Бақытын тапқан еңбектен

Хасен Зәкәрия
Ұзақ жылдар бұрынғы Марқакөл ауданының «Горный» совхозында тұрып, еңбектенген ардагер ағаларымыздың бірі Базарқұлов Оралдың өмір жолы, еңбектегі қарышты қадамдары үңіле зейін қойып, жіті көңіл бөлуге әбден лайық деп білемін.
– Мен 1946 жылдың 10 қазанында Ресейдің Челябі облысындағы Шұбаркөл ауданының Атжатар деген ауылында дүниеге келдім, – деп бастады әңгімесін Орал аға. – Әкем Мұхаметжан 1920 жылы қазіргі Марқа өңіріне қарасты Теріскей Бөкенбай ауылына таяу жердегі Терісайрық деген қыстауда туыпты. Ол кісі 1941 жылы еңбек армиясына алынып, Челябинск қаласы маңында ауыр жұмысқа жегіледі. Сол жақта жүріп, Ханифа Қисамқызы атты башқұрт қызымен танысып, ақырында екеуі үй болып, шаңырақ көтереді.
Ресейде тұрған кезінде ол жақтағы жаппай арақ ішетін жұрттан аулақ әкету үшін анамыз әкемді туған жеріне қайтаруға күш салған екен. Ақыры, екеуі 5 баланы жетелеп, Марқакөл ауданының Жалаңаш деген ауылына көшіп келеді. Ел-жұртының ортасына оралғаннан кейін осы ошарлы отбасында тағы да бес бала өмірге келеді. Бүгінде солардың бесеуі тірі, екеуі Марқакөлде тұрады.
Біз келген уақытта төңіректегі фермалардың барлығы «Боран» совхозына қарайтын еді, 1958 жылы «Горный» совхозы жеке бөлініп шықты да, әкем сол совхоздың бір табын сиырын алып, бақташы болып кетті. Біз Ресейде башқұрт тілінде оқыған болатынбыз, енді Горныйда пәтерде тұрып, орысша білім ала бастадық.
1967 жылы онжылдықты тәмамдаған Орал туған жері Челябинскіге барып, теміржолшының оқуына түспек еді, жолы болмады. Кері қайтудың жөнін таппаған жас жігіт енді сондағы машина жасау техникумының кешкі бөліміне түсіп, білім алуға кірісті. Бірақ «елге қайт» деп мазалаған ата-анасының сөзін жыға алмай, ауылға оралған талапты азамат шопырдың оқуын оқып, соңынан Целиноград қаласындағы киномеханиктер курсын бітіріп алды. Осыдан кейін Орал ағамыздың тиянақты да тынымсыз еңбек жолы басталды.
– Басында автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істедім, – деп еске алады ағамыз сол шақтарды. – Клубта кино қоятын стационар аппараттарды совхоздағы төрт бөлімшеге де мен орнатқан болатынмын. Бұдан соң жүргізуші қажеттігі туындап, май таситын көлікке шопыр болып орналастым. Одан кейін «Урал» маркалы тіркемелі ауыр жүк машинасының тізгініне отырып, 12 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істедім. Ойлап қарасам, жиыны 18 жыл бойы жүргізуші болған екенмін.
Ауыр көлікке жүктелетін жұмыстың да ауыр болатыны түсінікті ғой. Орал ағамыз әлгі мәшинесімен Бұғымүйізден Успенкаға (қазіргі Ақжайлау) 17-22 текше метрге дейін қарағай жеткізеді екен. Одан соң Семейге совхоздың жүнін тиеп барып, қайтарда малға берілетін тұз алып қайтады. Бұқтырмадан құрылыс жұмыстарына қажетті цемент таситын кезі – өз алдына жеке әңгіме.
Тумысынан талапты, еңбекқор азамат күн-түн деп уақытпен санасқан жоқ, басшылық қайда жұмсаса, сонда барып, тапсырылған жұмысты қашанда тап-тұйнақтай етіп орындап қайтып жүрді. Орал Мұхаметжанұлының еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ, оны совхоз, аудан басшылығы орынды бағалап отырды. Елгезек жігіт 1982 жылы арнайы марапатқа ұсынылып, омырауына «Үздік еңбегі үшін» медалін тақты.
– Менің есімнен шықпастай болып сақталып қалған бір сапарым, – дейді Орал аға, – сол жылы үздік комбайншылармен бірге КСРО астанасындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) барғаным. Жақсы демалдық, 12 күн бойы Мәскеуді аралап, алып шаһардың көрікті жерлерін тамашаладық. Ол кезде Мәскеуге бару дегеннің өзі айтып тауыса алмайтын өзгеше бір мақтаныш еді ғой.
Ұйымдастарушылық қабілетінің жоғарылығы, жұмыстың ыңғайын жақсы білетін епсектігі Оралдың әркез жетекшілік жасап, топ бастауына себепкер болған-ды. Соған орай арнаулы білім алу қажеттігі туындады. Сөйтіп, О.Базарқұлов 1984 жылы Лениногор қаласындағы орман техникумының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны үздік бағамен тәмамдап шықты.
Қайда жүрсе де ынталылығымен, жанқиярлық еңбегімен көзге түсіп жүретін Орал Мұхаметжанұлы сый-құрметтен кенде болған жоқ. 1986 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесінің конференциясына делегат болып барған О.Базарқұловтың есімінің осы кеңестің шешімімен Шығыс Қазақстан облысының озаттары қатарында Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын әріппен жазылған тізіміне енгені тегін болмаса керек. Ал осы озат еңбеккердің портретінің бірнеше жыл қатарынан ауданның, облыстың Құрмет тақтасында тұрғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ.
Бердібек Сіләмов совхоз директоры болып келген бойда Оралды Горный бөлімшесіне басқарушы етіп тағайындады. Бұл жерде де Орал ағамыз өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ең алғашқылардың бірі болып шаруашылыққа бригадалық мердігерлікті енгізген О.Базарқұлов шын мәнінде «айды аспанға бір-ақ шығарды». Оның қоластындағы диқандар сол жылы бөлімше бойынша гектарынан 24 центнерден, совхоз бойынша 17 центнерден өнім алып, облыс көлемінде топ жарды. Ал бұл совхоз құрылғалы қол жетіп тұрған тұңғыш рекорд болатын.
Сол жылы күзде жұмысшылар алғыр басшыны жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайлады. Орал ағамыз осы жауапты міндетті 6 жыл бойы жемісті атқарды.
Елге ел қосылып, Моңғолиядағы қандастарымыз көшіп келе бастаған тұста да Орал ағамыздың ақ серкедей алшаңдап, көш бастағанын марқалықтар жақсы біледі. 1991 жылы О.Базарқұлов «Горный» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген болатын. Оған атамекенге қоныс аударуға ниет қылған ағайындарды көшіріп алып келу міндеті жүктелді.
– Осы міндетті арқалаған Шығыс Қазақстан облысының бір топ уәкілдері ЯК-40 ұшағымен Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласына ұшып бардық, – дейді Орал қарт. – Наушки деген кеденде апта бойы күтіп жаттық. Біз алып қайтатын ағайындардың құжаттарынан қате шығып, амалсыздан ауылға оралдық. Содан бір жыл тосып, 1992 жылы Марқакөл мен Күршімнен шыққан автомобильдер колоннасы Таулы Алтай, Қосағашты басып өтіп, Моңғолияның Баян Өлгей аймағына жетті. Қарсы алуға бөлінген арнайы адамдар бізді күтіп алып, құрметті қонақ ретінде дәл сол кезде өтіп жатқан Шыңғыс ханның 1000 жылдық тойына алып барды. Көшетін ағайындар толық жиналғанша құрмет-қошемет көріп, бір ай сонда жаттық.
Ағайындардың жүгін машиналарға тиеп аттандырып жібердік те, адамдарды Өскеменге дейін ұшақпен алып келдік. Одан әрі екі автобусқа тиеліп, Горныйға жетіп, ертеңінде совхоз бөлімшелеріне тараттық.
Дұрыс дем алмай, күндіз-түні шапқылаған тынымсыз тірлік кері әсерін тигізбей қалған жоқ. 1994 жылы Орал аға жүрек талмасына ұшырап, төсек тартып қалды. Содан екі жыл бойы ем-дом қабылдап, үйде болған ол 1996 жылы өзіне тиесілі пайын алып, жеке шаруашылық құруға ниет қылған-ды.
– Маған бір мал қора, бір комбайн, бір шынжыр табанды трактор, бір ЗИЛ автокөлігі тиді, – деп еске алады сол кезеңді Орал аға. – Әлгілердің қай-қайсысы да әбден тозығы жеткен ескі-құсқы дүниелер екен. Осының барлығын қоғамдап, «Базарқұл» атты шаруа қожалығын құрдым. Өзімнің механизатор інімнің көп көмегі тиді, тағы бірер адам қосылып, тіршілік жасай бастадық. Қоластымдағыларға малды қолма-қол бөліп берген едім, мұным өте дұрыс қадам болыпты. Сол жылы қыс қатты болып, мал көп қырылды. Талай адам шын мәнінде жүген мен таяқ ұстап қалды. Абырой болғанда, өзіме тиген «Қасымбек» деген қыстақтың тұрған жері жайлы болып, менің малым аман қалды.
Малдан басқа, егіншілікпен айналысуға шындап ден қойдық. Горный ауылы маңындағы Жалаңаш деген жердегі «Аэропорт» атты алқапқа өзеннен су шығарып, көпжылдық екпе шөп өсірдік, соны арқасында мал азығынан тапшылық көрген жоқпыз. Сонымен бірге қырыққабат, картоп, күнбағыс, тары егіп, айтарлықтай өнім алып отырдық. Бір өкініштісі, алған өнімді толықтай өткізетін жер табылмай қинады. Күнбағыстан май сығып, ауыл жұртына тараттық, қырыққабатты Өскемендегі «Дина» базарына апарып, арзан бағамен саудаладық.
2004 жылы Сарыөлеңнен суармалы жер алып, күнбағысты мол сепкен едім, тағы да сол кедергіге жолықтым, өткізетін жер табылмады. Өнімді делдалдар арқылы өткізуге талаптанып едім, есіл еңбек зая болып, ақырында су тегінге кетті. Сонымен бұл жұмысты доғаруға тура келді.
Қол қусырып отыра алмайтын Орал ағамыз Горныйға қайтып келіп, тері-терсек, жүн, темір сынықтарын қабылдайтын пункт ашты. Бұл талабы нәтиже беріп, бірер жылда біраз қаражаттың басын құрады, соның арқасында қалаға көшіп келіп, үй салып, орнығып алды.
Жоғарыда айтқанымыздай, қайда жүрсе де тыныш отыра алмайтын қария көршілес жұрттың ұйғаруымен қала шетіндегі саяжайлар аумағындағы «Буревестник» бақ серіктестігіне төраға болып сайланып, осы міндетті 12 жыл бойы табысты атқарды. 73 жасқа толғанында бірге жұмыс істеп, әріптес болған қауым барынша құрметпен сый-сияпаттарын жасап, демалысқа шығарып салды.
Орал қарияның бір ерекшелігі – егін екпесе отыра алмайтындығы деген болар едік. Бүгінде 76 жасқа келген қарт адам болса да, есігінің алдындағы шағын бақшалығына картоп, қырыққабат, қызанақ, бұрыш, пияз, сәбіз егіп, кешке дейін түртінектеп, соларды суарып, бағып-қағып жүретініне көршілердің көздері әбден үйренген. Бөлек салынған жылыжайдың өзі қараған көзді қызықтырады.
Ағамыздың Меновное ауылдық округіңдегі ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары ретінде де атқарып жүрген оң істері ауыз толтырып айтарлықтай. «Балалар ауылындағы» үлкен жолдың бойына қоярда-қоймай жүріп жаяулар соқпағын салдырған да осы Орал ақсақал болатын.
Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Уәзипа жеңгеймен 49 жыл тату-тәтті тірлік кешіп, бес перзент тәрбиелеп өсірген Орал қария – бүгінде солардан тоғыз немере, бір шөбере сүйіп отырған бақытты ата. Балаларының екеуі – Алматыда, үшеуі – осы Өскеменде. Қолдарындағы кенже ұл Қанат пен өнегелі келін Әсемге қариялар дән риза. Олардың ендігі тілектері – ел іргесінің бүтіндігі, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарының амандығы.