Қоғам

Балғындар балабақшада алты жасқа дейін қалуға тиіс

Балғындар балабақшада алты жасқа дейін қалуға тиіс

Білім беру саласында қордаланып қалған, тез арада шешім қабылдауды қажет ететін мәселелер аз емес. Ұлттық баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдарымен кездескен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова мектеп жасына дейінгі білім, бөбектерді балабақшаларға орналастыру, ҰБТ-дағы биылғы өзгерістер мен бескүндік білім беру жүйесіне көшу, оқушыларға бірыңғай мектеп формасын енгізу мәселелеріне жеке-жеке тоқталды.
Қаланың бас педагогының айтуынша, облыс орталығындағы мектеп жасына дейінгі мекемелер 2-5 жастағы балаларды қабылдайды, екі жастағы сәбилерге арналған ясли топтары тек кейбір жеке балабақшаларда ғана қарастырылған. Балабақшаға орналастыру мемлекеттік қызметтің бір түрі болғандықтан, бұл департамент тарапынан үнемі қадағаланып отырады екен. Отбасы жағдайымен көшкен кезде бір баланың 3-4 жерде кезекке қойылған фактілері болыпты. Тексеру кезінде әр мекемеден 5-10 бос орын анықталған. Бүгінгі таңда балабақша кезегінде алты мың бүлдіршін тұр. Ясли тобына 840 бөбек жазылған. Кезек күтушілердің нақты саны жылда мамыр айында қайта анықталады.
-Маған балабақшалардан бөбектерді бес жасқа толысымен қуып шығу үрдісі түсініксіз. Одан кейін ол балғын алты жасқа дейін шағын орталықта оқып, сосын мектепке барады. Бұл дұрыс емес! 3-6 жас аралығындағы балаларды қабылдайтын шағын орталықтар балабақшалардың баламасы, дәл сондай бағдарламамен жұмыс істейді. Қазір біз бөбектердің бақшада алты жасқа дейін қалуын қатаң қадағалайтын боламыз,- деді Мәдениет Ахметова.
Бөлім басшысы бөбектер мектепке дейінгі мекемелерге тек кезекпен қабылданатындықтан, балабақшаға ешқандай да кіру жарнасы төленбейтінін, балабақша қорына деп ата-аналардан қаражат жинаудың заңсыз екенін тағы да ескертті. Үлкендер тек баланың тамағы үшін ай сайын 13,500 теңгеден басқа ақша төлемеулері керек.
-Әрине, бюджеттен бөлінетін қаржы барлық қажеттіліктерді өтеуге жетпейді. Мысалы, қаладағы білім мекемелеріне 3,5 млрд. теңге қажет десек, ондай соманы ешкім бөлмейді. Егер ата-аналар, білім мекемесінің бұрынғы түлектері өз еріктерімен материалдық көмек жасағылары келсе, олар Қамқоршы кеңесін құрып, әділет басқармасында тіркелулері керек. Бұл кеңестің ата-аналар комитетінен ерекшелігі – комитет тек оқу-әдістемелік көмек қана берсе, кеңестің ақшалай қолдау көрсетуіне болады, тек арнайы есепшот арқылы ғана. Қазір қаладағы екі мектептің өз арнайы есепшоты бар, одан басқа екі қамқоршы кеңес тіркелген, –деп түсіндірді бөлім басшысы.
Баяндамашының сөзіне қарағанда, қаладағы №103, 46, «Рахат» балабақшаларындағы бөбектердің ата-аналарынан кіру жарнасын төлегендері жайында арыз түскен көрінеді. Директорлардың барлығына сөгіс жарияланыпты. Мәдениет Ахметова сәуір айының соңына дейін барлық білім беру мекемелерінде қамқоршы кеңестері құрылып, оқу жылының аяғына дейін ережесі бекітілетінін жеткізді.
Бөбектерді ата-аналардан қабылдап алатын тәрбиешілер мен күтушілер болғандықтан, көптеген лақап әңгімелер осы қызметкерлерден тарайтынын жасырмады бөлім басшысы. Алдағы уақытта әрбір білім мекемесі қызметкерлері арасында тамақтану, жаңа форманы енгізу және басқа да барлық мәселелерге қатысты жаппай оқытуды жүргізуге тиіс болады.
Өскемендік түлектер өмірлеріндегі ең маңызды емтихан –ҰБТ-ны биыл республика көлемінде алғашқылардың бірі болып электронды түрде тапсыратын болады. Ол үшін Достық үйінің бұрынғы ғимаратында аймақтық тест орталығы жабдықталмақ.
Түлектердің 54 пайызы компьютерлік тестілеуден өтуге ниет білдіріпті. Олар мамыр айы бойынша алдымен сынама тестілеуден өтеді. Мәдениет Ахметова биыл ҰБТ-ның қорытындысы бойынша 88 балл жинау туралы меже белгілегендерін айтты. Білім беру бөлімі «Алтын белгіден» үміткерлер мен жақсы оқитындарды ерекше назарларына алған. Үздік оқушылар өздерінің білімдерін дәлелдеп шығулары қажет, олар үшін кіші академия қызметі де ұйымдастырылыпты, яғни, арнайы дайындықтардан өтіп, тренингтерге қатысқан. Биыл ҰБТ-ның қорытындысы бойынша 50 балл жинай алмай қалғандарға қайта тестілеуден өтуге рұқсат берілмек. Алайда олар екінші рет жинаған балдары жоғары болса да, тек коммерциялық бөлімдерге ғана түсе алатын болады.
Бескүндік оқу жүйесіне көшу мәселесіне келгенде, бөлім басшысы әлі ешқандай да нормативті құжаттардың қабылданбағанын алға тартты. Биылғы оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады.
Соңғы кезде көп айтылып жүрген жаңа мектеп формасы да түбегейлі шешілмепті.
-Әзірге тек ұсыныстар ғана түсіп жатыр. Біз өз тарапымыздан, барлық білім мекемелерінде бірінші сынып оқушылары бір түсті киім тисе деген ойымызды білдіреміз. Бұл жыл көлемінде оқушы басқа білім ошағына ауысып жатса, өте тиімді болар еді. Киімнің фосанын, түрін, қандай матадан тігетінін ата-аналардың өздері шешеуге тиіс. Бір ғана талап – отандық өндірушілерге тапсырыс беру керек. Дегенмен киімнің табиғи матадан тігілуі қажет деген талап та бар сияқты, – дейді бөлім басшысы.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button