Бұқаралық спортқа ден қойып отыр
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында таяу жылдары еліміздегі бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар санын 30 пайызға жеткізу, жастардың бойында ұлтжандылық пен патриоттық сезімдерін қалыптастыру турасында егжей-тегжейлі айтылғаны белгілі. Осыған орай, бүгінде Зырян ауданында бағытты да бағдарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовпен тілдесіп, Зыряндағы бұқаралық спорттың дамуы жайында айтып беруді сұраған едік.
– Біз аталмыш бағыттағы жұмысымызды үйлестіріп, белгіленген жоспар бойынша іс тындырып келеміз. Мәселен, 2014 жылы аудан бойынша 21 185 адам бұқаралық спортпен айналысса, қазір аудан тұрғындарының 30,7 пайызы спортты өздеріне серік еткен. Тек өткен жылы бұқаралық спорт, денешынықтыру және сауықтыру бағыты бойынша 273 шара өткізілді, – дейді аудан басшысы.
Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, бұл күндері аудан тұрғындары спорттың 27 түрімен шұғылданады. Оның ішінде Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген баскетбол, бокс, еркін күрес, волейбол, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, үстел теннисі, таэквондо, ауыр атлетика, футбол, сондай-ақ, биатлон, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, шайбалы хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру сынды қысқы спорт түрлері және де халық арасында кеңінен таралған дойбы, шахмат, гір спорты, қол күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, қазақша күрес сияқты спорт түрлері бар.
– Жастар – болашағымыз! Аудандағы жалпы білім беретін 40 мектепте бұқаралық спорт түрлері кең сипат алған. Білім ордаларында 68 дене тәрбиесінің мұғалімі сабақ береді. 32 мектепте заманауи спорт залдары жұмыс істеп тұр, онда жаттығатын мектеп оқушыларына барлық жағдай жасалған. Аталған мектептерде 91 спорт секциясы бар. Тұрғысын, Серебрянка, Зубовка, Октябрь орта мектептеріндегі 1 235 оқушыға арнайы бағдарлама бойынша дене тәрбиесінен қосымша сабақтар берілуде, – дейді Нұржан Тоқсейітов.
Әңгіме барысында аудан әкімі үстіміздегі жылдың ақпан айында Зырянда көрші Катонқарағай, Күршім, Зайсан аудандары мектеп оқушыларының басын қосқан хоккейден аймақтық «Жұлдызша» турнирі өтіп, бас жүлдеге айдын иелері ие болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, бұл күндері ауданда балалар мен жасөспірімдерге арналған үш спорт мектебі жұмыс істеп тұрғанын айтты. Қазірде бұл мектептерде 1 400-ге жуық оқушы шеберліктерін жетілдіріп жатқан көрінеді.
Жыл сайын аудандық білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімі еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы нормативін орындау бойынша тест тапсырып, жүлделі орындарға ие болғандар облыстық сайысқа жолдама алады екен.
– Аудандық әкімдіктің қолдауымен жыл сайын еркін күрес, таэквондо, бокс пен волейболдан Кеңес Одағының Батыры П.Брилинді еске алуға арналған турнирлер өтіп тұрады. Сондай-ақ, «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік кәсіпорындары арасындағы шағын футболдан, балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболдан өтетін халықаралық турнирлер де дәстүрге айналған. Бұған қоса, «Дружные ребята» газетінің жүлдесі үшін шағын футболдан 2000 жылдары туған жастар арасындағы республикалық турнирлер де өткізіледі. Аты аталған жарыстарға былтырдың өзінде екі мыңнан астам бала қатысқан, – дейді аудан басшысы.
Әңгімеден ұққанымыздай, қазір әсіресе, Зырян, Серебрянка қалалары мен Зубовка, Малеев, Бородино, Никольск, Жаңа Бұқтырма сияқты елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда 152 спорт кешені мен ашық, жабық алаң жергілікті тұрғындарға тегін қызмет көрсетуде. Өткен жылы ауданда 100 орындық хоккей модулі, конькимен жүгіру, шорт-трек сынды спорт түрлеріне арналған жаңа заманауи нысандар пайдалануға берілді. Ал биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған воркаут кешені іске қосылды.
– Аудан саңлақтары жыл сайын облыс әкімі жүлдесі үшін өткізілетін халықтық ойындарда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Облыстық жарыстарды айтпағанда, республикалық, халықаралық додаларда жүлдегер атануда. Байрақты бәсекелерде аудан мен облыс, ел намысын абыроймен қорғап жүрген жерлестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Н.Тоқсейітов.
Оңдасын Елубай
Зырян ауданы.