Қоғам

Бақытжан ақын бәйгелі болды

Абай-175

Биыл Абай Құнанбаевтың 175  жылдық тойына арналған ауқымды іс-шаралардың қатары көп болды. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің ұйымдастыруымен өткен республикалық жыр мүшәйрасы. Айтулы жыр додасында жерлесіміз екінші орынды еншілеп қайтты.

Бас ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған бәйгеге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қаржылай қолдау көрсеткен. «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты ақындар мүшәйрасына тігілген қаржылай сыйлық та қомақты болған. Бас жүлде – 2250 000 теңге, бірінші орын – 1150 000 теңге, екі екінші орын – 650 000 теңге, үш үшінші орын – 550 000 теңге және бес ынталандыру сыйлығы үшін 150 000 теңгеден қойылған. Ең бастысы ақындарға тақырып пен жыр көлемі тұрғысынан да еркіндік берілген. Ақындар ұлы Абайдың сегіз қырлы, бір сырлы даналығы мен данышпандығын бүгінгі Тәуелсіз елдің мұратымен ұштастыра жырлады.

Осы жыр мүшәйрасында жерлесіміз Бақытжан Райысова жүлделі екінші орынды еншілеп, 650 000 теңгені қанжығалап қайтты.

– Ақын болған соң арасында бәйгеде бақ сынап тұрған дұрыс деп ойлаймын. Өзіңнің шабытыңды, басқаның шабысын байқайсың. Сондықтан да биылғы дүбірлі той қарсаңында ұйымдастырылған жыр додасына өлең жіберген болатынмын. «Кемеңгер» атты жыр топтамамды қазылар алқасы жоғары бағалап, екінші орын бұйырды, – деп қуанышымен бөлісті ақын Бақытжан Райысова.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып оза шауып келген ақындар қорытынды марапат салтанаты кезінде данышпан Абайға арналған жүрекжарды бір- бір өлеңін оқып беріп, аламан бәйгеге нүкте қойды.

Ақынға шалқар шыбыт, шығармашылық табыс тілейміз!

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button