Бар бақытын еңбектен тапқан ардагер
Балалық бал дәуренін сұм соғысқа ұрлатып, бала болып ойнауды да білмей, ер-азаматтармен қатар тылдың таусылып бітпес тірлігіне араласып, еңбекпен ерте есейген аға толқынның алды бүгінде сексеннен асса, арты жетпістің жуан ішіне кірген. Ең бастысы, олардың бәрі де сөйлесе қалсаң, өздерін бақытын еңбектен тапқан жандармыз деп біледі. Әрбірі онға тарта ұрпақты дүниеге әкеліп, оқытып, жеткізіп, солардан немере-шөбере сүйіп отырған бір-бір мәуелі бәйтеректер. Сондай ардақты жандардың қатарында Қадылбек Қабдығалиұлы Дырынбаев та бар.
Бұғанасы қатпастан шаруаға араласты
Қадылбек аға 1936 жылы 10 қыркүйекте Зайсан ауданына қарасты Октябрь ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл сол уақыттарда Зайсан аудандық шекара әскерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ететін шаруашылық бөлімшесі болған. Әкесі Қабдығали Дырынбаев 1904 жылы туған, шешесі Қайша екеуі де бұл жақта Кеңес үкіметі орнағаннан кейін шекарамыздың берік болуына өз үлестерін қосқан жандар. Отбасында Қадылбек, Гүлшира есімді екі бала дүниеге келеді. Алайда, 1942 жылы Қадылбек алты жасқа келгенде әкесі Қабдығали соғысқа, Отанды жаудан қорғауға аттанады. Бірден Смоленск түбіндегі кескілескен ауыр шайқастарға қатысып, сол қырғынның бірінде, жаумен арпалыста 1943 жылы ерлікпен қаза табады. Тағдырдың қатал сынағындай болып, соғыстың бүкіл ауыртпашылығы, шиеттей екі баланы өсіріп, жеткізу Қайша ананың мойнына жүктеледі. Осыны түсінген жас ана қиындыққа қайысып кетпей, еңсесін тіктеп, ауылда бау-бақшаны өсіруге атсалысып, сауыншы болып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосады. Сөйтіп жүріп, екі баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді.
Қадылбек те бұғанасы қатпай, еңбекке араласып, үлкендермен бірге шекара аттарына шөп тасыды. Осылайша, тылдағы жұмысқа өз үлесін қосады. Бұл еңбегі кейіннен «Тыл ардагері» атағын алуына бастау болған еді. Көптен күткен Жеңіс те келіп, 1945 жылы 9 жасында Қадылбек ағамыз ауылдағы бастауыш мектепке 1 класқа барады. Осында бастауыш 4 класты бітіргесін, он шақырым жердегі кеңшар орталығы Айнабұлақ ауылында орналасқан «Красный Жеменей» аталатын 10 жылдық білім ордасында оқуын жалғастырып, оны да жақсы бағамен тәмамдайды. 1955 жылы өзі өскен Октябрь ауылына жұмысшы болып орналасып, 19 жасынан бастап соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын өркендетуге, қалпына келтіруге белсене кіріседі, әртүрлі жұмыстар істейді. 1958 жылы жолдамамен жүргізушілік курсқа Зайсан қаласына оқуға жіберіледі. Арада төрт ай өткенде «ГАЗ-51» жүк көлігін тізгіндеп, қайта оралады. Дәл осы жылы жұмыс істей жүріп, Күлән есімді бойжеткенмен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. 1960 жылы тұңғыштары Гүлмайра өмірге келеді. Ағамыз осы бөлімшеде үздіксіз 13 жыл жүргізуші болады.
Тапсырылған шаруаға аса ұқыптылықпен қарап, уақытында орындай білуімен көзге түскен Қадылбекті 1969 жылы басшылар мал шаруашылығы бригадирі етіп ауыстырады. Мұнда да сеніп тапсырылған жұмысты бар ынтасымен атқарады. Қызметтегі мінсіз көрсеткіштері үшін Қара Ертіс ауылдық кеңесінің атынан төрт мәрте депутат болып сайланады. Құрмет тақтасына суреті ілінеді. 1975-1976 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық техникумын тәмамдап, зоотехник мамандығын алады. Соңынан аудан басшылығының жолдамасымен 1978 жылы Көкшетау қаласындағы республикалық ауыл шаруашылығын басқару мектебіне жіберіледі. Оны өте жақсы деген бағамен бітіріп шығады.
Ал 1983 жылы ағамызға тағы да бір үлкен шаруашылық сеніммен тапсырылады. Оны Зайсан ауданының жаңадан құрылған Ақарал кеңшары Ақарал бөлімшесінің бастығы етіп тағайындайды. Мұнда да мал басы санын көбейтуде қол жеткізген жақсы көрсеткіштері үшін аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланады. Осы қызметін ұзақ жылдар табысты атқара жүріп, аудан, облыс басшыларының көптеген марапаттарына ие болады. 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалін алса, бүгінде «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 65 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70 жыл» медальдары кеудесінде жарқырайды.
Зейнетке шықса да, бірнеше адамға жұмыс тауып берді
Қадылбек аға 1997 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Онда да қол қусырып, қарап отыра алмай, отбасымен ақылдасып, 25 гектар жер алып, «Жалын» деп аталатын шаруа қожалығын құрады. Бақша өнімдерін, картоп өсірумен айналысады. Кеңшарлар тарап, мекемелер жабылып, ел әбігерге түскен сол жылдарда бірнеше отбасыны тұрақты жұмыспен де қамтамасыз етеді.
Ал Күлән апа өз еңбегін ұзақ жылдар мәдениет саласына арнады. Ауданға есімі танылған кітапханашы болды. сегіз баланы дүниеге әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанды. Отағасы екеуі бәрін де өсіріп, жеткізді, барлығына да жоғары білім әперді. Балаларын жастайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Бұл әулетте ұстаз да, әскери қызметкер де, құрылысшы да, кәсіпкер де, дәрігерлер де, мемлекеттік қызметші де, бәрі бар. Саналы ұрпақ тәрбиелеуді енді балалары жалғастырып жатыр.
Мәселен, тұңғыштары – Гүлмайра облыс орталығында жеке кәсіпкер, онға тарта отбасыны жұмыспен қамтып отыр. Қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Жолдасы Еркін Қасымов – ұзақ жылдар бойы өңірдің Қылмыстық атқару-жүйесінде жемісті де үлгілі қызмет атқарды, департаментте бөлім басқарды. Әділет подполковнигі шенінде зейнет демалысына шықты. Қазір де Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ардагерлер кеңесінің мүшесі. Ұзақ жылғы тәжірибесін жастарға үйретіп келеді.
Онан кейінгі қызы Гүлнәр – жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі, «Бірінші дәрежелі Қазақстан ұстазы» медалінің иегері. Үшінші қыздары Гаухар – анасының жолын қуып, кітапханашы мамандығын меңгерді, бүгінде Қарағанды облысының Қарқаралы өңірінде қызмет істесе, жолдасы Серік «Қазақмыс» коорпорациясында жол жөндеу қызметінің басшысы. Бақыт қыздары болса – Шығыс Қазақстан облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің балалар және жасөспірімдер объектісі және тамақтану объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы. Жолдасы Арқалық «Қазцинк» ЖШС-де инженер болып қызмет атқарады. Ұлы Талғат – Ахмер кентіндегі 27943 әскери бөлімде еңбек етеді. Отан қорғау жолындағы ерен еңбегі үшін бірнеше мәрте Қорғаныс министрлігінің медальдарымен марапатталды. Әскери мінсіз қызметі үшін 2008 жылы Мемлекет басшысының қолынан Құрмет Грамотасын алған. Қыздары Бейбітгүл Астана қаласындағы НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінің кафедра меңгерушісі және биология пәні бойынша сарапшы ұстаз, жолдасы Батыр Астана қаласында жеке кәсіпкер.
Қадылбек ағаның егіз ұлдары Қанат пен Жанат та әр салада елге қызмет істеп жүрген білікті мамандар. Қанат облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары болса, Жанат республикалық жеке сот орындаушылар палатасының тексеру комиссиясының мүшесі, Астана қаласында жеке сот орындаушысы. Ал Жаратқанның қалауымен әулеттің өрісін ұзартып отырған келіндері Тамаша жеке кәсіпкер, Қырмызы ұстаз, Шынар дәрігер болып жұмыс істейді.
Осы сегіз баласынан Қадылбек аға мен Күлән апа 21 немере, 9 шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Қазір Өскемен қаласында ұлдары Қанаттың қолында тұрады. Балаларының өзі де бүгінде ата мен апа атанып отырған бір-бір өнегелі де өнерлі отбасылар.
«Мерейлі отбасы» байқауында мерейі тасыды
Тыл ардагері биыл көктемде балаларының ұйғаруымен Елбасының бастамасы негізінде соңғы жылдарда тұрақты өтіп келе жатқан республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға шешім қабылдады. Оған бірнеше ай тыңғылықты дайындық жүргізді. Нәтижесінде, өнегелі отбасы Өскемен қаласы бойынша үздік деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды. Онда да облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, арнайы бағалы сыйлыққа ие болды.
Дырынбаевтардың балалары отбасындағы татулықты бәрінен де артық қояды әрі басты жетістігіміз де осы деген қағиданы ұстанады.
– Бұл шараның жастар үшін шарапаты мен мәні зор. Жастар біз секілді аға буынның көрген қиыншылықтарын, еңбекте жеткен жетістіктерін білуі тиіс. Содан үлгі алуы керек. Отансүйгіштік қасиеттерді бойларына сіңіруі қажет. Мұны кездесулерде тыл ардагері ретінде жастарға үнемі айтып келемін. Мен де, менің отбасым да бар бақытын еңбектен тапты. Талмай ұзақ жылдар еңбектену арқылы осы биіктерді бағындырдық, осы күнге жеттік. Соны көрсету, баяндау үшін осы байқауға қатысып, отбасымыздың өнерін, жетістіктерін паш етуге тырыстық, – дейді әңгіме барысында әулеттің тірегі Қадылбек ақсақал.
Мұнымен қатар еңбек ардагері өзімен ұзақ жылдар қызметтес болған, жастайынан еңбекте бірге шыңдалған, бүгінде ел ағаларына айналған Марат Уәли, Оразбек Дуанбаев, Жанат Әбділдинов, Әнуарбек Бікіров, Сәкен Бекқалиев, Айташ Ағыбаев, Ермек Сабырбаев, Қалибек Алтыбаев, Шәкен Бектұрғанов, Шайкен Сыдықов, Мадиар Мұқышев сынды замандас жерлестерінің еңбектерін үнемі үлгі етіп айтып отырады.
Биыл Қадылбек ағаның үлкен әулетінде ерекше бір мерейлі жыл болды. Қадылбек аға мен Күлән апа екеуінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандарына 58 жыл толса, тыл ардагерінің өзі сексен атты асуды бағындырды. Кезінде «Алтын» тойларын да дүркіретіп, ағайынның, туған-туыстың, балаларының ортасында атап өткен алып бәйтеректей отбасы осы жеткен жетістіктерімен шектеліп қалуды жөн көрмейді. Саналы ұрпақтың жас толқынын тәрбиелеуді басты мұрат, басты парыз санайды.
Дәурен Аллабергенұлы