әкімдікте бірнеше «Қауырт желі» телефондары жұмыс істеп, тұрғындар солар арқылы бағаның негізсіз өсу фактілерін облыс басшылығына хабарлай алатын болады.
Дәурен Аллабергенұлы