Қаржы

Банкроттыққа өтініш бергендердің көбі – саудагерлер

Ынтымақ ТОЛҚЫН

 Облыста банкроттыққа өтініш бергендердің басым бөлігі – саудагерлер мен құрылысшылар. Қазақстандықтар осы жылдың наурызынан бастап банкроттыққа өтініш беруді бастаған болатын. Бүгінде өңір бойынша банкроттық рәсім 277, ал оңалту рәсімі 25 кәсіпорынға қолданылған.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің брифингі өтіп, банкроттық және оңалту рәсімдері туралы ақпарат берілді. Айта кетелік, Оңалту және банкроттық туралы заң 2014 жылы қабылданған. Осы заңға сәйкес борышкердің қарызын өтеуге дәрменсіздігі анықталған жағдайда аталған екі рәсім сотта қаралып, шешім шығарылады. Банкроттық рәсімінің мақсаты – кредиторлардың талаптарын борышкердің мүлкі есебінен максималды түрде қанағаттандыру. Аталмыш рәсімге өтініш кредиторлардың немесе қарыздар адамның тарапынан қабылданады. Сот борышкердің мүлкін есептеп, егер оның меншігі қарызының бағасынан аспайтын болса, онда оны банкрот деп жариялайды да, мүлік есебінен кредитордың өтінішін қанағаттандырады. Мұндай процестің мерзімі заң бойынша тоғыз айды құрайды және оны кредиторлар жиналысы негіздер болған кезде екі жылға дейін ұзартуы мүмкін.

Қазір банкроттыққа және оңалтуға байланысты өтініштер көп. Олардың басым бөлігі құрылыс саласы мн саудагерлерден келуде. Барлығының жағдайын қарастырып, оң шешім шығаруға тырысамыз. Алайда қазір әдейі банкроттыққа өтініш беретіндер де бар. Заң бойынша борышкер соңғы үш жыл көлемінде өзіне тиесілі меншікті сатып немесе басқаның атына аударған болса, онда өтініші қанағаттандырылмайды, – деді облыс бойынша МКД оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Сайран Уәлибекова.

Ал оңалту рәсімінің мақсаты – борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Егер тұлға кредитор алдындағы борышын үш ай көлемінде төлемеген болса, онда оның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға жағдай жасалады. Яғни, оның қарызын белгілі мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Бірақ кредитті бөлу уақыты бес жылдан асырылмайды. Департамент мәліметіне сәйкес, осындай жеңілдікті 2022-2023 жылдары бес компания алып үлгерген.

Осы айдарда

Back to top button