БАЛЫҚ ӨСІРУ – БИЗНЕС

Облыста балық шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы басталды. Бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай қолдан балық өсіретін су көздерінен жыл сайын 16,3 млрд. теңге сомасына 9 774 тонна тауарлық балық аулау жоспарланып отыр. Соның ішінде 8 578 тонна албырт, 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре балық түрлері ауланып, өңделіп, экспортталмақ.
АЛБЫРТ, ТҰҚЫ, БЕКІРЕ…
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың түсіндіргеніндей, тауарлық балық өсіру көлемінің өсуіне қол жеткізу қолданыстағы екі учаскені кеңейту есебінен және жаңадан жеті учаске, шарбақтарды құру есебінен жүзеге асады. Осы тоғыз учаскеде жылына 8,5 тонна балық өсіріліп, ауланады.
Сонымен бірге, алдағы он жылда балық көлемін молайту үшін қолданыстағы сегіз су айдынын пайдалану аумағы кеңейтіліп, жаңадан 11 су айдыны көл шаруашылықтары құрылады. Бұл 19 көлдің қуаттылығы жылына 378 тонна, “Бұқтырма уылдырық шашу, өсіру” ЖШС тоған шаруашылығының өзінің жобалық қуаты- жылына 773 тонна. “OstFish” ЖШС индустриялық шаруашылығының әлеуеті де мол, мұнда жылына 45 тонна балық ауланады.
Жоспардағыдан өзге қазіргі күні облыста бағалы балық түрлерін жасанды жолмен өсіру бағытында үш жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. 2020 жылы үш шаруашылықта 325 тонна балық өндірілген. Шарбақты тәсілмен балық өсіретін үш шаруашылықтың екеуі: «Шығыс Универсал” ЖШС, “Гранд Фиш” ЖШС форель өсірумен айналысады. “OstFish”ЖШС өңірде жоқ балық-бекіре өсіріп жатыр.
Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шаралар кезең-кезеңмен жүргізілмек.
Бірінші кезеңде конкурс өткізіліп, резервтегі жаңа шаруашылықтарды: Бұқтырма су қоймасындағы жеті кәсіпшілік – шарбақ учаскесі мен әр жерлердегі 11 көл-тауарлы балық шаруашылығы айналымға тартылып, аталған су айдындары жасанды жолмен балық өсіруге пайдалануға беріледі.
Жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар жобалық қуаттарына жеткізіліп, өңірдегі балық шаруашылықтарының субсидияға деген қажеттіліктері есептеліп, анықталады.
ЖЕМГЕ ДЕ, ДӘРІГЕ ДЕ СУБСИДИЯ БАР
Балық шаруашылығын субсидиялық қаржымен барынша қолдау мақсатында ағымдағы жылы акваөсіру саласындағы мемлекеттік қолдау көрсетілетін тізімдер қатары алты түрге дейін кеңейтіліп, балық шаруашылықтарына берілетін субсидия түрлерін молайту қарастырылып жатыр. Осы уақытқа дейін субсидия балық жемі мен балық өсіру құрал-жабдықтарына ғана беріліп келді. Биыл аймақтағы балық шаруашылықтары балық жемі бойынша 126 миллион теңге, құрал-жабдық, техникаларды сатып алуға кеткен шығындар бойынша 60 миллион теңге көлемінде инвестициялық субсидияға өтінім беріп отыр. Алдағы уақытта балық шаруашылығындағыларға берілетін субсидия түрлеріне био негіздемелер жасауға, балық отырғызу материалы, дәрілік препараттар, балықтың аналық басын сатып алуға кететін шығындар да кіргізіліп отыр. Балық шаруашылығына субсидия берудің тәртбі бойынша кейбір шығындар кәсіпкерге 50 пайызға дейін қайтарылып берілмек. Балық өсіру саласына осылайша мемлекеттен қолдау көрсетіле бастағаны, субсидия түрлерінің артып отыруы халықтың балық бизнесімен шұғылдануына өзіндік ықпалын тигізуі тиіс дейді сала мамандары. Облысымыздағы қолдан балық өсіріп жатқан шаруашылықтар балықтың да баққанға бітетінін көрсетіп отыр. Су айдындарында шарбақтық тәсілмен балық өсіріп жатқан үш-төрт шаруашылықтың кәсібі өркендеп, балығы көбейіп, бизнесі жүріп жатыр. Балық шаруашылығын дамытуға бағытталған салалық бағдарлама енді балық өсіруді нағыз бизнес көзіне айналдырып, он жылда одан әрі ілгерілетеді деген үміт бар. Бағдарлама іске асырылатын 10 жылда аймақтағы балық шаруашылықтарына 10,8 млрд. теңге субсидия қажет етіледі екен.

Жасанды шарбақтарда балық өсірудің ең маңызды тұсы-балықтың тамағы. Тауарлы балық өсірудің негізін жем мен балық отырғызу материалдары құрайды, онсыз саланы дамыту мүмкін емес. Бүгінгі таңда облыстағы балық шаруашылықтары балық жемін негізінен Алматыдан әкеліп жатыр. Облыс бойынша 2030 жылға қарай балықтарды азықтандыруға қажетті жем шамамен 15 мың тоннаны құрамақ.
Облыста балық ұнын өндіріп жатқан”Төре-Тоғам” ЖШС, “Рыбпром” ЖШС, “Рыбаки-Зайсана” ӨК кәсіпорындары болашақта қолдан өсірілгелі отырған тұқы балығы үшін жем дайындауға кіріспек.
Жем құрамының түрлі нұсқалары іріктеліп, дайындау облыста жұмыс істеп тұрған басқа да кәсіпорындарға ұсынылып отыр. Кәсіпорындар қосымша балық жемін шығару мүмкіндігін қарастыруда. 2030 жылға қарай еліміздегі балық шаруашылықтарының жемге деген қажеттілігі болжам бойынша жылына 654 мың тонна болмақ. Сондай-ақ 2030 жылға қарай шарбақты тәсілмен балық өсіру шаруашылықтарының отырғызу материалына деген қажеттілігі 16 млн. дана (албырт – 11 млн., тұқы – 5,2 млн. және бекіре-62 мың) балық шабақтарын құрайды.
Арман Есентаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
-Шығыстағы мол су көздерінің әлеуетін толық игере отырып, балық шаруашылығын дамыту ең алдымен балық өсіру материалдары, балық шабақтары өндірісін дамыту қажеттілігін тудырып отыр. Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы өткен жылы 4 млн. дана тұқы балықтарының шабақтарын өсірді. “Шығыс Универсал” ЖШС инкубациялық цехында ақсаха балықтарының дернәсілдерін алу жолға қойылды. Былтыр мұнда 15 млн.дана дернәсіл алынған. Форельдің ұрықтанған уылдырығы мен шабақтары Польша мен Алматыдан әкелінді. Тұқы шабақтарын өндіруге екі шаруашылықты – Кемеркөл көлі мен Щербаков су қоймасын тартуды жоспарлап отырмыз. Албырт шабақтарын өндіруге де екі шаруашылықты: “Гранд Фиш” ЖШС және “Шығыс Универсал” ЖШС-ін тарту көзделініп отыр. Гипофиз, уылдырық, шабақ алу үшін, сондай-ақ балықтың аналық басын құруға жыл сайын өсімін молайту үшін балық аулауға квоталар бөлу жоспарланып отыр. Осылайша, облыста тұқы және албырт (форель) отырғызу материалымен толық қамтамасыз етіледі. Бекіре тұқымдас балық түрлері бойынша шабақтарды Алматы қаласынан жеткізу жолға қойылған, 2030 жылға қарай 62 мың дана бекіре шабақтары сұранысқа ие болмақ. Қажеттілік көлемінің төмендігіне байланысты облыста бекіре шабақтарының жеке өндірісі ұйымдастырылып, бекіре шабақтары қажеттілікке қарай өндірілетін болады.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ