Қоғам

Банк, баспана, борышкер

Банк, баспана, борышкер


Бір баспанаға қол жеткізу үшін пайызының жоғарылығына, төлейтін сомасының қомақтылығына қарамастан несие алып, кейіннен борышкерлер тізіміне ілінген азаматтар елімізде аз емес. Проблемалық ипотекалардың ең көп бөлігін 2004-2009 жылдар аралығында несие алғандар мен баспанаға қол жеткізсек деген арманның жетегінде жүріп, қарызды шетел валютасымен алып жібергендер құрайды екен.

Дәл осы екі топ мемлекет көмегіне мұқтаж еді. Өйткені, оларға банкке кепілдікке қойылған жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі төніп тұрды.

– Проблемалық несиелердің басым бөлігін 2004-2009 жылдар аралығындағы алынған заемдардың құрауы тегін емес. Дәл осы кезеңде әлемдегі экономикалық тоқырау елімізге де салқынын тигізіп, көптеген қазақстандықтар жұмыссыз қалып, бизнес тұралап қалған болатын. Ал шетелдік валютамен тұрғын үй несиесін алғандар екі девальвацияны бастан кешірді. 2009 және 2014 жылдары доллар бағамының шарықтауы шетел валютасымен несие алғандарды тығырыққа тіреді, – дейді Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызмет тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Мұрат Сертаев проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған брифингте.

Соның салдарынан тұрғын үй бағасы құлдырап, ипотекалық несие алушылардың ереуілдері жиілей түсті. Сол тұста, яғни 2015 жылдың сәуір айында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қол қойған болатын. Бұл бағдарлама әу баста 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық несие алып, қарызын төлей алмай отырған борышкерлердің жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталды. Ал бертін ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгертулер енгізіліп, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған барлық шетел валютасындағы қарыздарды қайта қаржыландыру жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктерге бағдарламада көрсетілген уақыт аралығында кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті сатпау және борышкерлерден пәтерді босатуды талап етпеу жөнінде нұсқаулық берген еді.

Несиені үш пайызға дейін жеңілдетуге мүмкіндік бар

Брифингке қатысқан Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызмет тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Салтанат Қожатаева бағдарламаның борышкерлер үшін тиімді екендігін баяндап берді. Ұлттық Банк өкілінің айтуынша, аталмыш мемлекеттік бағдарлама екі блоктан тұрады.

– Бағдарламаның бірінші блогы жоғарыда атап өткеніміздей, 2004-2009 жылдар аралығында несие алғандарға бағытталып отыр. Осы топтағы несиелерді қаржыландыру үшін Ұлттық Банк 130 млрд. теңге қаржы бөлді. Осы уақыт аралығында ипотекалық несие алған әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар жылдық үш пайыз бойынша қарыздарын қайта қаржыландыра алады. Қайта қаржыландыру кезінде несиелерін 240 айға дейін ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.

Ал екінші блок ипотекалық қарызды шетел валютасымен алғандарға бағыттылған. Мәселен, бұрын адамдар ипотеканы доллар бағамы 120 немесе 180 теңге болған кезде алған. Ал, қазір бір доллар бағамы 370 теңгеден жоғары болып кетуіне байланысты қарыздар екі-үш есе өсіп кеткен. Енді осы бағдарлама арқылы олар 2015 жылдың 18 тамыздағы Ұлттық Банктің ресми бағамы – 188 теңге 35 тиын бойынша қарыздарын қайта қаржыландыра алатын болды, – дейді ол.

Бір айта кетерлігі, валюталық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылдың 15 маусымына дей ін ұзартылды. Бұл кезінде несиесін қайта қаржыландыруға үлгермей қалған борышкерлер үшін үлкен мүмкіндік.

Бүгінгі күні бірінші блок бойынша облыстағы екінші деңгейлі банктерге 1 949 өтініш келіп түссе, оның 1578-і қанағаттандырылды. Шетел валютасымен алынған несиелерді қайта қаржыландыру бойынша 467 өтініштің 413-і қанағаттандырылды.

Сонымен қатар енгізілген өзгертулер нәтижесінде шетел валютасымен алынған қарыздарды қайта қаржыландыру жылдық 12 пайызбен жүзеге асырылады. Бұл да үлкен жеңілдік, өйткені көптеген екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиені аз дегенде жылдық 14-16 пайызбен берген болатын.

Ал ипотекалық несиесін жылдық үш пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкіндігі бар әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ қатарына төмендегі санаттағы азаматтар кіреді екен. Олар:

– Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері;
– Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар;
– 1-2 топ мүгедектері;
– мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен бекітілген созылмалы дертке шалдыққан жандар;
– зейнеткерлер;
– ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, жетімдер;
– оралмандар;
– экологиялық апат кезінде баспанасынан айырылғандар;
– көпбалалы отбасылар;
– мемлекеттік немесе қоғамдық қызмет атқару барысында көз жұмғандардың отбасы;
– толық емес отбасылар.

Осы санатқа жататындар ипотекалық несиесін қайта қаржыландыру үшін заем алған банкке барып, қажетті құжаттар тізімін алулары қажет.

Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер өтініштерді қанағаттандырудан бас тартса, облыста құрылған арнайы комиссияның көмегіне жүгінуге болады. Комиссия бағдарлама жүзеге асырыла бастаған 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Оның құрамына Ұлттық Банк, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және тағы бірқатар ведомство өкілдері кіреді. Жыл басынан бері комиссия мүшелері қарыз алушылар тарапынан келіп түскен 250 шағымды қарастырып, оның 107-сі бойынша екінші деңгейлі банктерге өтінішті қанағаттандыру жөнінде нұсқаулық берген.

Банк, баспана, борышкер

Қайта қаржыландыруға қай банктер қатысады?

Ұлттық Банк өкілінің айтуынша бірінші блоктегі азаматтардың «Казкоммерцбанк» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «ЦентрКредит банкі» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Сбербанк России» ЕБ АҚ, «Казинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компаниясы»АҚ, «Астана Ипотека» және «АФ Ипотека» АҚ-дан алынған ипотекалық несиелері қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілген. Демек, аталмыш банктен 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық несие алып, кейіннен әлеуметтік әлсіз топ қатарына енгізілген борышкердің несиесін төмен пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкіндігі бар.

Ал 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін «ForteBank» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «KZI Банк» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Сбербанк России» ЕБ АҚ, «ВТБ Банк Қазақстан» АҚ, «Альфа Банк» ЕБ АҚ пен «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ-дан шетел валютасымен алынған несиелер жылдық 12 пайызбен, 183 теңге 35 тиын доллар бағамы бойынша қайта қаржыландыруға жатады.

Банк өкілдерінің айтуынша, өңірдегі тағы 13 банкпен бағдарламаға қатысу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Демек, алдағы уақытта қайта қаржыландыруға қол жеткізетін азаматтар тізімі кеңеюі мүмкін. Жалпы қазіргі күні қайта қаржыландыру жөнінде өтініштерді қанағаттандырудан бас тартқан банктерге қатысты жолданған арыз-шағымдардың басым бөлігі «Халық банкі» АҚ тиесілі екен. Оның өзіндік те себебі жоқ емес. 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық несиелердің басым бөлігі осы банктен алынған көрінеді. Брифинг барысында банк өкілдері проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты туындаған кез келген сауалға Ұлттық Банк өкілдері нақты жауап беріп, кеңес беруге дайын екендіктерін айтты. Ол үшін азаматтар Ұлттық Банктің облыстағы филиалдарына жүгіне алады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button