Қоғам

Баптың деңгейі байрақты бәсекеде байқалады

		Баптың деңгейі байрақты бәсекеде байқалады

Рио-де-Жанейродағы Жазғы Олимпиада ойындарының алауы өшті. Латын Америкасында тұңғыш рет өткізілген Олимпиадада қазақ елінің ұл-қыздары жалпы есепте 17 медальды иеленіп, бұрынғы көрсеткіштерінен асып түсті. Ең бастысы, қазақтың үш бірдей қызы тұңғыш рет Олимп шыңынан қол бұлғап, қазақ елінің жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Жазира Жаппарқұл, Эльмира Сыздықова, Дариға Шәкімованың табысынан кейін спорттың осы үш түрінен шұғылданатын бұрымдылардың көбейе түсетіні сөзсіз.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов екі апта бойы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысып, Кенді Алтайдан барған саңлақтарға қолдау көрсетті. Біз айшылық алыс сапардан оралған Елдос Нұрланұлына бірнеше сауал қойған едік.

– Өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ мұхиттың арғы жағынан кем дегенде бір медаль алып келуді тапсырған болатын. Спортшылар уәдеде тұра білді. Мақтанышымыз Ольга Рыпаковаға облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы барлық жағдайды жасады. Тәжірибенің аздығынан болар, ауыр атлет Денис Уланов сын сәтте босаңсып, қолда тұрған медальдан айырылып қалды. Ал Денистің күмісті былай қойғанда, алтын алуға мүмкіндігі болған. Қазақтың «бап шаба ма, бақ шаба ма?»деген қанатты сөзі рас екен. Алайда, талантты атлеттің төрт жылдан кейін Токиода өтетін Олимпиадада олқылықтың орнын толтырып, жеңістің биік тұғырына көтерілетініне сенгіміз келеді.

Ольга Токио Олимпиадасына да қатысуы мүмкін

– Риодан қандай әсер алдыңыз?

– Бұл – менің алғашқы Олимпиадам. Бұрындары республикадағы спорт басшылығында қызмет етіп жүрген кезде саңлақтарды аттандырудың басы-қасында өзім жүрсем де, барудың сәті келмеген. Көзбен көргенге жетпейді екен. Риодадағы Олимпиаданы ұйымдастыруда көптеген кемшіліктердің орын алғаны рас. Бразилия кедей мемлекет болған соң, криминальді жағдай да ауыр. Бір ғана мысал. Олимпиадада екінші орын алған дзюдошы Елдос Сметовтің біраз дүниесін мұхит жағасында серуендеп жүргенде ұрлатып алғанын естіген шығарсыздар? Сондықтан елден барған алты спортшының жанында болып, ақыл-кеңесті айтып жүрдім.
Бразилия астанасы көрікті қала екен, тағамы дәмді, арзан, 10 АҚШ долларына түскі асты іше аласыз. Бірақ кәдесыйлар қымбат, көлікте жолақы аспандап кеткен. Риода спортшыларымыз Олимпиада қалашығында тұрды, ал Ольга Рыпакова пентхаусқа орналасты, қасында дәрігері, бапкері болды. Айта кету керек, Ольганың қарсыластары өте мықты екен. Лондон Олимпиадасында оған есе жіберген Колумбияның қара маржаны Ибаргуэн бабында болып шықты, алтынды жұлып әкетті. Венесуэланың талантты қызы Юлимар Рохас 14 метр 98 сантиметрге секіріп, екінші орынға табан тіреді. Израильдің тағы бір атлеті Ольганың алдын орап кете жаздаған кезде, жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Ол небәрі үш сантиметрге кем қарғыды.

– Ольга елге қашан оралады?

– Ол гаухар лигасына қатысады. Алда бірнеше халықаралық жарыстар, Азия және Әлем чемпионаты тұр. Алтын қызымыз әзірше спортты тастау туралы ойлаған жоқ. Кім біледі, бабы келіссе оны Токио олимпиадасында да кездестіріп қалармыз. Қалай дегенде де, үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, алтын мен қоланы иеленген О.Рыпакова – қазақ елінің мақтанышы (Ольга Бейжіңде төртінші орын алған). Аманшылық болса, қыркүйек айының басында Ольга елге оралған соң, қала тұрғындарымен, ақпарат құралдары өкілдерімен кездеседі.

Моңғолиядан мықты бапкерлерді шақырып жатырмыз

– Қалған спортшылар жайлы не айтасыз?

– Диск лақтырушы Евгений Лабутов Риоға жолдаманы Олимпиада басталар шақта ғана жеңіп алды. Бабы келіспеген соң, нәтижесі төмен болды. Бұрындары дискіні 65 метрге лақтырып жүрген саңлағымыз Риода небәрі 55 метр нәтиже көрсетті. Элина Михина 400 метрге жүгіруде 53,83 секөнт нәтижемен жарыстан шығып қалды. Жеңіл атлет Анастасия Сопрунова 100 метрге кедергімен жүгіруде нашар көрсеткішке қол жеткізді. Ал оның алдында ол 12.95 секөнттік нәтиже көрсеткен. Риддерлік Ирина Смольникова өзінің тұңғыш Олимпиадасына қатысып, 42 шақырым 195 метрлік марафон сайысында 3 сағат 31 секөнт нәтиже көрсетіп, небәрі 122-ші орынды қанағат тұтты. Ауа райы ылғалды, тропикалық жағдайда жүгірген Иринаның қиындықты жеңіп, трассадан шығып қалмағанының өзі ерлікке тең. Ал Екатерина Смирнова байдарка-каноэда шама-шарқынша өнер көрсетті. Амал бар ма, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, тәжірибесі молайған Катядан бір медаль күтіп едік, ол үмітті ақтай алмады.

– Рио-де-Жанейро Олимпиадасы тарих қойнауына кетті. Енді төрт жылдан кейін Жапонияның астанасы Токиода жалауын көтеретін Олимпиада ойындарына дайындықты қазірден бастап кеткен орынды шығар.

– Әрине! Кенді Алтайда спорт жақсы дамып келе жатыр. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын сақтау жөнінде нақты тапсырма берген. Бұл күндері өңірдің 30 пайызға жуық тұрғындары бұқаралық спортпен щұғылданады. Бұл – еліміздегі жоғары көрсеткіштің бірі. Шілде айында аяқталған ардагерлердің төртінші спартакиадасында жерлестеріміз қарсыластарын шаң қаптырып, чемпион атанды. Қалалар мен аудан орталықтарында спорт модульдері, футбол алаңдары мен хоккей қораптары салынып жатыр. Д.Баландиннің 200 метрге брасс әдісімен суға жүзудегі алтыны – сенсация. Енді қазақ елінің қара домалақтары Диманың жолын қуып, су спортына құмартады. Өткен қыста Зайсан қаласында жабық суға жүзу бассейні іске қосылды. Оны салуды ұйымдастырған – сол кездегі аудан әкімі Алмас Оңдақанов. Қазір бассейнде балалармен бірге ересектер де жаттығуда. Олимпиада бағдарламасына жеңіл атлетика бойынша 47, ал суға жүзуден 31 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ендеше алдағы уақытта жеңіл атлетика мен суға жүзуге көңіл бөлеміз. Семей қаласында спорт интернатының құрылысы қызу жүргізілуде. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша Улан-Батор қаласына барып, мықты жаттықтырушыларды қызметке шақырдық. Монғол елінде күрес түрлері, әсіресе, дзюдо қатты даму үстінде. Қысқасы, спорт – елдің абыройы мен даңқын көтеретін мықты құрал. Ендеше бұл бағытта ізденіс пен іскерлік таныту басты мақсатымыз. Ал Риоға өкпе жоқ, қазақ елінің саңлақтары мұхиттың арғы жағынан көк туды желбіретіп қайтты.
– Әңгімеңізге рахмет!

Оңдасын Елубай

Өскемен.

Суретте: облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов Олимпиада чемпионы Н.Рахимов, күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен Рио төрінде.

Осы айдарда

Back to top button