Бар өмірін мемлекеттік қызметке арнап келеді

Гүлбаран Ақшабаева бар ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған. Ресми деректер бойынша елімізде мемлекеттік қызметкерлердің 57 пайызын әйелдер құрайды екен. Олардың үлес салмағы денсаулық сақтау саласында 71 пайыздан асса, білім және ғылым мен экономика және бюджеттік жоспарлау салаларында сәйкесінше 66 және 69 пайыздың үстінде.
Осы қатардың бел ортасында болған Гүлбаран Майлыбайқызы еңбек өтілінің 33 жылын Теректі ауылы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арнаған жан. Қарлы боранда ауылға келетін жолдың қарын тазалаттыру, жазғытұрым қарғын сумен арпалысу, құрғақшылық жылдарында Тәлмен мен Тентектен су іздеп елдің мәселесін шешу мойнында болды. Қазіргі күні «кешегі 90-шы жылдардың аумалы-төкпелі заманында әкім Ақшабаева көмектесіп еді» дейтін адамдар қаншама.
Гүлбаран Майлыбайқызы орта мектепті бітіргесін, Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищені тәмамдап, Теректі ауылында Қойгелді Аухадиев атындағы сегізжылдық мектепте еңбек жолын бастаған.
Теректі ауылдық округіне қарасты Теректі ауылында мерекелер мен мейрамдар сайын көптеген жерлестер жиналып, шұрқырасып табысып жатады. Ауылым деп келген адамдардың көңілі нәумез болмасын деп, ауылды қожыратпай таза ұстау да әкімнің бір міндеті. Сондықтан ауыл көшелерінің тазалығына, тұрғын үйлер ауласының абаттандырылуына да баса көңіл бөлді. Бұрыннан жасыл желекті Теректінің, көшелеріне қызыл-жасыл баннерлер іліп, кіреберіске ауылдың атын, округтің төлқұжатын жаздыртып қойған болатын.
Бүгінде ауылдағы жағдай бұрынғыдан өзгерген. Сары самауыр орнын термопот басса, 100 каналды спутникті антенна дүниенің төрт бұрышынан хабар көрсетеді. Ұялы байланыстың барлық түрі ақ самайлы апа мен оқушы балада бар. Өрнек пен Тастының диқаны, Қызылжұлдыз ауылының құс бағушысы, Теректінің фермері – бәрі де әкімді іздейді, ақылдасады, көмек сұрайды. Олардың бәрінің көңілін тауып, қанағаттанарлық жауап беру Гүлбаран Майлыбайқызының күнделікті жұмысы еді.
2012 жылдан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалын басқарады. Осы кезден бастап әкім Ақшабаеваның партиялық қызметі басталады. Партиялық қызметтегі алғашқы жұмысы аудандық филиал ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуден басталды. 1961 жылы салынған саман үйді еденінен бастап шатырына дейін қайта жөндетеді.
Партия қатарына жаңа мүшелер алып, олардың электронды базасын жасатады. Партиялық жобалар бойынша пәрменді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Көкпекті аудандық партия филиалына қарасты Сайлямхан Чалова жетекшілік ететін №7 Тассай сайлау округі бастауыш партия ұйымы 2014 жылы республика бойынша «Ең үздік бастауыш партия ұйымы», 2015 жылы Аслан Таныспаев төрағалық ететін №1 Көкпекті сайлау округі бойынша бастауыш партия ұйымы және Гүлнәр Шаймарданова басқаратын №10 Абай сайлау округі бастауыш партия ұйымы «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» атанды.
Бұл көкпектілік партияластардың беделін республика деңгейіне дейін көтерді. Партиялық бақылауды күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысын жандандырып төрт жылда отыздан астам құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Аудандағы қоғамдық ұйымдардың жұмысын белсенді үйлестіруде білікті жетекшілік ете білді. Оған дәлел ретінде сайлауды ойдағыдай ұйымдастырғаны үшін Елбасының Алғыс хаты мен облыс, аудан әкімдерінің мадақтамаларын атауға болады.
Әкім де болып, партия қызметкері де болып мейірімін, жоғалтпаған жан. Осы асыл қасиеттерін айналасындағы жас ұрпаққа беріп, ұлы Дархан мен қызы Гүлнұрға дарытқан. Олар да аналарының жолымен мемлекеттік қызметті атқаруда. Қызметтен қолы қалт етсе, Өрнек ауылында тұратын анасы Күлсараға асығады. Әкесі Майлыбай мен өзінің жолдасы Ниязбекке арнап дұға оқып, бата қылады.
Өнегелі өмірі көпке үлгі Гүлбаран Ақшабаева әріптес құрбысы, партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Рауия Наурызбаева екеуі «Нұр Отан» партиясының саясатын Көкпекті ауданында жүргізуде еселі еңбек етуде. Бақытын еңбектен тапқан мемлекеттік қызметкердің Конституцияның 20 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдары – Отан алдында алған марапаттары. Соның ішінде «Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалі де бар. Замандасымыз Гүлбаран Ақшабаева осындай жан.
Қайрат Бесбайыс
Көкпекті ауданы.