Ол қандай бала болған?

Балғын шағында жеңгелері «Кішкенем» деп еркелетіпті

 Балғын шағында  жеңгелері «Кішкенем» деп еркелетіпті

Әдебиетсүйер оқырманның Қалихан Ысқақтың шоқтығы биік туындыларын тамсана оқып келе жатқанына жарты ғасыр болыпты. Қаламгердің тұңғыш повесі «Қоңыр күз еді» 1963 жылы жарияланған болатын. Аталған шығарма жазушының Алтайдың бауырында қалған балалығының, алғашқы сезімдерінің көркем жыры. Бүгінде жұртшылықтың жазушы шеберханасына «тағы қандай тың туынды ұсынады?» деп алаң көңілмен күтіп отыруы дағдыға айналған.
Қалихан ағамыздың «Дос хикаясы» (1963), «Менің ағаларым» (1965) повестер мен әңгімелер жинағы, «Тұйық» (1975), «Қара орман» (1980), «Ақсу – жер жаннаты» (1989) романдары, «Сарша тамыз» (1968), «Ұшы қиырсыз жол» (1969), «Қараша қаздар қайтқанда» (1985) пьесалары жалпақ жұртқа танымал. Бірқатар шығармалары шет тілдеріне аударылды. Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, П.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары атанған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалады.

Ең бастысы, жазушы өзін құндақтап, әлдилеген Алтайын ардақтап, туған жерінің тұмса болмысын тебіреніспен көркем шығармаға айналдырды. Төр Алтайдың табиғаты – жазушының табиғаты. Қаламгердің қабырғалы ел-жұртымен қуанышы да, қайғысы да ортақ. Соңғы жылдар ширегінде жазушы туған ауылы Топқайыңда ата шаңырағын қайта көтеріп, жаз бойы туған өлкесінің саумал ауасымен тыныстап, аунап-қунап қайтады. Жуырда Топқайыңдағы жазушының туып-өскен үйінде болып, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасына айналған Қалихан ағамыздың алыста қалған балалық шағына саяхаттап қайттық.

Сайлаухан ҚАБАТАЙҰЛЫ, жазушының жиені:

Мұғалімі мектепке көтеріп апарады екен

– Мен – Қалиханның жиенімін. Өйткені, Қалиханды қырқынан шықпай жатып, нағашыларымыз бауырына басып алыпты. Сондықтан, ол мені – жиен, шешемізді – апай деп атайды. Шешеміз үш апалы-сіңлілі: Нұрзағила, Қырмызы және Зағи. Зағидан Қалихан, мен және Руза туамыз. Бірақ, Қалихан бізді туғанымыз деп есептемейді. Тіпті, әлі күнге мойындамайды. Ол 1935 жылы 14 наурызда Топқайыңнан екі шақырым жерде орын тепкен Ысқақ көңі деген жерде дүниеге келіпті. Бұл жерді Қалиханның 70 жасқа толған мерейтойында аудан әкімшілігі сыйға тартты. Қазір менің атымда, шабындыққа пайдаланып отырмыз.

Атасы Ысқақта екі айғыр үйір жылқы болыпты. Кеңес өкіметі орнап, нағашымызды бай ретінде кәмпескелеуге айналғанда, қызы Зағиды комсомол ұйымының мүшесі әрі кедей Қабатай деген батырақ жігітке тұрмысқа беріпті де, мал-мүлікті теңге бөлгенде кедей болып шыға келген екен. Сөйтіп, Ысқақ өз жылқысына өзі жылқышы болып, артек шаруашылығында жүріп, отызыншы жылдардың ортасынан ауа қайтыс болады. Қалихан ол кезде кішкентай. Шешесі Күләш өте ақылды, беделді кісі еді. Қалихан Күләштің тәрбиесімен өсті. Туған шешеміз Күләштің тұңғышы іспетті болған. Қалихан алты жасында оқуға барыпты. Нұрбаш есімді мұғалімі мектепке көтеріп апарып, көтеріп әкеледі екен. О кезде мектеп пен үйдің арасы ашық болатын. Нұрбаш бертінде қайтыс болды. Қалихан сабақты өте зейінді оқыған. Топқайыңнан жеті жылдықты бітірген соң Жұлдыз (қазіргі Үлкен Нарын) мектеп-интернатында оқыды. Интернаттан онжылдықты бітірген соң үйдегі екі сиырдың бірін сатып, Асылбек Исабаев деген мұғалімінің көмегімен Алматыға оқуға кетті. Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, үшінші курсты бітіргеннен кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасып, тілші болып жұмыс істеді.

Интернаттан жаяу келетін

Жалпы, Қалихан жұмысқа кішкентай кезінен бастап араласты. Өйткені, үйде шаруашылықпен айналысатын ешкім болмады. Түске дейін сабақ оқыса, түстен кейін шөп шауып, қол шанамен отын тасыды. Мені кішкене кезімде жанына ертіп алатын. Қарамай деген жерде шөп шабады. Бізді бұталардың арасына отырғызып қояды. Шыбынға таланып отырамыз. Бір битон көжеміз бар. Әлгі көжені ішіп алған соң бұта-бұтаның арасымен үйге қашып кететінмін. Алайда, қуаламайды. Қуаласа, ертеңінде бармай қоятынымды біледі. Алдап-сулап ертеңінде тағы ертеді. Көже ішкенше отырамын да, көже таусылған соң тағы қашып кетемін. Айдалада зерікпеу үшін ертіп алады ғой. Әйтпесе, жұмыс істеуге мүлде жарамайтын тым кішкентай едім.

Отын кесіп, шөп шауып жүргенде Қалиханның 10-12 жасар кезі болатын. 5-6 сыныпта оқиды. Еңбекке жарамсыз балғын кезінде күпәнаға салған екен. Шөпті күпәнаға салып, отаудың түбіне апарады. Отаушылар үйеді. Ол кезде қайдағы жылқы? Өгізбен, сиырмен тасиды. Дүкенбай, Зағила деген ересек қыз-жігіттер шөпті салып береді екен. Одан кейін шөп шапты. Егін оратын лабарейка алғаш шыққанда, оған бірінші мінген адамдардың бірі – осы Қалихан. Бозжігіт деген ақсақал бізбен көрші болды. Ол да осы әңгімені айтып отыратын. Өзі құралпылармен бірге алғашқы құрылған серіктестікте ала жаздай жұмыс істеді. Интернатқа барғанда да қара жұмыстан құтылған жоқ. Өйткені, интернаттың қыстай жағатын отындарын оқушылар өздері дайындайтын. Ол кезде интернат мал ұстаған. Интернат малына қажетті шөпті де оқушылар шапты. Мектепке жөндеу жүргізетін де оқушылар болды.

Қыстыгүні ауылға келетін. Интернатта жасы ең кішісі Қалихан болды. Жұлдыздан Топқайыңға жаяу келіп, жаяу қайтып жүріпті. Майемердің бер жағындағы бұрылыста Жарылқан деген жігіт тұрды. Соған жеткенде бір демалып алады. Олар шайын беріп, Қалихан қайта жолға шыққанда қойнына жарты бәтер салып жібереді екен. Жұқа нанды ақырындап қаужап отырып ауылға жетеді.

Қасқыр қамаған түн

1937 жылдары Ысқақты «халық жауы» атап, балаларын байдың тұқымы ретінде қудалайды. Сонда Балғындыға барған кезі болыпты. Онда тіпті сәби шағы екен. Тонға орап алыпты. Бірақ, Күләштің ағайын-туғандары пана іздеп барған Қалихандарды «пәлеге ұрынамыз» деп үйіне кіргізбей қойған. Содан түн ішінде қайта қайтады. «Қытай жолы» атты бөктерге тура жол болатын. Бықия деген кемпір бар еді. Өзі Күләштің сіңлісі болып келеді. Бертінде қайтыс болды. Сол Бықия Қалиханды қол шанаға салып алып, сүйреп келе жатқанда қасқыр ұлып, топ қасқыр қамайды. Бықия егістік жанындағы бір отау сабанға келіп, біржола өртеп жібермей, таң атқанша шетінен жағып отырыпты. Ол кезде Бықияның жастау шағы. Екеуінің де суішкілігі бар ғой. «Сөйтіп, Қалихан екеуміз бір ажалдан қалдық емес пе?! Отау болмағанда ендігі бұл арада өзіміз де, көріміз де жоқ болушы еді» деп Бықия кемпір бертінге дейін айтып отыратын.
Университетте оқып жүрген кезінде де, демалыс алысымен ауылға келіп, әпкелеріне болысатын. Нұрзағилә, Қырмызы екеуі де тұрмысқа шыққан. Шешеміздің қолында Қалихан қалды. Шешеміз кіре тарту, ағаш кесу, егін салу сияқты шаруалармен айналысты да, үйдің жұмысы Қалиханның мойнында болды. Ол интернатқа кеткенде бұл жұмыстар менің еншіме тиді. 2 сыныпта оқып жүргенімде жұмыс бастадым, содан әлі тырбыңдап келе жатырмыз.
Еліктен қорыққан кездер…

Бұл үй алғашқы колхоздастыру, коллективтендіру кезінде бой көтерді. Кейін қоржын үй аталатын шатырсыз дөңгелек қос үй салынды. Төргі бөлме – Ысқақтың бөлмесі. Алдыңғы бөлмені әкеміз салыпты. 1956 жылы үйді қайтадан көтеріп, екі бөлме қостым. Үлкендер бұл үйді «Ысқақтың үйі» дейді. Өйткені, менің әкем күшік күйеу болып осы үйге, Ысқақтың қолына кірген. Әкеміздің аты аталмай қалуының себебі – осы. Мен 1940 жылы 20-желтоқсанда дүниеге келдім. 1941 жылы соғыс басталғанда майданға алғашқылардың бірі болып кетті. Әкемнен жеті айлығымда қалыппын. Ол бірден Сталинград майданына кірген де, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Көп қырғынның ішінде ажал тапты деп ойлаймыз.

Мен бірде Қалиханға: «Ел әлі күнге дейін «Ысқақтың үйіне барамыз» дейді. Осы үйді қайтадан көтерген мен едім. Сен «Ысқақтың үйін» өзің салып, қайтадан көтерсеңші» деп қалжыңдағанмын. Осы сөзімнен кейін: «Сен мені қуалай бастадың ғой» деп күлген. Содан ауыл шетінен төрт бөлмелі үй салдырды. Жылда келіп, осы үйде аунап-қунап жатады. Биыл екі аяқтан ауырып, келе алмай жатыр.

Қалиханды шешесі Қалихан деп өз атымен атайтын. Ал Жарылғастағы жеңгелерінің барлығы «Кішкенем» деп еркелетуші еді. Қалиханның Ерғали деген досы бар. Ол да 1935 жылы туған. Бала балалығын істейді ғой. Барлығы түнде жеміс-жидек ұрлайды. Қалиханға тиіспейді. Басқаларын ұрып, бақыртып, мектепке дейін сүйрелейді. Қалихан «Мен шешемнің арқасында өте ерке болдым» деп отырады. Шешесі Күләш ұрыспай-соқпай-ақ түзу жолға салып қояды екен. Ол кісі сал ауруымен ауырды. Ұзақ күн төсекте жатады. Қалихан интернаттан келгенде қаптама қағазы жоқ домалақ кәмпитті жастығының астынан беріп отыратын. Мұны менің көзім шалып қалады. Бала емеспін бе, жалақтап тұрамын. «Әй, сілекейің құрып кетті ғой» деп қалғандарын маған беретін.

Қарамайда елік қалың. Бірде шөп шауып жүргенде елік үрді. «Әне, аю келеді» деді Қалихан. «Шыққалы тұрған көз еді» дегендей, онсыз да қорқып отырған мен бірден зыттым. Қалихан «Әу, аю емес, елік» деп айғайлады. Елікке қарап тұрған мен бе? Үйге келе салып, «бізге аю тиісті» деймін. «Қарамайда қайдағы аю? Байлап қойған аю болмаса, онда аю жоқ. Қалихан сені қорқытқан ғой» деді Күләш апамыз күліп. Мен екінші сынып оқып жүргенімде Күләш апамыз қайтыс болды.

Қалихан алғашқы әңгімелерін оқу бітірген соң жаза бастады. Бірінші шығармасы – «Қоңыр күз еді». Өзінің айтуынша, прототиптерінің барлығы өмірде бар, көпшілігі Жұлдыздағы интернатта бірге болған адамдар. Кезінде «Менің ағаларым», «Менің інілерім» деген шығармалары шықты. Ағалары да, інілері де осы жерде. Бірі басқарма төрағасы, бірі бригадир болған адамдар. Солардың көзқарасы, өмірі, мінез-құлқы суреттеледі. Есімдерін өз атымен жазғаны да, өзгерткендері де бар. Мысалы, «Ақсу – жер жаннаты» шығармасындағы Ерғали деген кейіпкер өзінің Ерғали Ақшамбаев деген жолдасы. Ерғали мені көргенде: «Алла-ау, мен өмірімде орыс әйел алған жоқ едім. Мені қайдағы орысқа теліп қойды? Өзін көрсем бір боқтайыншы» дейтін. Кейін: «Досыңды боқтай алдың ба?» деп сұрасам, «Екеуміз құлын-тайдай бірге өскенбіз. Бірақ, арамыз жер мен көктей болып кетті. Оны қайдан боқтайсың?» дейді. Қиюбай, Айдархан деген құрдастары болды. Екеуі де қайтыс болды. Қиюбай айтып отыратын: «Менің жаман жақтарымды жазады екен деуші едім. Өйткені, бала кезімізде шекісіп те қалатынбыз, төбелесіп те алатынбыз. Бірақ мені жақсы кейіпкер ретінде жазыпты. Көргенімде рақметімді айтамын» деп жүргенде жастай қайтыс болып кетті. Веттехник болып жақсы қызмет атқарды. Бұл шығармалар алғашқыда жұқа кітапшалар болып шығып, кейін жинақтарына енді.

«Қызық оқиғаларыңды маған айтып қой, – дейді маған кейде. – Барлық жазушылар мемуарлық шығармалар жазып жатыр. Мемуарлық шығарма жазайын десем, басымнан өткен оқиғалардың кейбірін ұмытып қалыппын». Қалихан жұмыс бабымен қолы тимей ауылға сирек келетін. Соңғы он жыл шамасында жыл сайын жазда елде болады. Мамыр айының соңында келіп, қазан айының орта шенінде кетеді. Ақсуға, Рахман қайнарына барады. Жайлауға шығады. Бірақ, осында түк жазбайды. «Қашан жазасың?» деп сұраймын. «Мұнда жүруім керек, елмен араласуым керек, ойымды түйіп, қыста не бітіремін, қыс бойы жазамын» дейді. Осылайша, соңғы жылдары жазған шығармалары «Жұлдыз» журналына жарияланып жүр.

Бірде Әкім Тарази: «Бәрін жазып жатырсың, осы Сайлаухан туралы неге жазбайсың?» деп сұрады. «Ой, бұлар бала емес пе?!» деді. Біздің үйде көк сиыр бар еді. Мен туралы «Көк сиыр мөңірегенде айғайлап Сайлаухан шыға келеді» деп бір-ақ рет жазды. «Мені қойшы, шешелерің, апайларың туралы неге жазбайсың?» деп мен де тақымдаймын. «Зағи туралы жазамын» деді. Бір-екі шығармасында келтіргенімен, көп жазған жоқ.
Қалиханды сыншылар «Алғашқы натуралист» деп атады. Мектептің мұғалімдерін жоққа шығарды деп сынағандар да болды. Зейнолла Қабдолов жазушы ретінде әділ бағалап, алғаш рет дұрыс баға берді. Қалған әдебиетшілер Зекеңді қостады.

Балқарағай сатып күнелтті

Ауылға келгенінде ақсақалдарға шөп шабысып, әңгімелесіп, жердің, елдің тарихын жинап жүреді. «Бұқтырма сарыны», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» шығармаларындағы оқиғалардың барлығы осында болған.
Әдебиетке қызығушылығы интернатта басталды. Қалиханды әдебиетке, журналистикаға баулыған алғашқы ұстазы – Асылбек Исабаев. Ол интернатта тәрбиеші болды және жағрафия мен тарихтан сабақ берді. «Сен оқуға міндетті түрде түсесің» деп өзінің жарты ақшасын беріп, интернаттан жолына қаржы бөлгізген екен. Ол туралы «Біздің Асағаң» деген эссе жазды. Мектепте жүргенде қабырға газетін шығарыпты. Мұғалімі осы қабілетін көріп, әдебиетке бағыттаған екен.

Демалысқа келген кезінде Нұрзағила тәтесімен Шабанбайда балқарағай теріп, Катонқарағайдың базарына апарып сатып, соның ақшасымен күнелтетін. Ол кезде еңбеккүннің орнына бір пұт астық береді. Астықты сататын емес, өзің жейсің. Өкімет бір-екі сиыр, бес қой асырауға рұқсат берген. Одан артық мал ұстатпайды. Осылайша, өзін-өзі қаржыландырып, оқытты.

Біздің әулетте бәріміз әдебиетке бейім болдық. Мен ҚазМУ-ды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Қалихан «Қазақстан пионері» мен «Балдырған» журналынан орын тауып, мені Алматыға алып қалмақшы болды. Алайда, ауылда шешем жалғыз қалған еді. Қалихан шешемізді алып келді. Ол кісі: «Алматыда жерсінсем, тұрамын, жерсінбесем, қайтып келемін» деген шартпен келді. «Бірақ сені ұстамаймын, Алматыға жіберемін» деді маған. Қалада бір ай тұрғаннан кейін қоңырау шалып: «Мен мына тірі түрмеде тұра алмаймын. Маған еркіндік керек. Өлсем, Топқайыңда өлемін» деді. Не керек, шешемді ауылға алып келдім. Қартайып қалған кісіні қайтып тастап кетесің? Мен осылай ауылда қалдым. Екі жыл қатардағы мұғалім, 25 жыл оқу меңгерушісі болдым.
Қазір Айғаным атты немерем жап-жақсы өлең жазады. 7 сыныпта оқиды. Биыл жас тілшілердің жиынына Астанаға шақырды. Бірақ, мұғалімі ауырып қалған соң, бара алмады. Алғыс хат пен сыйлықтарын беріп жіберіпті. Ұлым Айдын қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Өскеменде оқыды. Ол өлең жазатын. Жоғары оқу орнына түскен соң жазбай кетті. Мұғалімдік жұмыс жазуға мұрша бере бермейді. Мұны өз басымнан өткерген соң білемін.

Ерғали АҚШАМБАЕВ, жазушының досы:

Торы жорғаның қызығы

– Бірде Қалиханның көршісі Түрленбайдың бақшасында ерте көктейтін сарымсақ өсіп тұрғанын байқадық. Кешке қайтсек те содан дәм татуды ұйғарып, жоспар құрдық. Қараңғы түсісімен бақшаға су жіберетін шарбақтың астынан кіріп, сарымсақтан тойғанымызша жеп, аздап жұлып алып, кірген ізімізбен қайта шығып кеттік. Ертеңінде үй иесі Кәмәрия мектепке келіп, Қалихан екеуімізді бақшасына алып келді. «Қалай кіргендеріңді көрсетсеңдер болды» деді. Қалиханнан нәзіктеу мен көрсетпекші болып, шарбақтың астына басымды сұға беріп едім, арқамнан шыбық сарт еткені. Сөйтсек, қай жерден кіргенімізді алдын ала біліп, шыбығын дайындап қойған екен. Екеуміз үшін мен арқамды көкала қойдай ғып таяқ жеп шықтым.

Қоңқай тауының шығысындағы Кеңаралда Қалиханның он күпәна шөбі бар екен. Енді бірде соны бір жерге жинап, отауға үю керек болды. Ат жоқ, өгіз бермеді. Түнде ат тауып, мініп барып жинауға келістік. Түнде колхоз бастығының торы жорғасын ұстап алып, күндіз дайындап қойған әбзелдерін кигізіп, күпәналарды бір жерге жинадық. Балалығымыз ұстап кетіп, Торжорғаға мініп, бір-бірлеп жорғалатып көрмек болдық. Қызығына түсіп кетіп, таң сызғанша жорғалата беріппіз. Ауылға келіп, атты қоя бердік. Өзіміз ұйқыға кеттік. Таңертең мектепке кетіп бара жатып, колхоз конторының алдында веттехниктің жорғаның о жағына бір, бұ жағына бір шығып, қарап жүргенін байқадық. Сөйтсек, колхоз бастығы Қали «атым ауырып, терлеп тұр» деп веттехникті шақыртып алып, тексертіп жүр екен.
Ала жаздай Ақтасты деген жерде шөп шауып, қысқы мал азығын дайындаймыз. Ортада үлкен Бұқтырма өзені бар. Одан атпен ғана өтуге болады. Онда да су қайтқан кезде, күзге салым ғана өте аласыз. Бір жылы шөпте жүргенімізге айдан асып кетті. Күн ашық болып, үйге қайтармады. Әбден киіміміз тозып, денемізді күс басып кеткен соң қашпақшы болдық. Үш бала: Қалихан, Мырзахан және мен түнде ел ұйқыға кеткен кезде қостан шығып, өзенге келдік. Үлкендер: «Су қайтып, үзеңгіліктен келді» деп айтып отырғанын естігенбіз. Қорықтық, қорықсақ та суға түстік. Көйлегімізді бір-біріне байлап, сол көйлек арқылы бір-бірімізбен ұстастық. Алда – Мырзахан. Ол бізден денелі болатын. Бірде ағып, бірде кешіп, әйтеуір өзеннен өттік. Түскен жерімізден бір шақырымнан астам жерден шығыппыз. Ертеңінде үйден де, колхоз басқармасынан да сазайымызды тарттық.

Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Бала кезім есіме орала береді

«Қартайғанда адам бала кезін, жастық шағын қатты сағынады екен. Мен үш жасымнан бастап болған оқиғалардың бәрін білемін. Үш жасымда әпкем «Халық жауы» болып, айдалып кетті. Сол оқиға күні бүгінгідей көз алдымда. Әкемді көрмедім. Әкем бір жасымда түнімен жылқы күзетіп келіп, таңертең мені бауырына алып ұйықтап жатқанында ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Он төртке келгенде шешеміз қайтты. Содан мені әпкелерім жетілдірді. Атадан жалғыз болғандықтан, мені аяқтандыруға олар жалғыз көйлегін сатса да барын салды. Бала кезім есіме орала беретіні сондықтан».

Думан Анаш

Back to top button