Қоғам

«Бақытта отбасы» – ұтымды бағдарлама

Облыс әкімі Даниал Ахметов құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшыларымен, қалалардың және аудандардың әкімдерімен «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

– Біз көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар тиімді шарттар арқылы жаңа тұрғын үй ала алатындары туралы бірнеше рет айттық. Бастапқы жарна ретінде 1,5 миллион теңгенің сертификаты беріледі. Бұған қоса «Парыз» қоры 700 мың теңгеден бөледі. Бұл – «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған ауданы 70 шаршы метр болатын пәтер құнының 22%-ы, – деді аймақ басшысы.

Аймақтың жылжымайтын мүлік нарығында қолданыстағы тұрғын үйдің шаршы метрі 280 мың теңгеден, ал жаңа пәтер шаршы метрінің құны 340 мың теңгеге дейін барады. Бұған қарағанда атқарушы билік ұсынып отырған жобаның өте тиімді екені анық. Жеңілдетілген шартпен шаршы метрі 160 мың теңгеге бағаланып отыр.

Бүгінгі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 1860 өтінім түсіп, оның 250-і мақұлданды. Сондай-ақ бағдарламаға қатысуға және ерекше қажеттілікті талап ететін бала тәрбиелеп отырған 243 көпбалалы, 249 толық емес және 7 отбасы тұрғын үй жағдайларын өздері жақсартуға дайын.

Облыс әкімі құрылыс басқармасына қысқа мерзімде қоспәтерлі үйлердің қосымша жобаларын әзірлеуді тапсырды. Айта кетейік, бұл пәтерлерге атқарушы билік 6-дан 10 сотыққа дейін жер мен кепілдік береді.

– Өкінішке қарай, жергілікті жерлердегі әкімдер бағдарламаның артықшылықтарын дұрыс түсіндірмейді. Мысалы, бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 22%-ы төленетінін, кіре салуға дайын үй болатынын, несие шарттарының ерекшелігін және үй жанында жеке жер учаскесі болатынын толық жеткізбейді. Бұл жұмысты күшейту қажет. Отбасылардың санын есептеп қана қоймай, олардың әрқайсысымен сөйлесу керек, – деп қадап айтты облыс әкімі.

 

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button