Қоғам

Бақытты балалық шақ

Айжанат Бақытқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Халыққа арнаған Жолдауында Президент балаларға ерекше көңіл бөлу керек екендігін жеткізіп, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаймын. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балалар жылы аясында өңірімізде жыл басынан бері бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Оқуда, шығармашылықта және спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ерекше таланттарымен танылып жүрген  дарынды оқушылармен кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі Балалар жылын салтанатты түрде ашық деп жариялаған болатын.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, Балалар жылына орай облыстық «3Д модельдеу әлемі» байқауы, «Дарындар шұғыласы» көркемөнерпаздар байқауы, «Бояулар құпиясы» жас суретшілердің шығармашылық байқауы, «New generation» IT-фестивалі өтті. Балаларды қолдау және шығармашылығын дамыту мақсатындағы мұндай мәдени, спорттық, зияткерлік білім бағытындағы іс-шаралар облыстың барлық қала, аудандарында өтіп жатыр.

Балалар жылын мерекелеу аясындағы осындай шаралардың бірі  –  «Білім жолы» облыстық зияткерлік марафоны Өскемендегі №46 орта мектебінде өтті.

–  Бұл білім марафоны мектепалды даярлық сыныптары балаларының танымдық белсенділігін дамыту және қолдау, олардың шығармашылығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға облысымыздың қалалары мен аудандарынан білімді де зерек балалар жиналып отыр. Бұл іс-шара сендер үшін білім әлеміне жаңа, қызықты саяхат сыйлайтын мереке. Баршаңызды алдағы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Қызықты жазғы демалыстан кейінгі жаңа оқу жылы сендерге өз қабілеттерің мен таланттарыңды көрсетуге мүмкіндік береді деп сенемін. Әр күндерің жаңалыққа толы болсын! –  деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 5-6 жас аралығындағы, яғни мектепалды даярлық тобындағы 200-ге жуық оқушы қатысты.

Команда құрамындағы қатысушылар квест-ойын түрінде бағдар парағына сәйкес әртүрлі қызықты кезеңдерден өтті. Олар үшін математика, тілдерді білу, әдебиет, шығармашылық және спорт бағытында қарапайым тапсырмалар әзірленген. Білімді балдырғандар әр бекеттегі тақырыптар бойынша тапсырмаларды мұқият орындап, бақтарын сынады. Мәселен, «Театр» бекетінде ертегі  көрсетсе, «Математика және логика» бекетінде есепке жүйрік екендіктерін дәлелдеді. «Полиглот» бекетінде үш тілде атаулары берілген суреттерді сәйкестендіріп, «Дисковери» бекетінде жан-жануарлар әлемінен алған білімдерін көрсетті, ал «Шығармашылық» бекетте логикалық тапсырмалар бойынша сурет салды. «Спорттық викторина» мен «Табиғаттану» бекеттеріндегі тапсырмаларды да балалар мүдірмей орындап шықты.

–  Әр елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы білімге келіп тіреледі. Біз өмір сүріп отырған ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашанда бүгіні жарық, болашағы жарқын. «Әр бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер» деген нақылды ұстанып, баланың қалаған ісін таңдауға, өз ойын ашық айтуға, өзін еркін сезінуге, ойлау қабілетін дамытуға барынша мүмкіндік беруіміз керек, –  деді марафон өткен №46 орта мектебінің директоры Гүлфарида Ауғанбаева. Аталған мектептің «Болашақ» командасы «Жас алғырлар» номинациясымен, ал Жарма ауданының «Жарма жұлдыздары»  командасы «Жыл жаңалығы» кубогімен марапатталды. Барлық қала, аудандардан келген командалар «Жас полиглоттар», «Табиғат жанашырлары», «Алтын тұғыр» сияқты 21 түрлі номинацияға ие болды.

Іс-шара соңында зияткерлік марафонның барлық кішкентай қатысушыларына облыс әкімінің атынан кеңсе тауарлары салынған рюкзактар, командаларға  –  грамоталар мен кубоктар, әрбір қатысушыға тәттілер салынған себет табыс етілді.

***

Мереке қарсаңындағы іс-шаралар мұнымен шектелген жоқ. Кеше «Үміт» балалар үйінде «Балалар әрқашан күлімдесін» деген атаумен мерекелік фестиваль өтті.

Іс-шараның басты демеушісі  –  «Сәби бақыты» қоғамдық қорының жетекшісі Ақмарал Рамазанқызы балаларды төл мерекелерімен құттықтап, курс бітірген жасөспірімдерге сертификат тапсырды. Айта кетсек, «Үміттің» жоғары сынып оқушылары бір жыл бойы шаштараз, тырнақ әрлеу шебері, бет әрлеу шебері мамандықтары бойынша курс оқып, соның нәтижесінде бүгін сертификаттарын алды. Аталған қоғамдық қордың қолдауымен балалар үйінде сән салоны ашылып, заманауи үлгідегі барлық құралдармен жабдықталған. Алдағы уақытта да сән салонына қажетті мамандықтар бойынша оқытуға ниетті.

«Үміт» балалар үйін отыз жылдан бері басқарып келе жатқан білікті басшы, ұл-қыздардың анасына айналған Майра Баймұқанқызының айтуынша, екінші маусымда балалар Төменгі Тайынтыдағы жазғы сауықтыру лагеріне демалуға барады. Онда 19 үйірме жұмыс істейді. Балалар сонда үш ай бойы таза ауада серуендеп, суға шомылып, күнге қыздырынып, спорт түрлерімен айналысып, жаңа оқу жылына қарсы тынығып келеді. Балалар үйінің бас демеушілерінің бірі – «Казцинк» кәсіпорны да «Үміт» балалар үйі құрылғалы бері бірнеше жыл бойы тұрақты көмектесіп келеді. Сондықтан балаларға қуаныш сыйлап жүрген аталған демеушілерге мың алғыс.

«Балалар әлемі» флэш-мобынан кейін балалар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп, қызықты ойындарға қатысты. «Жас қарақшылар» шытырман оқиғалар барысында аралда жасырылған қазынаны іздесе, «Жас ғарышкерлер» жұмбаққа толы ғарышты зерттеуге аттанды. Олар әр планетаның тұсында тоқтап, арнайы тапсырмаларды орындады. Ал спорттық-логикалық квест-тимбилдинг балалардан батылдық пен ұқыптылықты, тапқырлық пен төзімділікті талап етті. Өйткені логикалық жұмбақтарды лезде шешіп, кедергілер жолағынан сүрінбей өткен епті балалар ғана сандықтың кілтіне қол жеткізді. Ойынның барлық қатысушыларына коктейль, шоколад түріндегі тәттілер берілді.

Мерекелік кеш соңында зор қуанышқа кенелген балалар «Түрлі-түсті жаңбыр» 3D салютін тамашалап, би алаңына қарай асықты.

«Үміт» үйінің алаңқайы әп-сәтте балалардың риясыз күлкісі мен шат-шадыман қуанышына толды. Көңілдері кіршіксіз аппақ балалардың жүзін ешқашан мұң торламаса екен. Бұл дүниеде балалардың шаттық күлкісіне жетер әуен бар ма, сірә?

Осы айдарда

Back to top button