Балық шаруашылығыТОП

Балық өсіретін шаруашылық

Күршімнен таяқ тастам жердегі Мальковое ауылында орналасқан Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы облыс түгілі, ел көлеміндегі іргелі де маңызды нысандардың бірі. Кеңес өкіметі кезінде бүкілодақтық маңызы бар кешен ретінде салынып, атағы дүрілдеп, табысымен талай жерде топ жарған осынау шаруашылықтың кейінгі кезде салы суға кетіп, шаруасы мандымай қойғаны рас болатын.

Басшылары жиі ауысқанымен, олардың ешқайсысы ұжым тірлігіне   тың өзгеріс енгізе алмады. Ақырында, айлап-жылдап еңбекақы алмаған жұмысшылар балапан – басына, тұрымтай – тұсына дегендей, ыдырап, өз жөндерін тапқан болатын.

Осыдан біраз бұрын «шаруашылыққа жаңа басшы тағайындалып, ол жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертті, балық өсіру үдерісін жаңаша, ғылыми тұрғыда жүргізе бастады», – деген сөздерді естіп жүрген едік. Енді сол басшымен бетпе-бет жүздесейік, айтар уәжіне  құлақ түрейік деген мақсатпен сәті түскен күні шаруашылық кеңсесінің есігін қаққан болатынбыз.

Бізді жылы жүзді, қимылы ширақ  жігіт қарсы алып, өзін «осы шаруашылықтың директоры Әнуарбеков Сымбат Мұхаметбекұлымын» деп таныстырды. Келген шаруамызды естіген соң, директор алдымен өзі туралы мағлұмат беретін құжаттарға көз жүгіртіп шығуды ұсынды.

Сымбат Әнуарбеков №3 Күршім орта мектебін бітірген соң Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түсіп, оны 2005 жылы үздік оқып тамамдаған екен. Соңынан осы оқу орнының магистратурасын аяқтап, сонымен бірге зоолог мамандығын да алып шығыпты. Еңбек жолын Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бастаған алғыр азамат көп ұзамай I дәрежелі маман атанып, кіші ғылыми қызметкер,  содан соң аға ғылыми қызметкер атақтарына ие болды. Өмірдегі басты мақсат – терең білім деп ұғынған талапты жігіт кейіннен Шығыс Қазақстан аймақтық университетінде сырттай оқып, заңгер мамандығына қол жеткізді.

Балық шаруашылығы саласында табысты еңбек еткен С.Әнуарбеков 2014 жылы біліктілігін арттыру мақсатында Ресейге аттанып, Новосібір  мемлекеттік аграрлық университетінде ихтиолог мамандығы бойынша бір жыл дәріс алды. Ал 2017 жылы Ресейдің Астрахань қаласына барып, ондағы мемлекеттік университеттің магистратурасында гидробиология және аквамәдениет пәндері бойынша білім алды. Осылайша, балық шаруашылығы саласында түрлі қызметтерді тиянақты атқарып, білікті маман, ихтиолог- ғалым атанған Сымбат Мұхаметбекұлына комитет басшылары өзінің туған жеріндегі балық өсіретін шаруашылықты жолға қою міндетін жүктеп, директордың орынбасары қызметін ұсынған екен. Келе жұмысқа бел шеше кіріскен алғыр азамат бір жыл өткен соң шаруашылықты толықтай қолға алып, директорлыққа тағайындалыпты.

– Мен бүгін өзімді мақтап, бұрынғы басшыларды жамандап, ұпай жинайын деп отырған жоқпын, – дейді Сымбат ағынан жарылып. – Мен келген кез – шаруашылықтың әбден құлдырап, кетеуі кетіп тұрған шағы екен. Тоғандағы балықтардың арасында уылдырық алатын аналық қалмаған. «Балықты мол етіп өсіреміз» деп 2009 жылы «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан алған 150 млн. теңге қарыз сол күйі өтелмеген. Оны білген соң бұл ұжымға банк атаулы несие беруден бас тартып отыр екен.

Осының барлығын ойша сараптап, екшеп алған соң, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы  Санақбек Кітапбаевпен ақылдасып, әр қадамымызды заңға сәйкестіре отырып, Тораңғыдан 500 аналық сазан, тұқы  балықтарын аулап әкелдік. Сөйтіп, шаруашылықта неше жылдан бері бірінші рет уылдырық алынды. Оны мұқият өсіріп, бір жылдан соң 4,5 млн. дана салмағы 10-15 грамдық шабақтар алдық. Осылайша, өзіміз өсірген өнімді саудалап, қаражат түсіре бастадық.

«Оны кім сатып алады?» деген сауалыма Сымбат төмендегідей   жауап қайтарды. Біздің облысымызда, ауданымызда Зайсан көлінен балық аулайтын «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативі, «Дигам», «Төретоғам», «Ұлтарақ», «Байтоғас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Самарда «Серік» шаруа қожалығы бар. Осы табиғат пайдаланушылар аулаған балықтарының орнын толтыру үшін көлге жыл сайын балық шабақтарын жіберіп отыруға міндетті. Міне, осы ұжымдар біздің шабақтарымызды сатып алып, көл байлығын толықтыруға атсалысты әрі бізге де елеулі қолдау жасады. Осыдан түскен қаржымен еңбекақы, салық қарыздарын төлеп, шаруашылық мойнындағы несиеден құтылдық. Бұған қосымша балық шаруашылығы саласына экологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге ынталы болып, біздің есебімізге қомақты қаржы аударған Өскемендегі «Казцинк», Павлодардағы «Алюминий зауыты», «Электролиз зауыты» сияқты іргелі  кәсіпорындардың басшыларына айтар алғысымыз зор.

Осы алып кәсіпорындардың басшыларымен тиімді келіссөз жүргізіп, аталған қаржының шаруашылық есебіне түсуіне оң ықпал жасаған жас директордың алғырлығына тәнті болмасқа лажың жоқ.

Осылайша, еңсесін тіктеген ұжымның басшылығы ендігі шаруаны кәсіпорынды қайта құрудан бастамақ ниетте. Алдымен шаруашылық үшін ең маңызды жүйе болып табылатын инкубациялық цехты жетілдіру шаралары қолға алынып отыр. Осы мақсатпен 2020 жылы астанамыздағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінен арнайы мамандар  – техниктер, ихтиологтар, техникалық реттеушілер шақырылған еді. Олар кең отырып кеңесе келе, лайықты жоба құрып,  оны тиісінше жүзеге асыруға жөн сілтеді. 2021 жылдың қысында аталған жоба іске қосылды. Сөйтіп, цехтың өндірістік қуаты артты, бар жұмыс автоматтандырылды. Соның нәтижесінде бұрын 12 адам жұмыс істеген цехта қазір бар шаруаны 4-ақ кісі атқаруда.

– Осы цехтан 28 млн. бағалы  құртшабақ  алдық, – дейді Сымбат.  – Оның жартысын саттық та, қалғанынан 6 млн. шабақ алдық. Шабақтарды да сатып, барша қарызымыздан арылдық. Құтылып қана қоймай, жоғары көрсеткіштердің арқасында 2021 жылы еліміздегі  балық өсіретін шаруашылықтар ішінде 3-орынды иелендік. Жұмысшылар қатары толығып, енді ұжымға жас мамандар тартыла бастады.

Сымбат Әнуарбековтің есімі 2020 жылы Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары бойынша құрылған осы салаға қатысты шыққан заңдарды сараптап отыратын «Балық шаруашылықтарының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры ретінде де жақсы танымал. Осы қызметті де тиімді пайдалана отырып, жас басшы көптеген ауқымды жұмыстарға бастамашы болып жүр. Бүгінгі таңда «Балық шаруашылығын дамыту-2030» бағдарламасы құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы (Семей бірге) 9 мың тонна, Павлодар облысы 10 мың тонна балық аулауға міндеттеніп отыр.

Тұқы  балығының будандастыру арқылы қолдан жасалған тұқым екені белгілі. Сондықтан ол өздігінен өсіп-өнуге қабілетсіз. Ендеше, көлде жабайы өскен таза сазан тұқымын өсірген дұрыс. Сөйтіп, сала мамандары  бүкіл республика көлеміндегі су айдындарынан сазанның таза тұқымын іздеуге кіріседі. Тексере келгенде сазан атаулының тұқымен шатысып, азып кеткені байқалды. Таза сазан тұқымы тек Алакөлде ғана қалған көрінеді.

– Алакөлден 200 бас аналық сазан әкеліп, бірінші жылдың өзінде олардан  7,5 млн. құртшабақ алдық, – дейді Сымбат. – Кейбіреулер таңырқайтын шығар: «оны қалай санайды?» деп. Мұның ғылыми түрде дәлелденіп, келісілген өлшемі бар. Мысал үшін, 1 литрлік банкада 1 миллион, тіпті одан да артық құртшабақ болады. Осы табысымызды балық шаруашылығы комитетінің алдында дәлелдеп, бірінші рет көлемді тапсырыс алдық. Қазір соны іске асыруға күш салып жатырмыз. Сонымен бірге, шортанның уылдырығын алып, оны шабақ қылып өсіріп, соңынан тауарды балық ретінде саудаға шығаруды, аналығынан уылдырық алуды жүзеге асыруға жұмылудамыз.  Өскеменнің ұн тартатын комбинатымен келісімге келіп, балық жемін жасауды қолға алдық. Жан-жақты зерттей келе, барынша құнарлы жем әзірлеудің жолы да табылды.

Өсірген шабақтарын биыл облыстық тауар өндірушілер көрмесіне апарған ұжым мүшелері осы беделді сайыстан «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша III орыннан көрініп қайтты. Енді олар «Алтын сапа» атты республикалық көрмеге әзірлік жасауда.

Басында шаруашылық дирректоры «осы ауылда 24 жұмысшы бар, 15 жұмысшымыз Нұр-Сұлтан қаласында» деген болатын. Біз одан сол сөзінің мәнін түсіндіруді өтіндік.

– Кезінде балық шаруашылығында «Машиналы суландыру станциясы» деген құрылым болған, – деді Сымбат. – Оның мақсаты – Есіл өзенінің түбін, арнасын тазалап, бас қаладағы өзенді лайықты деңгейде ұстау. Кейін бұл құрылым жабылып, оның аумақтары мен техникасы бөліске түсті. Одан біз де үлес алып қалдық. Қызық болғанда бізге ең қиын да жауапты учаске тиіпті. Бұл учаске Ақорданың маңында болғандықтан жауапкершілік, құзырлы адамдардың тексеруі өте жоғары деңгейде. Біздің адамдарымыз  Есілдің сол маңдағы бөлігін тереңдетіп, артық нәрседен тазартып, мұқият жұмыс атқаруда.

Әңгімелесе отырып, біз Сымбат Мұхаметбекұлының қандай шаруа болмасын, үлкен-кіші деместен терең үңіліп, барынша зер салып отыратын аса жауапты жан екендігін айқын аңғардық. Сондай-ақ оның не айтса да ғылыми түрде дәлелдер келтіріп, нықтап шегелеп айтатын өзіне-өзі сенімді адам екендігі де байқалып тұрды. Жас басшының осы уақыт ішінде алуан марапаттарды иеленіп үлгергені де тегін болмаса керек. Мәселен, С.Әнуарбеков «Балық шаруашылығындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің ең жас иегері. Сонымен бірге, ол 2018 жылы «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 90 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған болатын. 2020 жылы оған «Ұлттық бизнес-сараптама орталығының үздік қызметкері» медалінің берілуі де тегін болмаса керек.

Жігерлі де білімді жастың басшылыққа келуіне орай Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының түтіні түзу шығып, атағы қайтадан өрлей бастады. Ел байлығын арттыруға елеулі үлес қосып отыруға тиісті маңызды кәсіпорынның одан әрі өркендеп, айтулы қадамдар жасай беруіне мүдделі қауымның бүгінгі қуанышын түсіну қиын емес.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button