Бақытын теміржолдан тапқан әулет
Болат жолдың бойынан нәр алып, өз заманында үлгілі еңбек еткен теміржолшылар династиясы баршылық Аягөз өңірінде. Бүгінгі ұрпақ сол теміржолшы ата-әжелердің еңбегін ешқашан ұмытпайды.
Таяуда Аягөз теміржол бекетінің қабырғасына тағы бір алғашқы теміржолшы атамызға құрмет көрсетіліп, ескерткіш тақта орнатылды.
Ол – Бөкейхан Тұяқов атамыз. Енді ардагердің өмірбаянынан қысқаша деректер келтіре кетейін.
1910 жылы Семей губерниясының Еңірекей болысы 23-ші ауылында, қарапайым шаруаның отбасында өмір есігін ашқан Бөкей (жұрт Бөкейханды осылай атап кеткен) атамыз жастайынан еңбекқор, еті тірі, ескіше сауатты, алғыр жан болыпты. Әкесі де қазақ даласының осы бір бөлігіне «отарбаның» келуі ерекше өзгеріс әкелетінін сезген. Сезген де баласына осы құрылысқа барып, еңбек етуді тапсырыпты. Бұл 1927 жылдың жаз айы болатын. Кім біледі, өмірді көп көрген әке қазақ даласына тағы бір алапат апаттың келе жатқанын алдын ала болжай да білген болар. . .
Бөкейхан салынып жатқан теміржол құрылысына қарапайым жұмысшы болып орналасады. 1928 жылы Аягөз бекетінің алғашқы қазығын қағуға қатысады. Сол уақытта теміржол қазіргі станция тұрған жерге жетіп, әртүрлі темір жолға және паровоздар мен вагондарға қызмет көрсететін кәсіпорындар салына бастаған болатын. Осы жылы алғашқы кеңестік ұжымдастыру, жаңа тұрпаттағы социалистік аудандар құру саясаты жүзеге асып, станса жолымен Аягөз ауданының орталығы ашылды. Аудандық мекемелер де салына бастады…
Мұның бәрі өзінше үлкен тарих. Бүгінгі айтпағымыз, 17 жасында теміржол құрылысына қарапайым жұмысшы болып кірген Бөкей атамыз еңбекқорлығының арқасында бұл саланың маңызды мамандықтарын тез игеріп, озат жұмысшы атанды. Жол «стрелочнигі», станса кезекшісі, бас кондуктор, қабылдаушы сияқты қызметтерді үздік атқарып, 47 жыл бір жерде еңбек етіп, 1974 жылы 64 жасында зейнеткерлікке шықты. Осы жылдарда еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген, көптеген шәкірт тәрбиелеген ол көптеген мемлекеттік наградалар мен марапаттарға ие болды. Соның ең бағалысы – 1951 жылы шілде айында алған Еңбек Қызыл Ту ордені. Көптеген медальдар мен төсбелгілерге ие болған Бөкей ата сол кездегі компартия көсемі И.Сталиннің атынан бірқатар алғыс алып, «Сталин Үндерінің екпіндісі» төсбелгісімен де бағаланған екен. Кейін жасы 80-ге келгенде Қазақстанның алғашқы президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Осы жылы (1990 жылдың маусым айында) жасы 80-нен аса ауыр науқастан өмірден озды. Еселі еңбегімен үлгі бола білуімен қоса, ол зайыбы екеуі он бір бала тәрбиелеп өсірген. Оларды өсіріп қана қоймай, өзі еңбек еткен теміржол саласына тәрбиелеп, тұтас бір династияның басы бола білді.
Осы жерде айта кету керек. Жалғыз ағасы Бекбол да теміржолшы болып, үлгілі еңбек еткен ардагер. Ленин ордені қатарлы марапаттармен еңбегі бағаланған жан. Жүз жастан аса өмір сүрген Бөкей атамыздың ұрпақтары туралы бірауыз сөз.
Үлкен ұлы Қадыбек 1940 жылы өмірге келген. 16 жасында Семейдің теміржол училищесіне түсіп, еңбек жолын паровоз жүргізушісі, нұсқаушы болып бастап 40 жылдан астам еңбек еткен. 1986 жылы өмірден өтті.
Екінші ұлы Жүнісбек машинист көмекшісі, машинист болып 40 жылдан аса еңбек етті. Қазір зейнеткер, 73 жаста.
Үшінші ұлы Орынбек те еңбек жолын теміржолдан бастап, кейіннен мемлекеттік қызметке ауысты. Биыл 70 жасқа толып отыр. Ардагер әкенің мұрагері болған да осы Орынбек.
Ал төртінші ұлы Қайырбек те депода слесарь, мастер болып 45 жыл үздіксіз еңбек етті.
Кенже ұлы Қазбек 1981 жылы теміржол институтын бітіріп, Батыс Қазақстанда басшылық қызметтерден бастап, Алматы, Шымкент, Жамбылда теміржол саласында ірі қызметтерде болды. Кейіннен КТЖ-ның желілік тасымалдау басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып істеді, «Кеден Транссервис» президентінің кеңесшісі болды. 2013 жылы ауыр науқастан қайтыс болған.
Ал қыздары Қайыржамал, Гүлжамал, Нұржамал, Гүлсаралар да әр салада табысты еңбек етіп, ұл-қыз өсірген аяулы аналар.
Міне, елге үлгі боларлықтай бір әулеттің ұрпағы. Ал ата жолын қуған немере-шөберелерін айтар болсақ, бір кітап жазу керек болар.
– Әкем бала кезімізде айтушы еді, «Теміржолда қасиет бар. Осы салада еңбек етіңдер» деп, біз бақытымызды теміржолдан таптық, –дейді әулеттің қазіргі үлкені Жүнісбек әке тақтасының ашылу салтанаты кезінде.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына жиналғандар алдында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы, Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» Гүлшара Жақұпбаева өз сөзінде мұндай шараның ұрпақ тәрбиесіне берері мол екенін айтты. Сөз сөйлегендер арасынан Аягөз байланыс және сигнализация дистанциясы кәсіподағының төрағасы Еркін Айымов теміржолшы ардагерлерге осындай құрмет көрсетіліп жатқанына риза екендігін жеткізді.
Теміржол кәсіпорындары кәсіподағының төрағасы Төкен Көкбаев кешегі ардагерлер есімін ұлықтаудың маңызына тоқталды.
Иә, өткенге – құрмет, болашаққа – міндет. Осындай аталарымыздың ісін үлгі етіп, құрметтей білейік.
Бақытөмір Шалғынбай, жазушы-журналист.