Руханият

Бар жақсылық – балаларға

Бар жақсылық – балаларға


Халықаралық Балаларды қорғау күні Семейде өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. Облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, орталық алаңда балаларға құттықтауын, игі тілегін жеткізді. Көпбалалы аналарға жазғы мезгілде балаларын сауықтыру үшін лагерьлерге тегін сертификаттар табыс етті және төрт жасар баланы құтқарған сегіз жасар Виктор Новоселовке Білім және ғылым министрлігінің марапат қағазы мен жазғы демалыс лагеріне сертификат табыстады.

Халықаралық Балаларды қорғау күнінде қала бойынша оннан астам мерекелік алаң жұмыс істеп тұрды. Қаладағы Абай атындағы және Ф.Достоевский атындағы драма театрларда «Қаңбақ» және «Жила-была сыроежка» атты ертегі қойылымдар қойылды. Оған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының 500 баласы және мүмкіндігі шектеулі 200 бала тегін барды.

Арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы да өздерінің қарамағындағы балалар үшін мереке ұйымдастырыпты. Бұл күні көптеген орында балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қайырымдылық шаралары өтті.

Әсіресе, мектеп жанындағы лагерьлер, спорт мектептері мен балалардың биологиялық орталығында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Спидкубинг бойынша қаланың құрама командасы шеберлік сабақтарын өткізді. Балалар мен жастардың Орталық алаңда өткен музыкалық шеруі баршаны таңғалдырды. Әр музыкалық ұжым өздерінің жеткен жетістіктері мен табыстарын паш етті. Шеруге колледждер мен мектеп оқушылары қатысты.

-Шерудің мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында мектеп оқушылары мен студенттерінің эстетикалық және патриоттық тәрбиесін дамыту. –Бұл шара Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша қатарынан екінші жыл өткізіліп отыр. Шеру балалар мен жастардың музыкалық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың білім беру ұйымына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруды көздейді. Бұл еліміздің барлық білім беру ұйымын біріктіретін кең ауқымды республикалық акция, – деді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Қаланың жалпы орта білім беретін мектептері, колледждері мен қосымша білім беретін мекемелері шеруге орай дабылшылар отрядын, ансамбльдерді, мажореткаларды, черлидирлерді, хор, би ұжымдарын дайындапты.

Шеруден кейін балалар Ертіс өзені жағалауына шығып, сол жердегі ойындарға, спорттық шараларға белсене атсалысты. Ертіс өзенінің жағалауында «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында балаларға арналған мереке басталды. Балдырғандар ұлттық ойындарға қатысып, арқан тартты және Балаларды қорғау күніне орай сурет салды.

Бес мыңнан астам өнерпаз қатысты

Бар жақсылық – балаларға

Халықаралық балаларды қорғау күні Өскемендегі Республика алаңында «Өрле, Қазақстан!» балалар мен жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова, білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ришат Рамазанов, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Амангелді Толамисов, облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Ертісбек Садуақасов сахна төріне шығып, балаларды төл мерекесімен құттықтады. Шеруге облыс аудандары мен қаламыздан бес мыңнан астам жас өнерпаз қатысты. Ал облыс қалалары мен аудандарында өткен шерулерде 100 мың бала өнерлерін көрсетті.

-Баршаңызды халықаралық балалар мерекесімен құттықтаймын! Балаларымыз білімге құштар, құндылықтарды қастерлейтін азамат болып өсуі үшін, сауықтыру лагерьлерінде демалуы үшін облыс басшылығы тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Өңірімізде 1-10 сынып аралығындағы 176 мыңнан астам оқушы бар. Олар үшін 990 лагерь және арнайы алаңдар жұмыс істейді. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына айрықша көңіл бөлініп отыр. Аталған санаттағы 33 582 баланың барлығы сауықтырумен және демалыспен қамтылатын болады. Жиырма жетім бала Италияда демалады, ал аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 40 бала «Бөбек» ұлттық сауықтыру орталығына барады,-деді Әсем Нүсіпова.

Сонымен қатар көпбалалы отбасыларынан шыққан 7 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде демалатын болды. Ол үшін жалпы білім беру қорынан 133 миллион теңге бөлінген. «Өз жеріңді таны» жобасы аясында қалалық және аудандық бюджеттердің есебінен 20 мыңнан астам оқушы өлкеміздің табиғи, мәдени, тарихи ескерткіштерімен танысады. Олардың қатарында Катонқарағай ауданындағы мемлекеттік ұлттық табиғи парк, ашық аспан астындағы мұражай, Оралхан Бөкей мұражайы, Күршім ауданындағы «Ашутас» табиғи ескерткіші, Семейдегі «Өлімнен де күшті» монументі, Ф.Достоевский мұражайы, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы, Абай ауданындағы Әуезов мұражайы, Еңлік-Кебек ескерткіші, Жидебай, Абай-Шәкәрім мавзолейі, мұражай-үйі, «Күшікбай» бастауы бар.

Мерекелік шара барысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма балаға үлгілі тәртібі мен оқудағы жетістіктері үшін жазғы сауықтыру лагерінде тегін демалуға сертификаттар тапсырылды.

Алаңда «Адай» күйі күмбірледі

«Жасасын Қазақстан!», Жасасын Жастар!», «Жасасын Өскемен!» деп ұрандап, салтанатты сап түзеген жастар өскемендіктер мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп, Қазақстан көшесінде қаз-қатар тізілген колонналар анадайдан көз тартады. Мерекелік шеру облыстық байқаулардың лауреаты «Dance Class» би ансамблінің «Отан» шығармасымен басталды. Шерудің алғашқы легінде мерекенің басты эмблемасы – Жастар жылы жалауын республикалық, облыстық «Студенттік көктем» байқауының лауреаттары, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жастары алып шықты.

Бар жақсылық – балаларға

Шеруді «Үміт» балалар үйінің өнерпаздары бастады. Білім беру ісінің үздігі Майра Баймұханқызы басшылық ететін «Үміт» балалар үйінің балғын өнерпаздары облыс әкімі сыйлығының «Үздік интернат-балалар үйі» аталымы бойынша бірінші деңгейлі дипломмен екі мәрте марапатталған, «Білім ұясы» республикалық байқауының Гран-при жүлдегері, балалар шығармашылығына арналған халықаралық фестивальдардың жеңімпазы. Шеруде «Аққу-Үміт» хореографиялық ансамблі мен «Шығыс жұлдызы» би тобының мың бұралған бишілері өнер көрсетті.

Келесі сапта Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің, №5, 14 орта мектептерінің, Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің, «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің, «Мұрагер» жиынтық домбыра ансамблінің үздік оқушылары «Тепеңкөк» халық күйін орындап, шеберліктерін көрсетті. «Мұрагердің» домбырашылары облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдардың жүлдегерлері.

Сап түзеген №10 мектеп-гимназия – тілдік және техникалық пәндер бағытындағы дарынды балаларды қолдары жүрген білім ошақтарының бірі. Биыл гимназия оқушылары «Technovation Gallenge» халықаралық байқауында және «Болашаққа қадам» IT-форумында үздік шығып, грант жеңіп алды.
Мерекеге қатысушылар төртінші саптағы жас жол инспекторларын қарсы алды. Аймақтық Полиция департаментінің қолдауымен Өскемен қаласы әкімдігінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубтарының бірлестігінде бес жыл бойы жас жол инспекторларының штабы жұмыс істейді. Штаб № 9, 20 метептерінің оқушыларынан құралған. Жас инспекторлар халықаралық жарыстардың және республикалық слеттердің жеңімпаздары.

№16 мектепте жүзеге асырылып жатқан «Мұрагер» бағдарламасы оқушыларға тілін, дінін, дәстүрін, өнерін, әдет-ғұрыпын білуге, елін-жерін сүюді үйретеді. Қазіргі күні осы бағдарламамен 450 –ге жуық бала қазақтың қасиетті қара домбырасын үйреніп жүр. Жоғары деңгейдегі жеткен жас домбырашылар шеруде Құрманғазының «Адай» күйін орындап, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Облыстық балалар ауылындағы көркемөнерпаздар ансамблі 11 жылдың ішінде кәсіби оркестрге дейін өсті. Жас күйшілер «Алатау шыңы» республикалық байқауының Гран-при және «Golden Stars» халықаралық таланттар фестивалінің Гран-при иегерлері. №38 ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның «Спэйс» черлидерлер командасы түрлі сайыстардан 47 медаль жеңіп алған. Черлидерлер биі мен акробатикасы, пирамидалары шеруге ерекше сән берді.

Этноауылдағы жеті керемет

Шерудің кезекті легін «Қазақстан» хореографиялық қойылымымен қазақтың ұлттық киімдерін киген Жарма ауданының бишілері бастап шықты. Қойылымды халықаралық, республикалық, облыстық сайыстардың жүлдегерлері «Шара Данс», «Алтын шар», «Әй-Керім» би ансамбльдері ұсынды. Шеруді жалғастырған №37 көпбейінді орта мектебі – мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру мен тәрбиелеудің бірегей үлгісін әзірлей отырып, инклюзивті білім беруді ойдағыдай жүзеге асырып отырған бірден-бір білім шаңырағы. Шығармашылық сайыстарға белсене қатысатын мектеп оқушыларының жетістіктері де аз емес.

Биыл Өскемендегі №1 музыка мектебіне 75 жыл толады. Бұл өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің бай тәжірибесін жинақтаған қосымша білім беру мекемесі. Республикалық, халықаралық шығармашылық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген оқушыларының саны жылдан жылға артып келеді.
Сол сияқты «Асыл мұра» халық аспаптар оркестрі, «Сұңқар», «Жас құтқарушы» әскери-патриоттық бірлестіктері, «Сударушка», «Достар», «Гармония» шығармашылық ұжымдары, Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының барабаншылары да облыс тұрғындарын өнерлерімен қуантты.

Шеру соңында «Үміт» балалар үйі тәрбиеленушілерінің өнерін тамашалаған алаңдағы балалар әуеге шар ұшырып, шат-шадыман күйге бөленді.
Бұл күні облыс орталығында ғана емес, өңірдің барлық қала-аудандарында мерекелік концерттер мен мәдени, спорттық шаралар өтті. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар театр қойылымдарын тегін тамашалап, дәмханаға барып, кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтарында көңіл көтерді.

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен, облыс әкімдігі және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен шеру сол жағалауда орналасқан этноауылдағы «7 керемет» шоуымен жалғасты. Арнайы жасақталған жеті алаңда қызықты спорттық ойындар, шеберлік сабақтары, твистинг, квест, асық ату, арқан тарту сияқты қазақтың ұлттық ойындары өтті. Фея Блум мен Райдер, Леди Баг, Лол қуыршақтары сияқты балалардың сүйікті кейіпкерлерін сомдаған аниматорлар түрлі байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарға тәтті сыйлықтар үлестірді. Балғындарға қуаныш сыйлаған ауқымды шараларды ерекше дайындықпен өткізген қосымша білім беру орталығы мамандарының еңбегін айрықша атап өткен жөн.

Раушан Нұғманбекова,

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button