«Бақытты отбасы» сәуірде басталады

Табысы төмен отбасыларға жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға арналған «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы сәуір айында басталады.
«Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалының басшысы Нәзигүл Төлешқызының айтуынша, бұл мемлекеттік бағдарламаға жергілікті әкімдіктерде баспанаға мұқтаж ретінде үй кезегіне тіркелген арнайы санаттағы отбасылар қатыса алады. Олар – көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында былтыр өңірдегі 133 отбасы баспаналы болған еді. Оның ішінде 77 пәтер толық емес отбасыларына, 39 пәтер көпбалалы отбасыларына, 17 пәтер мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына берілген. Үй бағасының он пайызын құрайтын бастапқы жарна ретіндегі бір миллион теңгенің сертификатын жергілікті әкімдіктер берді.
Бұл тиімді бағдарлама табысы төмен отбасыларға ипотекалық несиені жылына 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен береді. Бағдарламаға қатысушының атында және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы шарт. Ең төменгі бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды. Ипотекалық несие мерзімі 20 жылға дейін рәсімделеді.Несие мөлшері үй бағасына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн. теңгеге дейін болса, басқа аймақтарда 10 млн. теңгеге дейін.
Айжанат Бақытқызы