Банктер алған комиссияларын қайтарып жатыр

«Банктер несие рәсімдеу кезінде алған комиссия ақысын қайтарып жатыр» деген ақпарат жүр ел ішінде. «Бұл не деген батпан құйрық» демекші, қандай комиссияның ақысы қайтарылып жатқанына зер салып көрдік.
Бесеудің былығы
Ел аумағындағы барлық банктердің қызметі мен әрекетін Ұлттық банк қадағалайды. Жоғарыдағы сауалды аталмыш банктің облыстық филиалына қойған едік. Қаржылық ұйымдарды бақылау және тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Салтанат Қожатаева аталмыш төлемдердің жай-жапсарын түсіндіріп берді.
2012 жылы ел аумағында жұмыс істейтін барлық банктерге несие алушының атына қарыз шотын ашқаны үшін комиссия алуға тыйым салынған екен. Бұған дейін банктер аталған операцияны қызмет түрі ретінде келісімшартқа тіркеп, ай сайын ақша алып отырған. Осы заңсыздықты тыю үшін Ұлттық банк қарыз шотын ашу ешқандай қызмет түріне жатпайтынын, керісінше несие берушінің міндеті екенін арнайы қаулыға аттың қасқасындай анық жазған болатын.
Алайда «Альфа», «Цесна», «Казком», «Евразия» және «Альянс» банк бестігі келісімшартқа комиссияның атауын өзгертіп жазып, заңсыз төлем алып келген.
Елдің алды аталмыш банктермен соттасып жатыр. Біздің облыс бойынша да бірнеше адвокат осы бағыттағы істерге маманданып үлгеріпті. Бүгінге дейін облыс бойынша екінші деңгейлі банктер тарапынан қанша адамнан заңсыз комиссия алынғаны белгісіз. Ұлттық банкте ондай статистика жоқ болып шықты.
Нақты қанша істің сотта қаралғаны да белгісіз.
Адвокат Эльмира Баймолданова аталмыш мәселе бойынша аптасына бірнеше адаммен кездесетінін айтады. Ол осы күнге дейін төрт істі сотқа жеткізіп, оң шешімге қол жеткізген көрінеді.
-Бізге негізінен «Казком», «Евразия», «Альфа» және «Альянс» банктен несие алған тұтынушылар хабарласады. Олардың шағымы қаншалықты орынды екенін айту үшін, келісімшарт пен қарыз жабу кестесін көру керек. Сол үшін әрқайсымен жеке кездесіп, ақысыз кеңес береміз. Ал егер істі сотта қорғау ұсынылса, қызмет ақысын банктен талап ететін қаржы көлеміне қарай белгілейміз, – дейді ол.

Бұл арада оқырмандарға ескеретін маңызды жайт бар. Егер аталмыш банктерден несие алып, оны жапқаныңызға үш жылдан артық уақыт өтіп кетсе, сот ісіңізді қарамайды. Адвокат 2012 жылға дейін ресімделген кредиттер де сотта қаралмайтынын айтады. Алайда Ұлттық банк маманы Салтанат Қожатаева, тәжірибеде 2012 жылдан бұрын алынған несиелер бойынша да сотқа жүгініп, өз талабын орындатқан тұрғындар бар екенін айтады.
Ерінбегендер есесін қайтарып жатыр
Эльмира Баймолданова аталмыш төрт банк ішінде «Евразия» банкінің заңсыз комиссияға деген «тәбеті» өзге банктерге қарағанда күштірек болғанын айтады. Кейбір борышкерлер заң білмегеннің кесірінен 400 мың теңгеге дейін төлеген.
Заңсыз комиссияға жол берген банктерге де хабарласып көрдік. «Евразия» банкінің өкілдері бұл мәселені сотқа жеткізбей-ақ, клиенттің өтініші негізінде қарауға болатынын айтты. Ал «Альфа» және «Казком» банкінен несие алғандарға сотқа жүгінуден басқа жол жоқ. «Цесна» банк болса, заңсыз алған комиссияны борышкерлеріне қайтарып қойған. Банктің дерегіне сенсек, заңсыз комиссия тек алты клиенттен ғана алынған екен.
Банкке кеткен есесін қайтару үшін қарекет жасап жүрген тұрғынның бірі – Салтанат Насимова. Жағымды жаңалықты ол Зайсанда тұратын туыстарынан естіпті.
-Ести сала құжаттарымды алып, «Казком» банкіне бардым. Ондағы қыздар «Сізге оны кім айтты?» деп қарсы сауал қойып, суық қабылдады. Бұл істі нотариус арқылы қарау керек деп жөн сілтеген болды. Онысы маған күдікті көрінді. Өзім кезінде есепші болып жұмыс істегенмін, қызым – заңгер. Ақылдаса келе, білікті адвокат табу керек деген ойға келдік. Банкке 276 мың теңгені бостан-босқа төлеппін. Қалалық сотқа жүгінгеніме үш ай болды. Бес рет шақырды. Алғашқы екі жолында банк өкілдері келмей қойған болатын. Олар істі барынша созуға мүдделі сияқты көрінді. Ақыры, қалалық сот істі менің пайдама шешкен. Банк оған келіспей, облыстық сотқа апелляцияға берді. Енді облыстық соттың шешімін күтеміз. Соңғы түйінді солар айтады, – дейді борышкер. Салтанат Насимова осындай мәселемен жүрген тағы үш адамды білетінін айтады. Бұл істе мықты заңгерлік көмек пен табандылық қажет деген пікірде.
-Банктің ақшаны оп-оңай бере салмайтынын білгенмін. Бірақ далада жатқан 278 мың теңге жоқ. Ең бастысы, сот қызметкерлері өте сыпайы қабылдап, үнемі нақты жолын көрсетіп отырды. Табанды адамға қиын түгі де жоқ. Сот деген сөзден қорқып, өзіңе тиесілі ақшаны талап етпеу босбеулік деп ойлаймын. Әрекетімізден нәтиже шығатын сияқты. Мен сияқты заңсыз комиссия төлеген борышкерлерге жасқанбай, ерінбей өз құқықтарын қорғай білсін дер едім, – дейді ол.
Несиені доллармен алғандар не істейді?
Несие төлеушілердің құлағына АҚШ долларымен алған ипотекалық несиелерді жаппай қайта қаржыландырады деген жағымды ақпарат тарағалы да біраз болды. Ол ақпараттың тарауына Елбасының биылғы Жолдауы түрткі болған. Бүгінге дейін дейін тек проблемалы валюталық ипотекалар ғана қайта қаржыландырылып келген болатын. Жолдау талабын орындау үшін Ұлттық банк 2015 жылы қабылданған «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізіп, жаңа құжат дайындап отыр. Жаңа құжат доллармен алынған ипотекалық несиелердің барлығын кезең-кезеңмен қайта қаржыландыруды көздейді. Бірақ оның қашан бекітіліп, күшіне енетіні әзірге белгісіз. Аталмыш несиелердің пайыздық үстемеақысы қанша пайызға төмендетілетіні де анық емес.

-Қолданыстағы бағдарлама бойынша валюталық ипотекалардың пайыздық үстемеақысы 16-18 пайыздан 3 пайызға дейін түсірілген болатын. Жаңа бағдарламада оның қанша пайыз болатыны белгісіз. Несие мөлшері займ туралы келісімшартқа қол қойылған күнгі валюта бағамымен қайта есептелетін болады. Ең бірінші кезекте зейнеткерлер мен мүгедектердің, көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті аналардың мойнындағы долларлық ипотекалар қайта қаржыландырылады. Содан кейін ғана қоғамның қалған топтарына кезек тиеді. Қазіргі жоба бойынша 2015 жылдан бері алынған ипотекалар есепке алынады делінген. Алайда, көптеген сарапшылар 2015 жылға дейін ресімделген валюталық ипотекаларды да қайта қаржыландыру керек деген пікір айтып жүр, – дейді Салтанат Қожатаева.
Бағдарламаға өзгеріс енген жағдайда қайта қаржыландыруға кететін қаражаттың еселеп артатыны да түсінікті. Салтанат Қожатаева бұл мәселе «револьверлік» тәсілмен шешілетінін айтады. Яғни, бұған дейін ипотекасын қайта ресімдеп, теңгемен төлеп жатқан борышкерлерден жиналған қаржы бағдарламаны жалғастыруға бағытталатын болады.
Банк өкілі бағдарлама әлі бекітілген жоқ деп, арқаны кеңге слып отыруға болмайтынын айтады. Өйткені несиені қайта ресімдеу бірді-екілі құжат жинаумен шектелетін оңай-оспақ операция емес. Ал егер ипотекаға алған баспанаңыз жер үй болса, кепілдік мәселесі тіпті қиындауы мүмкін.
-Жер үй болған соң қорасын жаңалап немесе қосымша құрылыс салуыңыз мүмкін. Ол құрылыстар техникалық құжат пен келісімшартқа түспеген болып шығады. Банк сәйкессіздік тапса, құжатыңызды кері қайтарады. Пәтерлерде балкон мен лоджияның мәселесі бар. 2008 жылғы заңнамалық өзгеріске сәйкес, балконды техникалық құжатқа тұрғын үй ауқымына енгізу қажет болған. Алайда көп адам оны ескерген жоқ. Осыдан келіп мәселелер туындайды. Ипотеканы бірге алып, кейін ажырасқан отбасылар бар. Мүлікті дұрыс бөлмесе, мұнда да қайшылық шығады. Осының бәрін талапқа сай заңдастыру үшін, қосымша шығын мен уақыт кетеді. Адамдардың көбі осыны түсінбей, «Бүйткен қайта қаржыландыру бар болсын» деп өкпе айтып жатады. Осындай қиындықтар болмас үшін, доллармен импотека төлеп жүрген тұрғындар қазірден бастап құжаттарын реттей бергені жөн, – дейді маман.

Өзге валютамен ипотека алып итшілеп жүргендердің ішінде Ресейдің «Сбербанкінен» несие алғандар да бар. Долларлық ипотеканың қайта қаржыландырылатынын естіген олар рубльдің де күн сайын құбылатынын айтып дабыл қағуда. Әзірге Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын айтуға асығар емес.
Есімжан Нақтыбайұлы