Экономика

Банктеріміз сыртқы нарыққа еркін шыға алады

Өскеменге жұмыс сапарымен Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко келіп қайтты. Күрделі жөндеуден өткен Ұлттық банк филиалының ғимаратының ашылуына қатысқан ол монета сарайында болды, банк қызметкерлерімен кездесті.

Банктеріміз сыртқы нарыққа еркін шыға аладыОблыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге еліміздің бас қаржыгері алдымен Өскемендегі Ұлттық банк филиалы ғимаратын аралап шықты. Ғимараттың жөндеуге дейінгі кезімен бүгінгі жаңа үлгісін салыстыра келе Григорий Марченко мәресіне уақытында жеткен сапалы жұмысқа ризашылығын білдірді. Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Ұлттық банк төрағасына бүгінгі күні қала келбетін ашып тұрған осынау ғимараттың жөндеу жұмысына қаржы бөлгені үшін алғыс айтты.

Ғимараттың фойесіне қойылған облыс орталығындағы Қазақстан монета сарайы шығаратын бағалы металдардан жасалған монеталар түржиынын көрген Ұлттық банк басшысы монеталар қай заманда болсын ең керемет сыйлықтар қатарында екендігін жасырмады. Оның айтуынша, Өскеменнің монета сарайында нағыз дарынды адамдар жұмыс істейді. Әлемдегі монета сарайларының ішінде монета жасауға тантал өнімін енгізу технологиясы тек бізде ғана бар екен.

– Бүгінде монета сарайы өнімдерінің 40 пайызы экспортқа кетеді. Біздің монеталар халықаралық сегіз награданың иегері атанғанын айта кетейін, онымен қоса екі мәрте жылдың ең үздік монетасын шығарғанымыз үшін марапатқа ие болдық. Ол жердегі жұмыс ерекшеліктерімен танысу барысында бізге жаңа әзірлемелерді ұсынды, маған керемет ұнады. Жыл соңында жаңа дүниелерді бүкіл қазақстандықтар көре алатын болады. Алдағы уақытта монета сарайы ғимаратын күрделі жөндеуден өткіземіз, қазір қажетті құжаттар дайындалып жатыр, – деді Григорий Марченко.

Екінші деңгейлі банк қызметкерлерімен болған кездесуде еліміздің бас қаржыгері банк қызметі, шағын несие, валюта айырбастау, банк облигациялары сияқты мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі Ресейде банктік емес ақша айырбастау орындарына мүлдем тыйым салынып отыр, ал бізде бұл әрекет әлі күнге дейін еркін жағдайда жалғасып келеді. Бұл Ұлттық банк тарапынан бақылауды қажет ететін көрінеді. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қазақстанда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында-ақ валюталарға деген сұраныс 30 пайызға дейін кеміген, қазір қаржылық операциялардың басым көпшілігін теңгемен жүргізіп жатыр екен. Қаржы саласының мамандарымен болған кездесуде алда атқарылар көптеген маңызды мәселелер талқыланды.

Г.Марченконың айтуынша, Қазақстанның экономика саласының нақты секторында қол жеткізген табыстары жетерлік. Бұған активтердің, депозиттердің, несиелендіру жұмыстарының артқаны анық мысал бола алады.

– Ең бастысы, еліміздегі қалың бұқара жайлы тұрмыс кеше алатындай экономикалық жүйе жасауымыз керек, – дейді Ұлттық банк басшысы.

Банктердің жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. 2007 жылы коммерциялық банктердің сыртқы қарызы 47 млрд. теңге болса, осы салада жасалған қайта құрылымдаудан кейін бұл көрсеткіш 9 млрд. теңгеге жеткен. Төрағаның айтуынша, қазір банктер сыртқы нарыққа еркін шыға алады.

Тұрғындарға қаржылық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бас банкирдің айтуынша, Қазақстанда алдағы уақыттың ішінде белгілі бір акционерлік қоғамның қолында болатын ортақ процессингтік орталық ашылады, яғни, еліміздегі барлық банкоматтар бір орталықта болады.

Акциялардың 51 пайызы Ұлттық банктің иелігіне өтеді. Бұл – қарапайым азаматтар үшін өте пайдалы, себебі, банкоматтар ұстап қалатын комиссиялық төлемдер екі есеге азаяды. Бұл идеяны қазір ұсақ және орташа банктердің барлығы қолдап отыр екен. Демек, алдағы уақыттарда біз дүкендерде немесе көшеде тұрған қай банкоматтан болсын, ақшамызды төмендетілген комиссиямен ала беретін боламыз.

Жұмыс сапары шеңберінде Ұлттық банк төрағасы «Халық банк» АҚ және «Банк Центр Кредит» АҚ филиалдарында болды, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Григорий Марченконың айтуынша, өткен жылы елімізде сақтандыру сыйақылары мен тұрғындардың зейнетақы қорларына салған салымдары 20 пайызға артқан, мұндай ауыз толтырып айтарлық жақсы үрдістер жылдан жылға жалғасын тауып келеді. Әңгіме барысында зейнетақы қорларының біржүйелілікке өту мәселесі де айтылды. Бас банкирдің айтуынша, қазір еліміздегі саны он бірге жеткен жинақтаушы зейнетақы қорларының жалғыз жүйеге айналуы жаман емес. Аталмыш реформаның пайдалы тұстары да жетерлік. Біртұтас жинақтаушы қордың арқасында ірі инвестор пайда болады, осының есебінен салымдардың тұрақтылығы сақталады. Ал жеке жинақтаушы қорлар тек ерікті салымшылармен ғана жұмыс істей алады. Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы дүкендерде ұсынылып жатқан тұтынушылар несиесіне халықтың иек арта бермеуі керектігін айтты.

– 2006 жылы ұялы телефондардың 45 пайызы несие арқылы сатылды деген статистикалық есепті естіп таңғалғаным бар. Мен тұрмыстық техниканы несиеге алғанша сәл шыдамдылық танытып, ақша жинап сатып алған дұрыс деп ойлаймын. Дүкендегі бағасы онсыз да қымбат дүниенің үстіне тағы үстемеақы қосып сатып алу дұрыс емес. Соңғы кезде тым көбейіп кеткен тұтынушылық несиені біз қолдаған емеспіз, қолдамаймыз да, – деді ол.

Екінші деңгейлі банктер ұсынатын несие пайызының жоғарылығы жөніндегі сұраққа Г.Марченко: «Банктен несие алар кезде сіз келісім-шартқа отырасыз, ол жерде бәрі жазылған. Несиені адам өз еркімен алады, ешкім сізді мәжбүрлемейді» деп жауап берді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button