Қаржы

Банкроттық бойынша өтінім қабылдай бастады

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

 Елімізде 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банктерге қарызы бар жеке тұлғалардың банкроттығы рәсіміне өтінімдер қабылданып жатыр. Облыс бойынша 17 наурызға дейін жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты 683 өтінім өндіріске келіп түскен.

– Соттан тыс және сот банкроттығы рәсіміне жататын тұлғалар саны халқы аса көп аймақтар мен елді мекендерде жоғары. Бұл – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары. Бірақ іс жүзінде өтінім беріп жатқандардың бәрі банкроттықтың көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Заңның мақсаты барлығын банкрот деп жариялау емес, мәселені басқа жолдармен шешуге болады және шешу керек. Осы тұрғыда   жауапты органдар алда халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дулат Салатов.

Облыста бірнеше жыл бойы банктер алдындағы несиесін өтей алмай, берешек болып жүрген тұрғындар саны азаяр емес. Олардың саны жағынан аймағымыз алғашқы бестікте. Олардың бәрі де өздерін банкрот деп танудан үмітті.

Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша облыстық сотта өткен дөңгелек үстелде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева Қазақстан бойынша жеке тұлғалардан банкроттық рәсіміне күніне 2 мыңға жуық өтінім келіп түсіп жатқанын айтты. Комитет өкілі сол өтінімдердің 90 пайыздан астамы банкроттық рәсімдерінің басты шарттарына, несие қарызының 1600 АЕК-ке (5,5 млн шамасында) дейін болуы, несиенің бір жыл бойы қайтарылмау керектігі сияқты негізгі шарттарына сай келмейтінін атап өтті. Сол себепті өтінімдердің басым бөлігі кері қайтарылып жатыр.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі М.Сисембаеваның айтқанындай, 17 наурызға дейін ел тұрғындарынан банкроттық деп тануға 20 мыңнан астам арыз келіп түскен. Арызды көпшілік азаматтар е-Gov (94%) және e-Salyq Azamat (6%) мобильді қосымшасы арқылы жолдаған.

Өтінім түскен соң «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның талаптарына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары 15 жұмыс күн ішінде азаматтың келесі шарттарға сәйкес келуін тексереді:

борыш банк, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдында 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы; борыштың өтелмеу мерзімі 12 айдан асуы; некеде бірге алынған мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы (көлік, үй, жер телімі, банктегі депозит және т.б.); банкпен, МҚҰ борыштар бойынша реттеу рәсімінің жүргізілуі.

Тексеріс автоматтандырылған нысанда тіркеуші мемлекеттік органдардың, банктердің және кредиттік бюролардың электронды деректері базасымен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, жекелеген азаматтардың банкроттықты қолдана алмайтындығы мынадай себептермен анықталды:

– 12 ай ішінде қарыз ішінара өтелгені;

– борышкердің немесе зайыбының мүлкі болуы;

– банкпен не МҚҰ реттеу рәсімін жүргізуі туралы құжаттың болмауы;

– дара кәсіпкер ретінде тіркелгендігі;

– атаулы әлеуметтік көмекті 6 айдан аз мерзімде алуы.

Ол азаматтардың телефонына 1414 қызметі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Егер мұндай хабарлама алынған болса, соттан тыс банкроттыққа қойылған өлшемдерге сәйкес келсе, 3 айдан кейін қайта өтінішпен жүгінуге болады.

Бас тарту себептерін жою үшін тиісті уәкілетті органға жүгіну қажет:

мүліктің болуы, заңды тұлғаларда қатысуы туралы – әділет органдарына (ХҚКО, «электронды үкімет» порталы арқылы); жер телімі, ауыл шаруашылығы жануарлары және арнайы техника бойынша – ауыл шаруашылығы басқармасы (жергілікті әкімшілікке); автокөлік құралдары бойынша – ішкі істер басқармасына, мамандандырылған ХҚКО; жеке кәсіптің болуы бойынша – аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына; кредит сомасы, қайтару мерзімдері бойынша – тиісті банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттіктерге. Егер банк не МҚҰ немесе коллекторлық агенттіктер тиісті құжат бермесе, аймақтық Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөліміне жүгінуге болады.

Егер борышкерге мүлкінің болуына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылған жағдайда, ол тұрғылықты жері бойынша аудандық, қалалық сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану үшін жүгінуге құқылы (Заңның 6, 20-22 баптары).

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button