Қоғам

Бар байлығым –балаларым

Бар байлығым –балаларым


Халықтың әл-ауқаты оңалып, тұрмысы жақсара түскен кезеңде бала санының да молайғаны айқын аңғарылып, балабақшалардағы шу да бұрынғыдан қоюырақ естіле бастады. Күршімде жеті балалы отбасы бар екенін кездейсоқ естіп қалып, осы адамдармен бетпе-бет жүздесуге құмартқан едік.

Бізді Күршімнің Сейітхан Зангин атындағы көшесінде тұратын Фархат пен Гүлнәр Тоқановтар шынайы ықыластарымен қарсы алды. Дәм үстінде басталған әңгіме бірден жарасым тауып жүре берді.

Бұлардың екеуі де Маралды ауылының тумалары екен, ата-аналары да бізге жақсы таныс жандар болып шықты. 2001 жылы шаңырақ көтерген Фархат пен Гүлнәр отбасы жағдайымен 2013 жылы аудан орталығына қоныс аударыпты. Фархат Нұрланұлы бүгінде Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясы (бұрынғы «Алтайэнерго») Күршім филиалында электр монтеры болып еңбектенуде, ал кішкентайы бар Гүлнәр үй шаруасында. Осы берекелі отбасындағы жеті баланың ересегі Нұргүлдің жасы 15-те, ал ең кішкентай сәби Арманның дүниеге келгеніне он бір ай болыпты.

– Балалардың төртеуі мектепте оқиды, – дейді Гүлнәр Мұратқызы жымия күліп. – Екеуі балабақшада, біреуі, міне, қолымда. Үлкеніміз, 9-сыныпта оқитын Нұргүл бар шаруаға көмектеседі, Аллаға шүкір, қолғанат болып қалды. Бауырларының бәріне қамқор. Екінші қызымыз Гүлнұрдың денсаулығында біраз кінәрат болғандықтан, Зырян қаласындағы №1 оңалту мектебінде интернатта оқып жатыр.

«Көп баланы асырап-жеткізудің оңайға түспейтіні белгілі, әрі қазіргі уақытта мектептегі балалардың оқу құралдарын түгендеудің өзі әжептәуір ауыртпалық қой, осы жағы қинамай ма?» – деген сауалымызға Фархат сабырлы түрде жауап қайтарды.

– Қиыншылықтар болады, әрине, – дейді ол. – Бірақ қазақта «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген мақал бар емес пе?! Сол сияқты әр баланың өз нәсібі бар. Оқу құралдары жайына келер болсақ, өткен жылдың күзінде облыстық кәсіподақ ұйымы менің жеті балам бар екенін ескеріп, 105 мың теңге көлемінде жәрдем жасады. Әйтпесе, менің 70 мың теңге еңбекақымның қажеттің бәрін қамтуға жетпейтіні түсінікті ғой. Өткен жылғы кірісімізді шаққанда аудандық әлеуметтік қорғау бөліміндегілер «біраз ақшаларың артық болып кетті» деп жәрдемақы бермей қойған болатын.

Мына бір жайды үй иелері бізге күле отырып әңгімелеп берді. Бірінші сыныпта оқитын Досжан деген ұлдары Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға хат жазып, «Қайталанбас хат» атты конкурсқа қатысады. Оның жазғаны аудан, облыстың сынынан өтіп, Астанаға жіберіліпті. «Баланың жазғанын кім ескеруші еді?» деп ата-анасы бұл жайды ұмытып та кеткен екен. Бір күні Фархатты жұмыстағы кәсіподақ ұйымының басшысы шақырып, баласының атына қомақты сыйлық бар екенін айтады. Сөйтсе, осы сайыста үшінші орынға ие болған Досжан бағасы 40 мың теңгелік планшет ұтып алыпты.

Қоштасарда қойған «осымен тоқтадыңдар ма, жоқ әлде тағы да сәби сүйетін жоспарларың бар ма?» деген әзіл-шыны аралас сауалыма Гүлнәр байыппен жауап қайтарды.

– Көп баланы жеткізудің оңай емес екені рас, – дейді ол. – Бірақ осылардың шуы мен алысып-жұлысқан ойындарынан жанымыздың ләззат табатыны рас. Бар байлығымыз да, тірлігіміздің мәні де – осы балаларымыз. Құдай беріп жатса, мен асылық айтып, «артық» демеймін, дүниеге әкеле беремін. Баланы өзіміз «көп» деп отырған жоқпыз, осы жетеуінің әрқайсысының өз орны бар.

Осы шаңырақтағы кең пейіл, дарқан көңілге шынымен тәнті болған біз үй иелерімен жылы қоштаса тұрып, осы перзенттерінің күні ертең ел таныған, жұрт мойындаған азаматтар болып өсіп, барша үміт, сенімдерін ақтауына шын ниетімізбен тілектестік білдірдік.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button