Балық шаруашылығын дамытуға арналды
Хасен ЗӘКӘРИЯ
Өскемендегі Металлургтердің Мәдениет сарайында аса маңызды бір жиын болып өтті. Бұл «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алтай филиалының 70 жылдығына, сондай-ақ балықшылардың кәсіби мерекесіне арналған «Балық шаруашылығы саласының дамуы: өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болатын.
Конференцияға осы серіктестіктің бас директоры, биология ғылымДАРының докторы Қ.Исбеков жетекшілік жасап отырды. Бұл жиынның басты ерекшелігі мынада еді: аталған конференцияға еліміздегі балық аулаумен және өсірумен айналысатын барлық шаруашылықтардан өкілдер қатысты, Ресейдің балық өсіретін айтулы шаруашылықтарынан жауапты адамдар атсалысып, онлайн түрінде баяндамалар жасап, өдерін толғандырған алуан проблемаларды қазақстандық әріптестерімен бөлісті.
Модератор алғашқы сөзді Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары А.Бахияновқа берді. Аян Қайратұлы онлайн сөз сөйлеп, қазіргі уақыттағы балық шаруашылығы саласының хал-ахуалын тілге тиек етті. Саладағы жетістіктерге, орын алып келе жатқан олқылықтарға егжей-тегжейлі тоқталған баяндамашы барша жағдайға кең көлемде шолу жасады.
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директоры Қ.Исбеков өз саласындағы жағымды жайларды жұрт назарына ұсына келе, бүгінгі мерекеге орай жүрекжарды құттықтауын ортаға салды. «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы» инспекциясының басшысы С.Кітапбаев мазмұнды баяндама жасап, бірқатар ауыз тұшытарлық мағлұматтарды ортаға салып өтті. Санақбек Қанапияұлы алдымен 2021 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен Үкіметтің 2021 жылдың 5 сәуіріндегі қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілгенін атап көрсетіп, аталған бағдарламаның басты мақсаты халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету және балық өсіруді дамыту үшін жағдай жасау екендігін мәлім етті. Бұл дегеніміз – балық өсіру көлемін 2030 жылға дейін 6,9-дан 270 мың тоннаға дейін арттыру; балық өнімдерін ішкі тұтыну көлемін 67-ден 134 мың тоннаға дейін ұлғайту; балық өнімдері экспортын жылына 430 млн. АҚШ долларына дейінгі сомаға жеткізіп, 2030 жылға дейін жылына 30-дан 181 мың тоннаға дейін арттыру екендігін жіліктеп айтып өтті. Ал бұл ауқымды шараларға республикалық бюджеттен 10 жыл ішінде 56,4 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 144,3 млрд. теңге бөлінетін болады. Ал бюджеттен тыс қаржы ретінде 340,5 млрд. теңге көлеміндегі инвестициялар жұмсалып, жалпы көлемі 541,3 млрд. теңге қаражат игерілмек.
Ал С.Кітапбаев өз саласының ардагер еңбеккерлерін марапаттап, шынайы қошемет көрсетті. Ол Күршім ауданының балық шаруашылығы саласына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, өлшеусіз еңбек сіңірген С.Әлешов, Е.Туғанбаев, Д.Сәкеновке «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағын табыс етіп, С.Әнуарбеков, К.Кітапбаев, Т.Рақымжанов пен Тұғылдан келген Қуанбек Қасымғалиұлын «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Осыдан кейін филиалдар директорлары, әдейілеп шақырылған қонақтар дәл осы күні құрылғанына 70 жыл толып отырған Алтай филиалына арнап өздерімен бірге алып келген сый-сияпаттарын, құттықтауларын филиал басшысы Бауыржан Әубәкіровке табыс етті, бұл рәсімнің өзі біршама уақытқа созылды.
Тағы бір мазмұнды баяндаманы аталған ЖШС-нің ихтиология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Е.Куликов жасаған болатын. Ол «Қазақстандағы кәсіптік балық аулаудың проблемалары, келешегі және оны дамытуды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету» деген тақырыпты қаузап, бұл мәселеге шынайы ғылыми талдау жасап шықты. Жиналғандардың бұл кісіге көптеп сауал тастап, олардың әрқайсысына ынтамен жауап күткендері тегін емес болатын.
Тағы бір мәнді де маңызды баяндаманы жұрт назарына Астрахань мемлекеттік университетінің биотехника, зоология және аквамәдениет кафедрасының профессоры, «Бекіре балық өсіру» ғылыми-ағарту орталығының доценті Л.Васильева ұсынған болатын. Ол онлайн байланыс арқылы «Ресейдегі бекіре тұқымдас балықтар аквамәдениетінің қазіргі уақыттағы ахуалы» деген тақырыпта ұғынықты да ұтымды тұжырым жасады.
Конференция барысында 20-дан астам құзырлы адамдар өз пікірлерін ортаға салып, көкейлеріндегі көрікті ойларын көпшілікпен емен-жарқын бөлісті. Бас директор Қ.Исбеков конференцияны қорытындылап, тиісті адамдарға арнайы сертификаттар табыс етті.