Балғындарды қуаныш пен шаттыққа бөледі
Кеше Өскемендегі облыстық драма театрда облыс әкімінің шыршасы өтті. Аудандар мен қалалардан келген 100-ден астам баламен бірге бұл шараны облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Әсем Нүсүпова тамашалады.
Шығыстың ақтүтек боранына кезігіп, неше жүз шақырымдық жол азабын көріп келген балалардың жүзінде шаршаудың белгісі де жоқ. Алып театрдан аңқыған шырша иісі бәрін ұмыттырып жібергендей. Алтын айдарлы тауықтың бейнесінен тартып, барлық жылдардың маскасын киген балалар шыршаны шыр айналып билеп жүр. Жалған дүниеде жасыл реңін өзгертпейтін осы бір ағаштан балалар рухани ләззат алатын сыңайлы. Әлде, сабақтарынан салбырап тұрған сауғалардан дәмелі ме?! Мейлі қалай десек те, жаңа күннен жақсылық күткен балаларға облыс әкімінің атынан ақ сәлем келіп жетті.
– Құрметті балалар, қадірменді достар! Сіздерді облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сендерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, бақытты ғұмыр тілеймін. Бүгін сыйлығы мол келелі күн. Осынау шырша аясында не тілек тілесеңіздер де Аяз ата мен Ақшақар арқылы орындалады. Осында бүгін мектепте жақсы оқитын, талантты, дарынды балалар жиналған. Сендер бүгін бір-бірлеріңмен танысып, жаңа дос тауып жатырсыңдар. Келесі жыл да оқуларыңды жақсы оқып, ата-аналарың мен ұстаздарыңның, сондай-ақ, қатарластарыңның мақтанышы болып жүре берулеріңе тілектеспін, – деп балаларды құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі білім саласының жетістіктеріне тоқталды. – Сіздерге барлық жағдай жасалған. Биыл біздің облысымызда алты жаңа мектеп қолданысқа берілсе, 250 мектеп қайта жөндеуден өткізілді. 3,5 мыңнан астам мұғалімдер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде біліктілігін арттырды. Сіздер де үш тілді еркін меңгерсеңіздер, мектеп бітірген соң «Болашақ» сынды бағдарламалар арқылы шет елдерден, еліміздің маңдай алды оқу орындарынан оқу мүмкіндіктеріңіз бар. Тек сабақты жақсы оқуларыңыз керек. Жаңа жыл сіздерге жаңа бақыт әкелсін.
Облыс әкімінің салтанатты шырша тойына оқу озаттарымен қатар аз қамтылған отбасының балалары ды қатысты. Жүздерінен шаттықтың лебі ескен балаларды облыстық драма театрдың әртістері одан бетер еліктіріп, ертегілер еліне бастады.
– Жаңажылдық кешке жібергені үшін мұғалімдеріме көп рахмет. Бұрын мектептегі шыршаға қатысқаныммен, осындай үлкен ортаға бірінші рет келіп отырмын. Көптеген достар таптым. Өте қызықты әрі көңілді кеш өтіп жатыр, – дейді Семей қаласынан келген Әлихан Болат есімді оқушы.
Әкімнің ақ сәлемін тыңдаған жеткіншектерді самсаған шыршаның арасымен келесі бөлмеге бастады ұйымдастырушылар. Жарқ-жұрқ еткен шырақтармен әрленген жасыл шырша балалар тұрмақ, үлкен адамдардың өзін бір рахат сезімге бөлейді. Жаңа бөлмеде балаларды жаңа концерттік бағдарлама күтіп тұрған еді.
Үш тілде еркін ән салатын бүлдіршіндер мен буынсыз бишілер ол жерде де жас достарына тамаша өнерін көрсетті. Кішкентай қонақтар ертегі кейіпкерлерімен бірге әлдекімді асыға күтіп тұр еді. Кенет қап-қара киінген «жамандықтар» жетіп келмесі бар ма?! Күтпеген қонақтардан балалар бастабында қорқып қалғанымен, ақырында көп болып ортадан қуып шықты. «Күш – бірлікте» екенін түсінген жеткіншектер ақыры аңсаған Аяз атасы мен Ақшақарына жолықты. Бірге би билеп, ән айтты. Өлең, тақпақтарын айтып сауғасын алды.
– Облыс әкімінің шыршасына немеремді алып Күршім ауданынан келіп қатысып отырмын. Әртүрлі киім киген балалардың көңіл күйі өте жоғары. Мерейі үстем балалардың қуанышты сәтінің куәсі болып отырмыз. Ата-аналардың да қуанышы шексіз. Барлық жерлестерімді Жаңа жылмен құттықтаймын. Балаларымызға осындай қуаныш сыйлап отырған облыс әкіміне көп рахмет, – дейді Айжан Майлыбаева есімді зейнеткер.
Шынын айтсақ, шырша тойына қатысқан балалардан ата-аналардың қарасы мол көрінді көзімізге. Әрине, олар шырша үшін емес, балалары үшін келгені белгілі. «Жерде бір бала күлсе, көкте мың періште қуанады» демекші, бұл шырша тойы да көп жандардың қуанышына айналды. Баланы қуантудан басталған Жаңа жыл баршаны қуантуға жазсын.
Мұратхан Кенжеханұлы