Қоғам

Бақытжан Раисова, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: – Жәй адам бір қайғырса, ақын мың қайғырады

«Бесігімді тербеттім бір қолдағы,

Жырымды халық дейтін пір қолдады.

Еселеп мен байлыққа батқаным жоқ,

Есесіне жүрегім құл болмады…»

Ақын үшін жүректің азаттығы, көңілдің еркіндігі өте маңызды екені сөзсіз. Мұны ақын Бақытжан Раисова жақсы біледі.  Азат жүректен ғана  ақ бұлақ жыр сауласа керек.  Жырсүйер қауымға «Ай мен Алтай», «Сезім сәулесі», «Шағылға біткен шынармын», «Ай патшалығы» атты кітаптары арқылы жақсы таныс ақын апамыз жақында ғана әдебиет саласындағы үздіктерге берілетін «Алаш» сыйлығына ие болды. Біз  ақын апамызды құттықтап, сұхбаттасқан болатынбыз.  

 Халықтың үні жазушы арқылы шығады

 Бақытжан апай, «Алаш» әдеби сыйлығына ие болып, жүлделі болып жатыр екенсіз. Құтты болсын! Алматыда Жазушылар одағында өткен «Қазақ әдебиетінің көктемі» атты әдеби жыл қорытындысына өзіңіз қатыстыңыз ба? Қалай болды?

–  Иә, Өскеменнен жол тартып Алматыға барып, жыл қорытындысына қатыстым. Сағат онда басталған жиын сағат төртте бірақ бітті ғой. Көңілім толды. Кемшілік те, жетістік те – барлығы  ашық айтылды. Балалар әдебиетіндегі шығармалардың әлі де жеткілікті емес екендігі атап өтілді. Дегенмен мүлдем ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды.  Біраз дүниелер шығып жатыр екен. Шығып жатқан поэзиялық, прозалық кітаптар жөнінде  де қорытынды жасалып,  олардың барлығының  аты аталып, түрі түстеліп, баға берілді. Жалпы жазушылық та қоғамдағы үлкен бір сала ғой. Халықтың үні жазушы арқылы шығады.

Өзіңіз «Алаш» сыйлығына ие боламын деп ойладыңыз ба?

– Кез келген жазушы, ақын, әсіресе, менің жасымдағы шығармашылық адамы  «Талай жылғы еңбегімнің жеміс беретін кезі болды ғой»  деп ойланатыны,  «Алаш» сыйлығы туралы да, Мемлекеттік сыйлық туралы да ойлайтыны рас. Ойламайды десем, ол өтірік болар еді. Бірақ та мен ешкімге барып:  «Мен осындай дәрежеге жеттім. Мені неге көрмей жүрсіздер? Мені осындай сыйлыққа ұсыныңыздаршы» деп айтпадым.  Өйткені ондай мінез менің табиғатыма жат,   тәрбиемде жоқ. Ата-анамыз бізді солай тәрбиелеген. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол», «Кеудеңді ұрып, мақтанба», «Мақтаншақтық өте ұят» дегенді бала кезімізден құлағымызға құйды. Қазақтың өзі де «Өлімнен ұят күшті» деп айтады ғой.

Кітаптарым  жарық көріп жатыр, әлеуметтік желіге де шығып жүрмін. Жалпы халықтың ыстық ықыласына ие болғанымды өзім сезінетін едім.  «Алаш» сыйлығын маған өздері ұсынды. Нақты айтсам, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалының директоры Әлібек Қаңтарбай ағамыздың өзі  ұсыныс жасап, сосын оны комиссия қолдады. Осылай менің әдебиетке қосып жатқан үлесіме бағасын берді деп ойлаймын. Комиссияның шарты бойынша соңғы шыққан  бір кітабыңды ұсынуың керек екен, сол кітабың туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне бір мақала шықса, тіпті құба-құп. Мен «Абай әлемі» сериясымен бір-екі жылдың жүзінде шыққан «Жердің күн беті» атты кітабымды ұсындым.

Ақын болмасам, ғалым болар едім…

Жалпы сіз үшін  өлең деген не? Өлеңсіз өміріңізді көз алдыңызға елестете аласыз ба?

– Өлең  адамға туа бітеді.  Әрі адамның ата-тегіне де байланысты. Ата тегіңде ақын, сөз ұстаған шешен болса, ол әйтеуір, бір бұтақтан жарып шығады деп ойлаймын. Мен сондай жарып шыққан бұтақ секілдімін. Нағашы жұртымда отыра салып, қара өлеңді төге беретін бір апа болыпты.  Райыс бабам да би болған деседі. Ол кісі «Аузым қисық болса да, сөзім түзу» деп айтады екен. Біраз көріпкелдігі де болған. Екі жақтан да біраз нәрсе алсам керек.

Өлеңді мен  кішкентайымнан бастап жаздым.  Алты жасымда ылғи өтірік өлең шығарып,  айтып жүретінім есімде қалыпты. Ал 14 жасымда өлеңдерімді қағазға түсіріп жаза бастадым. Егер ақын болмасам, ғалым болар едім деп ойлаймын. Өйткені мен ғылыми мақала жаза аламын. Өзім университеттен соң бір жыл «Қазақ университеті» газетінде қызмет істедім. Кейін елге оралдым. Катонқарағайдың жігітіне тұрмысқа шықтым.

Бір сұхбатыңызда «Адалдығын жоғалтпаған адам ғана ақын болады» депсіз…

– Әлі де сол пікірдемін. Өйткені адалдық өлсе – адамдық өледі. Адамдық өлсе, адамзат құриды. Әсіресе ақын адал болуы тиіс. Өкінішке қарай, мен  ақындардың арасында адамшылықтың ақ жолынан айнып кеткендерді көп көрдім. Оларға менің жаным ашиды. Себебі,  олардан Алла тағала талант деп аталатын ғажайыпты  ұзатпай  алып алатын секілді көрінеді. Адалдықтан тайған күні олар қаламынан айырыла бастайды. Рас, бірдеңе жазуы  мүмкін. Бірақ  бұрынғыдай жаза алмайды. Олар «Маған не болған? Мен керемет жазушы едім ғой» деп таңғалады. Бірақ өзінің қай кезде адамшылықтың ақ жолынан тайып кеткеніне есеп бермейді. Менмендік, өзімшілдік оларды орға жығады.  Ақын халыққа үлгі болуы керек. «Заманына қарай адамы» деп Абай атам айтпақшы, заман құбылды деп  адалдықты адыра қалдыруға, адалдықты күресінге тастауға ешкімнің хақысы жоқ. Енді мүмкін біраз уақытқа дейін осылай шайтанның оты секілді адамшылыққа қарсы арсыздық лаулауы мүмкін. Мысалы, қазір соғыс болып жатыр, өзінің өктемдігін жүргізу  үшін бір ұлтты бір ұлт басқа, көзге ұрып жатыр.  Мұның барлығы адамшылыққа қарсы.

«Осындай да өлең болады екен-ау» деп ойладым

  Сыршыл ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін оқушы кезіңізден сүйіп оқиды екенсіз. Тіпті значок ішіне Төлегеннің суретін салып, бойтұмар қылып тағып жүріпті дейді…

– 9-сыныпта оқып жүргенімде аудандандағы кітап  дүкенінде    Төлеген Айбергеновтің кішкентай ғана «Аманат» атты сары кітабы қолыма түсті. Сол кітапты дүкеннің ішінде тұрып, оқып тауысып қойдым. Ғажап! «Осындай да өлең болады екен-ау» деп ойлағаным есімде. Абай қазақ поэзиясының күншуақты биігі ғой. Оған талас жоқ. Бірақ жас кезіңде Абайға тісің бата қоймайды. Ал Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін оқығанымда, бейне бір тұнық бұлақтан су ішіп жатқандай сезімде болдым. Нұр құйылып тұрғандай болды. Керемет бір ғажайып әлемге кіріп кеткендеймін. Осындай өлеңі бар ғажап әлемде  өмір сүргеніме бақытты едім. Төлеген ақынның суретін салып значок жасап алдым. Ақынның  кітабын сатып алып, бөлмемнің төріне іліп қойдым.  Ең бір қасиетті, киелі дүнием секілді еді. Оқудан шаршап келгенде немесе үйдің жұмысынан қажығанда бірден Төлегеннің кітабына қарап, қуанып кететінмін. Адамдарға бақыт сыйлау дегеніңіз керемет қой. Кейін университетте ақынның қызы Салтанатпен қатар оқыдым. Салтанатты студенттердің  барлығы алақанға салып аялайтын. Бұл да болсын,  ақынның құдіреті ғой.

 Сіз поэзияға келгенде Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев сынды ақындардың өзі жалт қарап, өлеңіңізді ұнатқан екен. Осы туралы айтып беріңізші…

– Екінші курста оқып жүргенімде бірде «Жұлдыз» журналында  қызмет істейтін Оралхан Бөкейге Шыңғыстайдың қызы Сайран екеуміз бардық.  Оралхан ағамыз қуанып, бізбен арқа-жарқа болып әңгімелесті. Ал өлеңдерімді бергенімде, үндемей қалды.  Көңілсіздеу алды. Кейін ойлаймын Оралхан ағам мені «көп өлеңшінің бірі» деп ойлап қалған болар деп. Алдында ғана  күліп отырған ағамыздың жарқын жүзі басылып қалды. Дегенмен де «Сен өлең жазасың ба, Бақытжан? Мен өлеңді түбіне дейін түсінбеймін. Мұны Ғафу ағаңа берейін» деді сыпайы ғана.  Ол кезде Оралхан ағамыз «Жұлдыз» журналының проза, Ғафу Қайырбеков поэзия бөлімін басқаратын.

Кейін Оралхан ағаны әуежайда жолықтырып қалдым. Сонда анадай жерден өте жылыұшырап, құшағын жайып келе жатқаны есімде. «Бақытжан, сені Ғафу  жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Мынау өте үлкен ақын болады деп айтты»,  «Тоқтама,  жаза бер» деп мен үшін өзі де қуанып тұрғанын байқадым.   Сөйтіп, Ғафу ағамыз өлеңдерімді «Жұлдыз» журналына шығарып берді. Кейін қалған өлеңдерім «Қазақ әдебиеті» газетіне  Ғафу ағаның  алғысөзімен  жарияланды. Осылайша,  Оралхан аға мен Ғафу ағадан бата алғандай болдым.

Шәкірттің алдында шәкірт болдым

Алматыда емес, аймақта қалғаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

– Ақын  деген қай жерде де ақын.   Мысалы, Абайдың өзі Жидебайда жүріп-ақ әлемге танылды ғой. Дегенмен Алматыда  қалам десем, алдымда даңғыл жол тұрды. Университетті қызылға бітірген соң, аспирантураға түсуіме болушы еді. Кандидаттық диссертация қорғау да мен үшін қиын болмаушы еді. Профессор да болатын едім, бәлкім. Бірақ мен кейде сол болмағаным да жақсы болды ма деп ойлаймын. Профессор Бақытжаннан гөрі, маған ақын Бақытжан жақын.

Журналистикадан өзім саналы түрде бас тарттым. Өйткені ол кездегі журналистикада  цензура дегеніңіз  200 пайыз болатын. Мен  университеттің газетінің өзін әзер шығаратынмын. Катонқарағайға  келген соң да бір жыл аудандық газетте істедім.   Қарасам, Брежневтің, Қонаевтың мақалаларын баса береді екенбіз. Артық ауыс ештеңе жазғызбайды, еркін ой деген жоқ. Содан кейін ғой менің «Абайға шағынып» жүргенім.

Кеңестік дәуірде адамның еркін ойлауына шектеу қойылды.  Кейде біреулер Кеңес одағын мақтап жатқанда,  мен ойланып қаламын. Сөйтіп, журналистикадан бас тартып, мұғалімдік жолды таңдадым. Қанипа  апам айтпақшы «Жас ұрпаққа одан да Абайды, Мұхтарды, Мұқағали, Төлеген, Фаризаларды оқытайын. Менің пайдам қазаққа сол жағынан тисін» деген шешімге келдім.  Әр баланың алдында тік тұрып, шәкірттің алдында шәкірт болып қызмет еттім. 45 минутта бір рет те орындыққа отырып көрген емеспін.

  «Мен мыңмен емес, мұңмен алысамын» деген де сіздің сөзіңіз ғой…

– Ақынның кеудесінде мұң тұрмаса,  өлең жаза алмайды. Жас кезімде өте көп мұңаятынмын. «Мұң» деген өлеңім де бар. Енді жүректе мәңгі мұң тұруы да дұрыс емес.

Жәй адам бір қайғырса, ақын мың қайғырады. Мен соны жақсы білемін. Мысалы, мен көшеде орысша сөйлесіп келе жатқан қазақтарды көрсем, ауырамын. Бүкіл тұла бойым ауырады. «Құдай-ау маған бұл қазақтың тілі не керек, өзіне керегі жоқ қой» деп тіпті жылаймын. Сеніп жүрген адамдарыңның сатып кеткенін, пенделікке бой ұрғанын көргенде, мұң келеді. Ал мыңмен жалғыз алыспайтыным, топ құрып, біреулермен алысып, партия құратын мен еркек  емеспін. Ол маған жат нәрсе. Бірақ мүлдем үндемей де қалмаймын. Айтатын кезде тура бетке айтамын.

Мұңаймаңыз. Шығармашылығыңыз табысты болсын!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button