Қоғам

Бар байлықтың иігілігін ел көреді

Бар байлықтың иігілігін ел көреді


Зайсан ауданы экономикасы жыл өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан аймақтың бірі. Қойнауындағы бағалы байлықтарымен табиғи көгілдір отынымен танылып, еліміздегі мұнайлы мекеннің бірі болған Зайсан ауданында бүгіндері жағымды жаңалықтар жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан игі істердің барысын, жалпы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында аудан әкімі Темірбек Қасымжановпен сұхбаттасқан едік.

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ірі жобалардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Осы орайда өңірде атқарылған жұмыстарға нақтырақ тоқталсаңыз.

– Атап айтқанда, «Атамекен» бағдарламасы аясында «Туған жерге – тағзым» акциясы жүзеге асырылып, аудан тумалары, кәсіпкерлер бұған өздерінің сүбелі үлестерін қосқанын мақтанышпен айтамыз. Мәселен, облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен аймақта бастау алған «Менің мектебім» жобасы бойынша өңірдегі барлық мектептердің әр жылдардағы түлектері өздерінің алтын ұяларының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға атсалысып келеді. Нәтижесінде 40-тан астам пән кабинеті жабдықталды. Мемлекет басшысының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша биылғы оқу жылында 11 роботтехникасы кабинеттері іске қосылып, оқушылар онда білім ала бастады.

«Мәдени мұра» бағытында жүзеге асырылған жобалардың бірі – М.Ломоносов атындағы орта мектептің 1997 жылғы түлектері аудандағы ардагерлерге арнап қаладағы Абай атындағы саябақта демалатын орынды тарту етсе, Сарытерек ауылдық округіндегі Шалқар ауылының тұрғындары өз қаражаттарына демалыс орнын салып, 7000 дана кітап қоры бар кітапхананы пайдалануға берді. Қарабұлақ ауылдық округіндегі ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің нәтижесінде бой көтерген қатымхана құрылысы толығымен аяқталды.

«Атамекен» бағдарламасындағы «Өзге жобалар» бағыты бойынша «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Абылғожина Қаратал ауылдық округінде екі отбасыға өз қаражаты есебінен жалпы құны төрт миллион теңге болатын екі баспана сатып алып берді. Сол секілді «Бота» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Баймұханбетов бастаған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер 2,5 миллион теңгеге округтегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының егін және мал шаруашылығы саласын дамытулары үшін қаржылай көмек көрсетті.

Ал «Ата мұра» жобасы бойынша Зайсан өңірінің тумалары, бүгінде Алматы қаласында тұратын бір топ өнер, шығармашылық саласында жүрген жерлестеріміз «Зайсанды ән-күйімен әлдилеген» атты кітап шығарып, оның тұсаукесерін Зайсан қаласында жасады. «Туған жерге – тағзым» бағдарламасы аясында ауданда бүлдіршіндердің мектепке дейін саналы тәрбиемен сусындауына ауданда барлық мүмкіндіктер ойластырылған. Осы ретте кішкентай балдырғандардың балабақшамен қамтылу мәселесі өз шешімін тапқан. Мәселен, өткен жылы Зайсан қаласында жекеменшік «Хеппи Бэби» балабақшасы ашылса, биылғы оқу жылында жекеменшік «Күншуақ» балабақшасы сәбилерге қызмет көрсете бастады.

– Енді негізгі сала – ауыл шаруашылығының жайына тоқталсаңыз? Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін Зайсан қаласында «Иртыш-ТЗ» тракторын құрастырып зауыттың техникалары тиімділігін көрсетіп келеді. Зауыттың өнімдеріне сұраныс қандай?

-Аудан жұртшылығының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі күні Зайсан өңірінде уақыт талабына сай 31 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Ұлт жоспарының 61-ші қадамы «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту» деп аталады. Осы орайда ауданымызда атқарылған игілікті істің бірі – «Нұр» шаруа қожалығының шағын ет комбинатының іске қосылуы. Ет комбинаты толық қуатында жұмыс істейтін деңгейге жетсе, жылына 2200 ірі қара мен жылқы сойылып, 330 тоннаға дейін ет және шұжық, консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндік бар. Ауданда сүт өнімдерін өңдеп, халықтың кәдесіне жаратып келе жатқан «Зайсан-Сүт» ЖШС-нің сүт өнімдерін өңдейтін зауыты туралы мақтанышпен айтуға болады. Зауыт жұмсақ қаптамадағы сүт, айран, кілегей, сарымай, ірімшік, балмұздақ секілді өнімдерін тұтынушыларға ұсынуды дағдылы істеріне айналдырған. Зауытты аудандағы ауылдық округтің тұрғындары сүтпен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Сол секілді ірі өндіріс орнының бірі – «Икеп» шаруа қожалығының ұн зауыты тек аудан тұрғындарын ғана емес, көрші аудандарды да өз өнімдерімен қамтып келеді.

Аудан бойынша мал басын асылдандыру ісі жүйелі жолға қойылған. Бұл бағытта өңірдегі шаруа қожалықтары, ауылшаруашылық құрылымдары тыңғылықты шаруалар атқаруда. Өзге қалаларда, республикамыздың әр түкпірінде жүрген ауданымыздың тумалары кіндік қандары тамған туған ауылдарының ажарын келбеттендіріп, тіршілігін өркендетуде атакәсіппен айналысып, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Атап айтар болсам, Шілікті ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Болатұлы Жарқынның есімін әрдайым мақтан етеміз. Бұл азамат кіндік қаны тамған ауылында мал шаруашылығын өркендету мақсатында 52 миллион теңгенің инвестициясын әкеліп, «Әмір» шаруа қожалығын құрып, ет бағытындағы «Ангус» тұқымды ірі қара түлігін өсіруде. Сондай-ақ Ж.Кәрібаев басқаратын «Қара Ертіс», Д.Мықияновтың «Жасұлан», С.Абылғожинаның «Ақбай», Т.Абылғожиннің «Түкібай» секілді аудандағы көптеген шаруа қожалықтары мал басын асылдандыру ісінде өнімді жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары ауданымызда түйе шаруашылығын нығайту ісі қолға алынды. Алматы облысынан түйе сатып алып, Айнабұлақ ауылдық округінің аумағындағы Жаңатұрмыс, Қайнар ауылдарында шұбат өндіріп отырған қандастарымыздың ісін ерекше атап айтқан жөн. Бұл орайда көршілес Қытайдан көшіп келіп, өңірде қоныстанған отбасылар осы шаруаны қолға алып отыр. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары, шаруа қожалықтары апта сайын ұйымдастырылатын «Караван» базарында болатын жәрмеңкелерде жерлестеріне мінсіз қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Жер баптаған қарапайым еңбек адамдары өз қолдарымен өндірген өнімдерінен жыл бойы дастарқан молшылығын жасап, аудан тұрғындарын картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат секілді өнімдермен қамтамасыз етуде, қазіргі күні арнайы қоймаларда сақталатын өнімдер қыс бойы тұтынушының сұранысына ие. Оның ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға ықпалы зор. Ағымдағы жылы егістік көлемі 3,8 пайызға артып, аудан бойынша 21610 гектарға жуық жер игеріліп, өңір диқандары қамбаны алтын дәнге толтырды.

Бар байлықтың иігілігін ел көреді

Зайсан қаласындағы «Иртыш-ТЗ» зауытының техникаларына сұраныс жоғары екені байқалуда. Оның құрастырған техника түрлерін аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары ғана емес, көршілес Тарбағатай, Күршім, Көкпекті, Жарма, Үржар секілді аудандардан да тапсырыс беріп сатып алады. Сонымен бірге, басқа облыстағы шаруа қожалықтарының иелері де қызығушылық танытып, тапсырыс беруде.

– Темірбек Жұмақұлұлы, Елбасы өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінде «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» мәселесін ерекше атап көрсеткенін білеміз. Осы бағытта атқарылған істерді ортаға салсаңыз?

-Соңғы жылдары зайсандықтар туған жерімізден өндірілген табиғи көгілдір отынның игілігін көруде. Ал бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Биыл қаланың ішін газдандыру толығымен аяқталды. Өңірдегі елді мекендерге келетін болсақ, 2014 жылы мердігер мекеме «Строитель» ЖШС құны 1224 467,979 теңгені құрайтын тоғыз елдімекенге газ құбырларын тарту жұмыстарын бастаған. Атап айтар болсақ, бұл ауылдың қатарына Қарабұлақ, Кеңсай, Айнабұлақ, Қайнар, Көгедай, Шалқар, Жамбыл, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдары кірген болатын. Зайсан ауданында орналасқан магистралдық газ құбырларын және автоматтандырылған газ тарту станциясын сенімгерлік басқаруға беру туралы «Зайсан ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегінде келісімшарт жасалып, 118 шақырым газ құбырлары салынды. Соның нәтижесінде жоғарыда аталған елді мекендерден қазіргі күні 710 үйге газ тартылып, тұрғындар табиғи көгілдір отынның игілігін көруде.

«ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің ақпаратына сүйенсек, үйлеріне газ құбырын тартуға өтініш білдірген тұрғындар саны күн сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғындардан түскен өтінімдерді толығымен қанағаттандыруға жұмыстар жүргізілуде.

Келесі кезең бойынша табиғи көгілдір отынмен қамтылатын сегіз елді мекеннің қатарында Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдары бар. Аталған елді мекендерде газ құбырының кентішілік және орамішілік желілерін салу жұмыстары алдағы уақытта басталады. Бұл жоба бойынша 2017 жылы қазан айында жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге ашық конкурс жарияланып, «Икар-Строй» ЖШС мен «BauProjkt» ЖШС жеңімпаз атанған болатын. Жоспарланған жұмыстарға байланысты топографиялық түсірілімдер жасалып, барлау жұмыстары жүргізілді. Оның жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

-Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.

– Бұл орайда өңірдегі ел игілігі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Зайсан қаласындағы халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының бірінші кезеңі бойынша ашық конкурс өткізіліп, «Нұр Строй Тас» ЖШС жеңімпаз атанған. Құрылыс жұмыстары өткен жылы мамыр – маусым айларында жүргізілген. Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, жоспарланған шаруалар аяқталған. Сол секілді былтыр көптен бері шешімін таппай келе жатқан таза ауызсу мәселесі Қаратал ауылында түбегейлі шешімін тапты. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 401,9 млн. теңгеге су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ағымдағы жылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шілікті ауылында халықты сапалы ауызсумен қамтуға байланысты жоспарланған құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

-Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

-Өткен жылы қаладағы Кондюрин көшесінің бойынан жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрді құрайтын заман талғамына сай алпыс пәтерлі екі үйдің құрылысы басталған болатын. Жобалық құны 473 878,219 мың теңге болатын №1 коммуналдық тұрғын үй құрылысын мердігер «BuiIdup Gompany» мекемесі, ал жобаның жалпы құны 473 692,434 мың теңге тұратын №2 үйдің құрылысын «СМУ-Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, белгіленген уақытында аяқтады. Ағымдағы жылдың шілде айында осы аталған көпқабатты екі үй ел игілігіне пайдалануға беріліп, 120 отбасы қоныс тойын тойлады. Сол секілді облыстық мәслихат депутаты Болат Нұрасыл басқаратын «Зайсан Құрылыс компаниясы» ЖШС бес қабатты 50 пәтерлік тұрғын үйді зайсандықтардың игілігіне берілді.

-Ауданда білім және мәдениет, туризм салалары бойынша көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы айтсаңыз?

– Жас жеткіншектердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына ауданда барлық жағдай жасалуда. Мәселен, 2017-2018 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытылатын 1,2,5,7 сыныптарға қажетті оқулықтар мен әдістемелік кешендерді сатып алуға облыстық және жергілікті бюджеттен 80,4 миллион теңге қаражат бөлініп, қажетті оқу жабдықтарымен қамтылған.

Өткен жылы Қаратал елді мекенінің аумағынан біздің заманымызға дейінгі II-III ғасырдағы Үйсін мәдениеті және XV-XVIII ғасырлардағы Афанасьев мәдениеті жайлы құнды жәдігерлер табылды. Республикалық тарихи жәдігерлер қатарына енген маңызы зор жаңалықпен танысуға облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келді. Осы орайда аймақ басшысы Зайсан өңірінің киелі жерлерін насихаттау арқылы туризм саласын дамыту керектігі туралы тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма берген болатын. Алдағы уақытта облыс әкімінің тапсырмасына орай, республикалық киелі нысандардың қатарына енген үшінші алтын адам табылған Шіліктіде ашық аспан асты музейінің құрылысы басталады. Ағымдағы жылдың сәуір айында аудандық тарихи-өлкетану музейінде Берел – Шілікті ашық аспан асты мұражайының көрмесі өтті. Көрмені тамашалауға 10 мыңнан астам оқушылар және аудан тұрғындары келді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» аясында аудандық тарихи-өлкетану музейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сұхбаттасқан – Нұргүл Халықова

Осы айдарда

Back to top button